АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Əлем чемпионатында қазақстандық спортшылар тағы екі алтын медаль иеленді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ольга Пастухова қоссайыс бойынша 215 келі салмақты бағындырып (92 келі жұлқи көтеруде жəне 123 келі серпе көтеруде) алтын медаль иеленді. Сонымен бірге, қазақстандық ауыр атлеттердің өнерін Рахат Бекболат керемет аяқтады. 96 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ол қоссайыста 323 келі салмақты көтеріп (144 келі жұлқи көтеруде және 179 келі серпе көтеруде) бірінші орынға ие болды», — делінген хабарламада. Еске сала кетсек, қазіргі уақытта Лас-Вегаста ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Додада ел намысын бес спортшы қорғады. Чемпионаттағы алғашқы медальды Қазақстан құрамасының қоржынына 16 жастағы спортшы Сайрамкез Ақмолда салған еді. Алматы облысының тумасы 61 келіге дейінгі салмақ санатында алтын жүлде жеңіп алды. Одан соң Қазақстан ауыр атлетика федерациясы сайыстың екінші күні 67 келіге дейінгі Сайхан Тайсуев қоссайыста 288 келі көтергенін (127 келі жұлқа көтеруде және 161 келі серпе көтеруде) хабарлады. Әлем чемпионатында қазақстандық ауыр атлет Сәпи Есенгелді ұлттық команда қоржынына тағы бір алтын медаль салған болатын.

 

 

Пікір қосу