Тіркелмеген «Атажұрт еріктілер» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің адвокаты «араздық қоздыру» бойынша айыпталып, үйқамақта отырған белсенді Серікжан Біләшқа «қысым» жасалғанын мәлімдеді. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары «қысым» жайлы естімегенін айтты. Құқық қорғаушылар Астананы Біләшті босатуға шақырды. Алайда желі арқылы «мәжбүрлі түрде бейне түсіріп, қағаздарға қол қойғызды» деп қысым жасалған ер адамның аудио жазбасы тарады. «Ата жұрт» еріктілер ұйымының мүшелерінің айтуынша, бұл Серікжан Біләштің даусы. Бұл туралы толығырақ Азаттық тілшілері таратты.
Наурыздың 12-і әлеуметтік желіде Серікжан Біләштің видео үндеуі жаряланған болатын. Ол бейнеде Серікжан өзіне қысым көрсетілмегендігін айтты. Сонымен қатар, Қазақстанда сот «экстремистік ұйым» деп танып, тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының шетелде тұратын жетекшісі Мұхтар Әблязовті «арандатушысың» деп атап, оралмандарды «наурыздың 22-інде шеруге шығуға шақырған үндеуге ермеуге» шақырады.
«Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарова үйқамақта отырған белсендіге «қысым» жасалғаны туралы өзінің жеке пақшасында мәлімдеген болатын.
Наурыздың 14-і күні «Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілі Ербол Дәулетбекұлы Азаттыққа ұсынған аудиожазбада өзін «Серікжан Біләшпін» деп таныстырған, сөзі үйқамақта отырған белсендінің дауысына ұқсайтын адам бұл мәлімдемесін наурыздың 13-і күні сағат 23:21 кезінде жазғанын айтады.
Ол өзін Алматыда ұстағандардың арасында болған екі адамның наурыздың 13-і күні түске дейін қазіргі тұрып жатқан Астана қаласындағы жекеменшік үйге келіп, өзін «алдап-арбап, сендіріп, мәжбүрлеп, видеоға түсіргенін» баяндайды.
«Екі-үш видео түсірді. Біріншісінде Әблязовке қарсы сөйле деді… Екінші видеода «Айман Омаровадан бас тартып, мемлекет тағайындаған адвокатты аламын деп айт» деді. Мен мәжбүрлі түрде «Айман Омаровадан бас тартамын» дедім. Олар «Айман Омарова – Әблязовтің адамы» деді. Мен сол екі видеоға да түсуге мәжбүр болдым» дейді ол.
Бұдан кейін өзімен сөйлескен тағы бір адам оған «қылмысымды мойындап, процестік келісімге келемін, істі қысқартуды және жазамды жеңілдетуді сұраймын» деп өтініш жазуға кеңес бергенін айтады.
«Егер осының бәрін істесeң сотқа жеткізбейміз, ал егер сотқа барсаң 10 жылға сотталып кетесің» деп сендіріп, заң баптарын көрсеткен болды. Мен түк түсінген жоқпын. «Осы айтқанды істесең 31 наурызға дейін босатамыз, құқықтарың шектеледі, бірақ түрмеге отырмайсың. Тек бұдан кейін Қытайдағы қазақ мәселесіне араласпаймын, бұл мәселені көтермейін деп жазып бер» деді. Мәжбүрлі түрде осы қағаздарға қол қойдым. Ол қағаздардың кейбіріне бос орын қалдырып, астыңғы жағына қол қойдырып алды. Оны қандай мақсатқа пайдаланатынын білмеймін» дейді аудиода сөйлеген адам.
Ол Мұхтар Әблязовті танымайтынын, оның көпшілікті шеруге шақырған үндеуімен бұрын да келіспегенін айтады. «Шын мәнінде мен Айман Омаровадан ешқашан бас тартпаймын, тағылған айыпты мойындамаймын, ондай қылмыс жасаған жоқпын. Ешқашан ұлтаралық араздық тудыру ниетім болған жоқ, ешкімді «жиһадқа» шақырған емеспін. Жұртқа көшеге шықпа, ереуліге шықпа деп айтып жүргеніме үш-төрт жыл болды. Мен тек елден Қытайда тұтқындалып жатқан туыстары туралы деректер жинап, ақпарат тараттым» дейді ол.
«Атажұрт еріктілері» ұйымы мүшелері жеті минуттық аудионы желіге өздері жарияланғандарын айтады, «сөйлеген адам — Серікжан Біләштің өзі» дейді.
Азаттық тілшілері аудиодағы адам айтқан мекен-жай бойынша Астанадағы үйді іздеп тапты. Айналасында биік қоршауы бар екі қабатты үйдің ауласында бетперде тағып, арнайы жасақ тобы қызметкерлерінің формасына ұқсайтын киім киген бірнеше адам жүр екен.
Олардың бірі журналистердің қай телеарнадан келгенін сұрады. Одан кейін тілшілердің көзінен тасалау жерге кетіп қалды.
Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарова барлық қажетті құжаттары болса да қорғауындағы белсендіге бірден жолыға алмағанын айтады. Ол үйқамақтағы белсендіні мемлекеттік адвокаттың қызметін пайдалануға және «кінәсін мойындауға» мәжбүрлеуі мүмкін деп санайды.
— Оны Астанада ұстауы және тергеуді сол қалада жүргізуінің өзі заңсыз. Тіпті оған айып ретінде тағып отырған барлық іс-әрекет Алматыда жасалған деп санайтын болса, онда тергеу де Алматыда жүргізілуі керек. Оны ұрлап әкетіп, сонда апарды. Енді келіп қоғамның бұл туралы білгенін қаламай отыр, — деді бейсенбіде Түркістан облысында іссапармен жүрген Айман Омарова Азаттыққа.
Адквокат Серікжан Біләштің ісін жүргізетін тергеушімен телефон арқылы сөйлескенін, оның Біләшті «қағаздарға қол қойып, видеоға түсуге мәжбүрлегені» туралы тараған ақпаратты жоққа шығарғанын айтады.
Наурыздың 14-і күні Астанада Серікжан Біләшқа «қысым» жайлы журналистер сұрағына берген жауабында Қазақстан ішкі істер министрі орынбасары Рашид Жақыпов ол туралы естімегенін, «тексеру жүргізілетінін» айтты.
— Егер шынымен қысым жасалған болса, біз заң аясында шара қабылдаймыз. Ақпарат бүгін ғана тарады ғой. Тексереміз, шешім қабылдап, хабарлаймыз, — деді Жақыпов.