– Сара, сізбен жолыққанымда жүзіне күлкі үйірілген, мінезі ашық, жайдары қыз екеніңізді байқадым. Ал көгілдір экранда өзіңізді өте ұяң, ұстамды, сабырлы ұстайсыз, неге?
– Әдетте адамдармен сөйлескенде үнемі ашықпын, көңілді жүремін. Ал камерада «бір сөзді дұрыс айтпай қаламын ба, сөйлеген сөзім халыққа ұнамай қала ма?» деп қорқатынмын. Топта ән салып жүрген кезде директорымыз Назым біздің аузымыздан шыққан әр сөзімізді қадағалап, абай болуымызды ескертетін. Сол себепті камерада көп сөйлегім келмейді, мінезімді ашып көрсете бермеймін.
Шынымды айтсам, мен «Лашын» тобында жүргенімде бір арнаға сұхбат бердім. Сол жолы сөйлеп тұрып ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Ал телеарна толық сұхбатты емес, тура сол жерді қиып көрсетті. Осыдан соң халық мені дұрыс түсінбей, сынға алды. Кейбірі мені мазақ қылғандай да болды. Тіпті достарым күліп осы видеоны маған қайта-қайта жіберетін. Содан кейін қатты ауырдым. Осы жағдайдан кейін сұхбат беруден қатты қорқып қалғанмын. «Енді ешқашан журналистерге сұхбат бермеймін» деп кейінгі сұхбаттарда мүлдем сөйлемейтін болдым.
– Сіздің алғашқы сахнаға шығып, сұхбат берген жобаларыңызға қарасам өте ашықсыз, белсендісіз, әзілқойсыз. Ал осы төрт жыл ішінде өз-өзіңізбен «жабылып» қалғандай болдыңыз…Қазір енді топтан кеттіңіз, жеке жұмыс істеу қалай екен?
– Жеке жұмыс істеу жақсы. Shine prodaction продюсерлік орталығында тәртіп өте мықты еді. Барлығы тәртіппен, әр нәрсе дәл уақытымен болатын. Осыған үйренгеніме қуанамын. Қазір соның арқасында мен жеке жұмыс істесем де тәртіпті сақтаймын. Одан қалды шығармашылық белсенділігім артты. Өз әнімде өз ойымды айта аламын, репертуарымды да өзім таңдаймын. Топта ән салған кезімде қолыңа берген материалды тек жаттап алуың қажет еді. Ол кезде Бағым Мақсатқызы секілді кәсіби адам бәрін дайындап беретін. Біз тек шайнағанды жұтқандай, әнді ол кісінің айтқаны бойынша орындайтынбыз. Ал қазір бәрін өзім жасаймын. Бұл маған қатты ұнайды.
– Топтан кеткеннен кейін тоғыз айдай сахнаға шықпадыңыз, неге?
– KeshYou тобында өнер көрсетіп жүрген соңғы айларда үлкен стресске ұшырадым. Былай қарасам бәрі жақсы, бірақ өзімді жайсыз сезіндім. Сол уақытта өз-өзімнен моральді түрде ауырдым. Топтан шыққаннан кейін ән айтқым да келген жоқ. Ән айтуды мүлдем қойып кеткім келді. Бірақ менің мамандығым өнерге байланысты. Менің ән айтудан басқа қолымнан ештеңе келмейді. Кішкентай күнімнен өнер адамы боламын деп талпындым. Не істерімді білмей жүрген шақта, маған анам қолдау білдірді. Ол кісі: «Қызым мен саған сенемін, сен әлі өз жолыңды табасың», – деп қолдау білдірді. Қазіргі таңда ол кісі менің продюсерім. Кейбіреулер: «Мына қыз анасының арқасында сахнада жүр» деп айтатын шығар. Мен ол кісілерге: «Иә, мен анамның қолдауымен жүрмін» деп қысылмай, ұялмай айта аламын. Анамнан басқа маған көмектесетін ешкім жоқ. Одан басқа менің кімім бар? Анамның тілегі шығар, өнер жолына келгелі бері маған бір ғайбат сөз айтылған емес, жаман пікірлер де аз. Жеке әншілік жолымды осылай бастадым.
– Қазір анаңыз Гүлнұр Мамасарипова сізге продюсерлік етіп жатыр. Анаңызбен жұмыс істеу жеңілірек болар?
– Жұмыстың аты – жұмыс. Анамның талаптарына жауапкершілікпен қараймын. Бірақ моральді түрде қолдауы мен жылы сөзі күш береді. Ол кісі маған жалақы төлемейді. Сондықтан өзіңнің ақша үшін жүрмегеніңді сезесің. Оның өзі қуаныш. Барлық қаламақы қаржымды анама беремін. Ол кісі бұл қаражатты менің өнеріме жұмсайды.
– «Өзімді жайсыз сезінгендіктен KeshYou тобынан кетттім» дедіңіз. Сонда ортада жайсыз сезінуге не себеп болды? Мүмкін, бұл айналаңыздағы қандай да бір адамдардың ықпалынан болар?
– Топта жүргенде менің кездесіп жүрген жігітім болды. Гастрольдік сапарлар, концерт, той, дайындыққа да күнде уақыт жұмсаймыз. Ал ер азаматтың сүйгенін қызғану орынды ғой. Басында бәріне түсіністікпен қарайтын ол кейін келе төзбеді. Сөйтіп ол кісі: «Егер сен топтан шықсаң біз бірге боламыз. Не сахнаны, не мені таңда», – деп талап қойды. Мен өзіме үміт артқан анамды ойладым, маған сенген Баян Мақсатқызын ойладым. Ол кісілер осы топ үшін қыруар қаржы салды. Біз үшін қаншама тер төгілді. Сүйген адамыма: «Кешір, мен сахнаны таңдаймын демеймін, бірақ мен адамның еңбегін бағалаймын. Өзіме сенім артқан адамдардың көңілін қалдырғым келмейді. Сол себепті мен сахнадан кете алмаймын», – дедім. Сол жағдайға бола біз айырылысып кеттік. Айырылысу маған қатты тиді. Қатты қиналдым. Бұл менің ең алғашқы махаббатым еді. Мүмкін, сол уақыттарда мен ол кісіге деген сезімім артып, тіпті тұрмыс құрғым келіп жүрген болар. «Мен осы топта ән айтып жүргенім үшін өз махаббатымды жоғалтып алдым» деп өз-өзімді кінәлай бастадым. Содан соң өз-өзімді жөнге салып, бұл ойлардан арылуға тырыстым. «Мен әлі жаспын, шығармашылық тұрғыда өсуім керек» деп өзімді жұбаттым. Бірақ әлгі ой мені жеп бітті. Қатты қиналып жүргеннен кейін топтан кетемін деп шештім. Себебі өзімнің әрі қарай жұмыс істей алмайтынымды білдім. Менің жағдайымды көрген продюсерлерім ештеңе деместен жіберді.
– Одан кейін ол кісі сізбен қайта араласпады ма?
– Одан кейін біраз жағдайлар болды. Бірақ біз қосылған жоқпыз. Оның тарапынан біраз қателіктер кетті.
– Қазір топтағы қыздармен қарым-қатынастарыңыз қалай?
– Бәрі жақсы, көргенде сәлеміміз түзу. Бірақ бір жерде кездесіп, сыр бөлісетіндей құрбы бола алмадық. Қыздар тобы болғаннан кейін ұрыс-керіс, түсінбеушіліктер көп болады. Бұл таңғалатын жағдай емес. Тіпті костюмге бола ұрсысып қалатынбыз. Бірақ бір-бірімізді сыйлаймыз, құрметтейміз. Бір топта бірнеше жыл бірге болғандықтан, ол қыздарға деген жылылық менде сақталып қалды.
– Жалпы өзіңіз қыздар арасында достық бар дегенге сенесіз бе?
– Қазір қыздар арасында шын достық жоқ сияқты. Бұрын жігітпен жүру қиын болса, қазір тіпті қыздармен дос болу үлкен проблема. Дос құрбыларыма бола басымнан талай жағдайлар өтті. Мен қазір құрбы тапқым келмейді. Сырымды да, қайғы-қуанышымды да тек отбасыма айтамын. Тек отбасыма сенемін. Адамдарды қатты жаныма жақындатпаймын.
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ