13 наурыз күні Жаңаөзенде жұмыссыздар наразылығына келіп жүрген 11 адамды полиция кешкі 21.00 шамасында әлдебір іске куә ретінде шақырып, үйінен алып кеткен, деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Тілшінің мәлімдеуінше, ұсталғандар арасында қарт әйелдер де болған.

Бірнеше күннен бері ондаған адам жұмыссыздық мәселесі бойынша әкімдік алдына келіп, жұмыс талап еткен. Бірақ оларға полиция өкілі келіп наразылықтарының заңсыз екенін айтқан.

Қала тұрғындарының айтуынша, «полиция өкілдері келіп, жиналғандарды, сөйлегендерді әкімдік терезесінен видеоға түсіріп, сол арқылы кім екенін анықтаған».

Олардың айтуынша, полиция «[Әкімдік алдында] не істеп тұрсың? Күн сайын неге онда тұрасың? Митингіге шығып тұрғаныңды білесің бе? Бұл – заңсыз. Енді шықпа, шықсаң жауапқа тартыласың» деген. Наразылар «Біз митингіге шығып тұрған жоқпыз, жұмыс талап етіп келіп тұрмыз. Аштан-аш үйде отыра береміз бе?» деп жауап берген.

Жаңаөзен қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Дайханбаев Азаттық тілшісіне «бөлімшеге әкелінгендермен прокурор сөйлескен соң үйлеріне жіберілетінін» айтқан.

Наразылардың жиналуын полицейлер «заңсыз митинг» деп ескертіп, әңгімелескен соң бір жарым сағаттан кейін үйлеріне жіберген.

 

Пікір қосу