-
Мемлекеттен ақша алып отырған қазақ сайттарының жұмысына көңіліңіз тола ма?
-
Кейбір сайттар «рейтинг үшін» деп маңызы жоқ ақпараттарды жиі жариялайды, бұл шынымен «рейтинг үшін» бе, әлде басқалай себебі бар ма?
Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ,
қоғам белсендісі, журналист: Мемлекеттен тендер алған сайттар биліктің сөзімен жүреді
1. Соңғы үш-төрт жылда көптеген сайттар ашылды. Негізі, мемлекеттік сайттардың жұмысының басты мақсаты ─ биліктің жүргізіп отырған саясатын халыққа түсіндіру. Мысалы, ақпарат саласына арнайы қаржы бөлініп, тендер беріледі. Ол тендерді ұту үшін көптеген ақпарат құралдары қатысады. Алайда, бізде тендер деген аты ғана бар. Ол заң жүзінде өткізілгенімен, иегері алдын ала белгіленіп қояды. Ал осылайша тендерді алған сайттар, әрине, биліктің сөзімен жүреді. Яғни, сайттар 99% биліктің саясатын түсіндіру ісін жүргізеді. Мысалы, жер мәселесіне байланысты шыққан ереуілде мемлекеттік бірде-бір газет, арналар, осы интернет сайттар объективті түрде ақпарат таратпады. «Жер шетелдіктерге сатылмасын!» деп ереуілге шыққан адамдардың пікірін мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары көрсетпеді. Яғни, мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған сайттар биліктің сөзін сөйлеп, сойылын соғады.
2. Қазақтілді сайттарда әртүрлі тақырыптар қозғалады. Иә, маңызы жоқ ақпараттар да өте көп. Меніңше, бұны саяси астар емес, рейтинг қуу дегеніміз дұрыс болар. Яғни, сайттың оқылымын жоғарылату үшін осындай жеңіл ақпараттар таратады.
Расұл ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
Интернет порталдарда қауесет әңгімелер таратудың саяси астары бар
1. Қазір тек мемлекеттік емес, жалпы интернет сайттарымыздың сапасы төмен. Олардың таратып отырған ақпараты сенімсіздеу. Мемлекетке қарасты сайттардың нақты, дәлелге сүйенген ақпараттар таратпауы жауапкершіліктің жоқтығы деп есептеймін. Яғни, мемлекет тарапынан бас-аяғы жоқ, көп мөлшерде қаражат бөлініп, игеруге беріледі. Олар болса жеңіл келген ақшаны, әйтеуір, бір бағдарламалар ашып жұмсап жатыр. Ал берілген ақшаның, әрине, сұрауы болады. Алайда, ол сайттардың құрылтайшылары жоғарыда отырған өз таныстарымен ақшаны бөлісіп, «қағаз жүзінде» істі орындадық деп есеп беріп қана құтылады. Ал іс жүзінде ешқандай жұмыс бітірмейді.
Жалпы сайттардың сапасының төмен болуы бәсекенің жоқтығы. Қоғам үшін маңызды, дәлелді, ақиқатты айқын айтатын, ізденіске толы ұжымдар, сайттар көбею керек. Яғни, «жақсы өнім шығарсаң, қаражат аласың» десе, қаражат үшін күрес туындап, сапа да артар еді. Ал мемлекетке қарасты сайттарға қаражат келіп тұр. Оларға халық ақпаратты оқима, сене ме, сенбей ме маңызды емес. Ең бастысы, жалақылары түсіп тұрғандықтан, сапасына салғырттықпен қарайды.
Ал интернет порталдарда қауесет әңгімелердің, мәдениет адамдарының өмірлері секілді ақпараттардың көп таратуының да саяси астары бар. Бұл халықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерден назарын аудару үшін істеліп жатқан әрекет. Кез келген телеарналарды да қосып қалсаңыз толған телехикаялар, әзіл-ысқақ бағдарламалар. Ал экономикалық, әлеуметтік ақпараттар жайлы сөз қозғалмайды. Айтылғанымен, нақты, толық ақпараттар берілмейді. Тиісінше, біздің халық та соған үйреніп қалған. Елде алыпқашпа әңгімелерді, жаңалықтарды оқуға, іздеуге бейім.
Меніңше, бұл үлкен ағаттық. Әрине, қоғамның саяси мәселелер бойынша сұрақтары туындамай, өз өмірлерімен өмір сүргені жақсы шығар. Алайда ұзақ мерзім көкжиегімен қарасаңыз, халықтың саяси мәселелер бойынша сауатсыз болуы, ықтиярлық көрсетпеуі қоғам үшін, мемлекет, тіпті биліктің өзі үшін де қауіпті. Себебі халық тек сауық-сайранды ойлай берсе, патриоттық, ұлтшылдық, біртұтас болу деген қасиеттерді ұмыта бастайды. Халық қоғамдық белсенділік танытпаса, ертеңгі күні мемлекетте қиын сәттер туындағанда, шынымен де мемлекет пен билікке көмек қажет болғанда, ұйқылы қоғамды қалай оятамыз?! Оларды қалай пайдаланады? Үнсіз, мәз-мейрам болып отырған халыққа мен күмәнмен қараймын. Саясаттан сауатсыз халықтың дағдарыс кезінде қай жаққа бет бұрып кететіндігін білмейміз. Мұндайда биліктің өзіне де таяқтың бір ұшы тиеді. Егер қазірден бастап бұл мәселені қолға алмасақ, еліміз үшін өте қауіпті дүние.
2. Иә, халықтың осындай жеңіл, қоғам үшін маңыздылығы төмен ақпараттарға әуес екендігі рас. Сәйкесінше, сайттар осындай жаңалықтарды таратып, рейтингтерін көтеруге тырысады. Енді оларды да түсінуге болады. Осы рейтинг арқылы өз қаражаттарын тауып, жұмыстары алға жылжып отыр. Бұны шетелде «сары пресса» деп атайды. Еуропада да кезінде «сары прессалар» өте көп болған. Алайда, бәсекелестіктің нәтижесінде олар «сары прессаның» санын азайта алды. Қазіргі таңда Еуропада 90% ақпарат құралдары маңызды жаңалықтар таратады. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бізге де бесекелестік қажет. Егер ақпарат құралдары маңызды ақпарат тарата бастаса, сәйкесінше халықтың да көзқарасы өзгереді. «Маған шынымен не керек?», «неге жағдайым нашар?» деп өзінің, болашақ ұрпағының жағдайын ойлай бастайды. Түптің-түбінде ең бастысы билік, бұқаралық ақпарат құралдары, халық та жауапкершілікті түсіну қажет.
Асылхан МАМАШҰЛЫ, журналист:
Мемлекеттік сайттардың басым көпшілігінде сайт деген аты ғана бар
Мемлекеттік ақпарат құралдарының өздерінің сайттары бар. Менің ойымша, олар сайттарына қосымша нәрсе ретінде ғана қарайды. Мәселен, газеттер, өздерінің сайттарына онша көңіл бөлмейді. Сайтқа ақпаратты мерзімінен кеш немесе газетке шыққан ақпаратты қысқартып салып жатады. Меніңше, бұл үлкен қателік. Себебі, дамыған заманда сайт, электронды ақпарат құралдары халықпен жылдам әрі тез байланысуға өте ыңғайлы құрал. Тіпті, телеарналардан да сайттар жылдам ақпарат таратады. Сағат сайын жаңалықтар өзгеріп тұрады. Сондықтан сайтты үнемі жаңартып тұру қажет. Алайда біздің мемлекеттік сайттар бұл істі дұрыс қолға алмаған. Әрине, газет, арналары жоқ, тек сайтқа қарап отырған мемлекеттік сайттар қозғалтып отыруға тырысады. Алайда мемлекеттік сайттардың басым көпшілігінде сайт деген аты ғана бар.
Сауалнаманы дайындаған
Наргиза АРШИДИН