Жаңа Үкіметтен не күтеміз? «Нұр Отан» партиясының съезінде берілген «уәделер» ел тұрмысын жақсарта ала ма?

Расул Жұмалы, саясаттанушы: 

 Өркениетті, демократиялық елдерде отставка деген – министрлер кабинетінің түгелдей қызметтен кетуі. Алайда бізде отставка деген аты болмаса, бұрын Үкіметте істеген ескі тұлғалар қайтып келді. Оның үстіне бірқатар министрлер өз лауазымдарын сақтап қалды. Сондықтан Маминнің кабинетін ескі де «жаңа» үкімет деп бағалауға болады. Бірақ жаңа Үкімет келді екен деп елдегі қордаланған мәселелер шешіле кетеді деп айта алмаймын. Себебі, бізде Үкіметтің дербестігі ешқашан болған емес. Олар барлығы тек Президенттің тапсырмасын орындаушылар ғана. Соңғы уақытта экономикалық дағдарыс күшейді, елдің жағдайы қиындай түсті, түрлі әлеуметтік қиындықтар туындады. Бұған көпбалалы аналардың жанайқайы, Жаңаөзендегі қызметкерлердің наразылығы, оның алдында Қарағандыда болған жағдайлар дәлел. Сондықтан жаңа Үкіметтің жасақталуы осы мәселелерге берілген жауап секілді: яғни, «осы мәселелерге Үкімет кінәлі болса, міне, оны отставкаға жібердім» дегендей. Бірақ бұл үйреншікті жағдай. Осыған дейін де Үкімет құрамын талай ауыстырды. Алайда шыққан нәтиже көзге көрінбейді.

Үкімет құрамында бірен-саран жастар, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жігіттер де бар. Алайда олардың өзі ескі гвардияның ойын ережелерін қолдануға мәжбүр. Жас болғанымен басқару жүйесіне келгенде алдыңғы буынның әрекетін, әдіс-тәсілін пайдаланып отырған жағдайы бар. Ал ескі гвардияның өзі билік басынан кетер емес. Қалай болғанда да билікті сақтап қалуға тырысып жатыр. Бұл ретте кадр тапшылығын байқаймыз. Дамыған елдерде қолынан іс келетін, әділетті, сауатты, білімді адамдар бәсекеге түсіп, араларынан озып шыққаны жақсы лауазымдарды иеленіп, халыққа еңбек етеді. Бізде, өкінішке қарай, ондай сұрыптау механизмдері жоқ. Елімізде ешқашан әділ сайлау болған емес. Көбіне астыртын тағайындау, өз адамдарын билікке тарту жүйесі жақсы жұмыс істеп тұр.

Бұрын халық қорқатын. Ашық наразылық білдірсем, «өзіме зияны тиеді», «туыстарыма кедергісі тиіп жүрер», «алған жалақыма шүкір деп отыра берейін» деп ойлайтын. Қазір ондай ойдан да арылып, өз пікірлерін ашық білдіре бастады. Тіпті көшеге шығып, ұрандатуға көшті. Сосын бізде бес-алты жылдай болды оппозиция толыққанды басып, жаншылған. Елімізде саяси оппозиция жоқ деп айтуға болады. Тиісінше билік пен халық арасына дәнекер болатын, байланыстырып тұратын оппозиция болмағандықтан жер-жерде адамдар өздері саяси белсенділік таныта бастады. Оны біреу ұйымдастырып, біреу айдап салып, не үйлестіріп отырған жоқ. Стихиялы түрде өзі бастау алып, қанша жыл бойы іштеріне жиналған жанайқайларын шығаруда. Азаматтар өзара топтасып, бой көрсете бастады. Ипотека алып алданғандар өз алдына, жұмысшылар өз алдына, көпбалалы аналар өз алдына наразылыққа шығып жатыр. Әзірге осылай жеке-жеке белсенділік танытуда. Проблемалар өте көп болғандықтан мұндай наразылық білдірушілер саны күн санап артып келеді. Ауылда жағдай жоқ, жастарда жұмыс жоқ, теңге құнсыздануда, азық-түлік бағасы қымбат, шиеленісті мәселелерді осылай тізе беруге болады. Бірақ билік осыншама түйткілдің тек салдарымен күресуге әдеттеніп алған. Себептерімен күресуге шамасы да жоқ, тәжірибесі де жетпейді және ықыласты да емес. Сол себепті, жеңіл-желпі жаба салуға тырысады. Мәселенің тағы бір қыры, билік өз азаматтарымен ашық сөйлесуге, ортақ мәмілеге келуге дайын емес. Кез келген тосын жағдай болғанда биліктің абдырап қалатынын байқап отырмыз. Өткен жолы Қарағанды мен Астанадағы тосын оқиғалар кезінде қатарынан үш-төрт күн үнсіз жатты. Тек Президент айтқан соң, арада үш-төрт күн өткенде барып бір амалдарға көше бастады. Оның өзінде жарытып ештеңе істемеді. «Әр балаға 20 мың теңге жетеді», «Бала-шағасын тастап неге қаңғып жүр?» деген сияқты ерсі мәлімдемелер жасалып, қоғам биліктен одан әрі жеріп кетті. Үкімет те, Парламент те ешқандай өзгерісті қалап отырған жоқ. Өзгерістер бола қалған күннің өзінде формальды, көзбояушылық сипатта жүргізіледі. Негізгі басымдық – еш нәрсенің өзгермеуі. Билік қазіргі таңда осындай қатаң ұстанымда отыр.

 Сергей Дуванов, құқық қорғаушы: 

 Отыз жыл бойы бір адамның басқаруындағы биліктен не күтуге болады? 

Картинки по запросу Сергей дувановНазарбаев елді әлеуметтік-экономикалық тығырықтан алып шығатын қаһарман басшыларды Үкіметке алып келеді деп ел үш күн бойы кәдімгідей елеңдеп күтті. Және адамдар Президенттің ондай қаһармандарды қайдан тауып алатыны туралы да ойланбады. Оның қоластындағы адамдар бұрын да талай лауазымды қызметтерге тағайындалып, түрлері халыққа әбден танылғандар. Отыз жыл бойы бір адамның басқаруындағы биліктен не күтуге болады? Сонда «патша жақсы да, оның қарамағындағылар ғана жаман ба?». Мәселе Үкіметте емес, мәселе барлығын басқарып отырған қуатты қолда болып тұр.

Дайындаған Арнұр Көбейхан

(«Жұлдыздар отбасы» журналы 2019 жыл №6)

(ЕСКЕТУ: материалды көшіріп басуға тыйым салынады)

 

 

 

Пікір қосу