– Олжабай, Наурыз, «Жұлдыздар отбасы» журналына алғаш рет сұхбат беріп отырсыздар. Сондықтан, алдымен өздеріңіз туралы айта кетсеңіздер. «Бастау» тобы қалай құрылды? Негізін қалаушы кім?
– Ең алдымен, бізден сұхбат алып, бастамамызға қолдау көрсетіп жатқан «Жұлдыздар отбасы» журналының ұжымына алғыс айтамыз. Енді өзіміз туралы айтатын болсақ, мен Ернат – Жезқазғанның, ал Темірлан – Павлодар қаласының тумасы. Қазір екеуміз де Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенттеріміз. Төртінші курсқа аяқ бастық. Осы орайда университетіміздің ректоры Айман Қожабекқызы Мұсаходжаеваға алғысымызды білдіргіміз келеді. Ол кісі біздің оқу мен өнерді қатар алып жүруімізге бар жағдай жасап отыр. Әр байқауымызға бара жатқан кезде батасын беріп, келгенде ақ тілегімен қарсы алып отырады. Ал «Бастау» домбырашылар тобы 2017 жылы маусым айында алғаш рет Димаш Құдайбергеннің «Бастау» атты ән кешінде тұсауы кесілген болатын. Одан бұрын, «I am Singer» жобасында Димаштың «Дайдидауына» сүйемел жасау үшін Темірлан екеуміз Қытайға бардық. Сол жолы қазіргі продюсеріміз Алпамыс Шаримовпен таныстық. Содан соң жұмысымызды бастап кеттік.
– Топты неліктен «Бастау» деп атадыңыздар?
– «Бастау» сөзі кімге болса да түсінікті. Істі бастайық, жұмыстың басы болсын деген мағынаны білдіреді. Алғаш рет тұсауымыз «Астана Аренадағы» 30 000 адамның алдында Димаш Құдайбергеннің «Бастау» ән кешінде кесілгенін жоғарыда айттым. Ол кезде тәжірибеміз, сахнаға деген бабымыз да аздау болатын. Алайда бір жыл ішінде көптеген жетістікке жетіп, еліміздің туын биікте ғана самғату үшін еңбек етіп жатырмыз.
– Естуімізше, топтың қоржынында Темірланның авторлық күйлері бар екен…
– Иә, Темірланның авторлық шығармалары да репертуарымызда бар. Негізі біз көбіне авторлық шығармаларды ойнауға тырысамыз. Әрі қазақтың кез келген күйін білеміз деп сеніммен айта аламыз.
– Димаш Құдайбергеновтің кешіндегі дебюттарыңыздан кейін шетелдік тыңдармандарыңыз да көбейген еді. Олар әлі де сіздерді тыңдай ма? Жанкүйерлермен байланыс жүргізесіздер ме?
Темірлан: – Әрине, мұны шетелдік жанкүйерлеріміз дегеннен гөрі, өнерімізді бағалаушылар десек дұрыс болар. Жақында ғана менің туған күнім болды. Сонда Қырғызстан, Ресей, Франциядан жанкүйерлеріміз видео-тілек жолдады. Өте қатты қуандым. Тіпті, Финляндияда бір үлкен жанкүйер әжеміз бар. Әрдайым әлеуметтік желі арқылы бізбен сөйлесіп тұрады. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Сонымен қатар, біздің өнерімізді бағалап, домбыраның үніне ғашық болған Еуропаның Жасмин атты танымал дизайнері бізбен бірге серіктес болып жұмыс істеуге ниетін білдірді. Бүгінде ол кісі бізді көрмесе де, біз үшін арнайы образдар, коллекцияларын пошта арқылы жіберіп отырады. Жасминнің киімін киіп шығып, бір-екі түсірілімдерде болғанымызды Еуропаның басылымдары да мақала етіп жазды. Бұған өзіміз де таңғалдық. Қасиетті домбыраның үні арқылы шетелдіктермен достығымыз жарасты.
Ернат: – Кейде бізді елімізге қарағанда, шетелде көп танитындай көрінеді. Әлеуметтік желіде де «Бастауфан Түркия», «Бастауфан Қырғызстан» деген секілді белсенді жанкүйерлердің топтары бар.
– Ал еліміздің жастары қаншалықты топтың өнерін бағалайды?
Ернат: – Елімізде де арнайы құрылған жанкүйерлеріміздің топтары бар. Біз әнші немесе актер емес, домбырашылармыз. Мен мысалы, ешқашанда домбырашыларда фан топтар болады деп ойламайтынмын. Бірақ бұл ойым қате екеніне көзім жетті. Астана мен Алматыдағы жанкүйерлеріміз басқа қаладағы тыңдармандарымыздың басын біріктіріп, бірге арнайы тосын сыйлар жасап тұрады. Мереке сайын кездесулер ұйымдастырып, біздің барлық қатысатын кештерімізге белсенді түрде жиналып отырады. Жастардың домбыраға деген осыншама сүйіспеншілігі бізді қуантып, ұлттық өнеріміздің әлі де болашағы нық екеніне сенім ұялатады.
Темірлан: – Тіпті, күні кеше жанкүйеріміз Астана қаласында продюсеріміз Алпамыспен бірге бізге «алдау операциясын» жүргізіп тосын сый жасады. Менің туған күнімде Алпамыс ағамыз бізді «шұғыл түрде бір жерде өнер көрсету керек» деп бір мейрамханаға жіберді. Ешқандай ой жоқ, қолымызға домбырамызды алып, айтқан жерге бардық. Бір кісі бізді күтіп алып, VIP бөлмеге қарай беттеп, «осы жерде тынығып алыңыздар» деді. Бөлмеге кіріп қалсақ, туған күнімді тойлау үшін барлық жерден жиналған жанкүйерлеріміз бізді құрметтеп қарсы алды. Мерекелік торт, бөлменің іші біздің суретке толы. Үлкені-кішісі бірігіп дастарқан жайып қойыпты. Ернатқа қарасам, ол да ештеңеден бейхабар. Бір күліп, бір қуанып қалдық. Шынымен де, осындай жандарсыз біз кімбіз? Өнеріміз кімге керек? Бізді қолдап отыратын барлық жанға мың алғыс!
Украиналық атақты топ Estradarada бірге дуэт жазуға ұсыныс білдірді
– Бейнебаян түсіру ойларыңызда жоқ па?
– Мұны продюсерімізден сұрау керек (күлді). Әрине, бейнебаян түсіру жоспарымызда бар. Қандай композиция және бағыты қалай болатыны туралы әзірге құпия болсын. Бірінші болып сіздермен бөлісуге дайынбыз.
– Шетелдік немесе отандық өнер иелерімен бірге жұмыс істейсіздер ме?
Темірлан: – Біздің өнерімізді қолдап, аға буын өкілдерінің ішінен бірінші болып өнерімізге жоғары бағасын берген Гүлнұр Оразымбетова. Тіпті, Гүлнұр ханыммен және ағамыз Ұшқын Жамалбекпен бірігіп қазақ рухын асқақтататын жаңа ән жаздық.
Ернат: – Түркияда атақты «Bridge TV» арнасының «Need for fest» фестиваліне қатыстық. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл фестивальде қазақтың қара домбырасының үні тұңғыш рет естілді. Әлемдік жұлдыздар Антонио, Faydee, Burak Yeter-лермен бір сахнада өнер көрсеттік. Ресейлік Натан, Нюша, Сосо Павлиашвили және т.б әншілер де болды. Өнерімізге тәнті болған украиналық атақты топ Estradarada бізге бірге дуэт жазуға ұсыныс білдірді. Алдағы уақытта шетелдік музыкадан домбыраның дыбысын естісеңіз «Бастау» деп біліңіз!
– Бұдан бөлек Израиль мемлекетінде өткен халықаралық музыка фестиваліне қатысып бас жүлде иелендіңіздер. Енді осы фестиваль туралы айтып берсеңіздер?
Темірлан: – Бұл фестиваль «World of music» – «Әлем музыкасы» деп аталады. Израиль елінің Иерусалим қаласында алғаш рет ұйымдастырылған байқауға 14 мемлекеттен 80-нен астам өнерпаз қатысты. Ресей, АҚШ, Қытай сынды алып державалардан келген үміткерлерге қарай талантымызды әйгілеп бас жүлдені иелендік.
Ернат: – Байқауға кілең мықтылар қазылық етті. Айталық, Михаил Казиник – «Нобель» комитетінің мүшесі, шведтің танымал скрипкашысы, Вячеслав Ганелин – израильдық атақты импровизатор, Ата-Антонио Светлова – Нью-Йорктегі «Метрополитен операның» солисі, опера әншісі.
Темірлан: – Продюсеріміз Алпамыс Өскенбайұлы Израильден келген соң, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесті. Сол кезде Алпамыс осы жаңалықты Елбасына жеткізген. Ол кісі бұған қатты риза болып, батасын берді. Бұл біз үшін баға жетпес мәртебе!
– Фестивальда қандай күй орындап шықтыңыздар?
– Біз бұл жолы қазақтың күйлерінен шашу шашып Олжас Сүлейменовтің «Еуразия» шығармасын орындадық.
– Шетел азаматтары өнерлеріңізді қалай қабылдады?
– «Екі ғана ішегі бар бұл қандай аспап?» деп, домбыраның тарихын сұрап жатқан шетелдіктер өте көп болды. Гала концертте бізді ең соңғы финалдық номер ретінде қойды. Қалың көрермен орындарынан тұрып, риясыз махаббатпен қол соғып, қошемет көрсеткен кезде көзімізге жас келіп, көңіліміз босады.
– Шетелге жиі сапар шегіп тұрады екенсіздер. Сапар кезіндегі қызықты оқиғалардың біреуін айтып беріңіздерші.
– Топ болып құрылғалы Иран, Израиль, Түркия, Германия, Сингапур, Латвия елдерінде өнер көрсетіп үлгердік. Жүрген жерімізде түрлі қызықтарға тап боламыз. Ұшақпен жүрген кезде домбыраның өзіндік бабы бар, кей авиакомпанияларда домбыраға бір адамның құнын төлеп, «еркелетіп» бір орын алып беретін кездеріміз болады.
– Басқа да аспаптарды меңгергенсіздер ме?
– Толық меңгермесек те, Ернат екеуміз гитара, фортепианода ойнай аламыз. Негізі кез келген аспаптың тілін табуға болады.
– Болашақта басқа да аспаптарды сахнаға алып шығу ойларыңызда бар ма?
– Басқа аспаптарда ойнау немесе ән айту деген ойымызда жоқ. Шетелге не үшін бізді көп шығады деп ойлайсыздар? Себебі, біздің қара домбырамыздың шетелдіктердің жүрегінде орны бар. Оларды өздері ойнай алатын аспаппен таңғалдыру қиын. Ал біздің ұлттық аспабымыз – олар үшін жаңалық, жаңа дүние, жаңа үн! Біздің ұстанымымыз – қазақтың қара домбырасын әлемдік аспап ету.
Бас бет Жаңалықтар «Бастау» дуэті: Кейде ұшақта домбыраға бір адамның құнын төлеп, «еркелетіп» орын алып...