Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Биылғы «Жастар жылында» қай салада болмасын жастардың еңсесін көтеретін шаралар атқарылуы тиіс. Тек жиналыстарда ғана айтылатын көзалдау емес, нақты нәтижелі істердің куәсі болсақ деймін. Мәселен, жастарды үймен қамту, жұмысы өз кәсібіне сай, отбасын асырайтындай еңбекақы тағайындалып, қолынан іс келетін жастарға билік қолдау көрсету керек. Жастарды театрға жинап алып, 10-20 мың теңге үлестіріп, біз жарылқап жатырмыз деген науқан болып кетпесе игі. Әр салада қолынан іс келетін жастар бар, солардың кәсіби жетістіктерін бағалай білу қажет. Қазір талантты жастар өте көп. Шет елде оқып келген, 5-6 тіл білетін жастар жұмыссыз жүр. Басшыларының атқаруға тиіс істерін атқарып, бір жерде өспей отырған жастар қаншама?! Негізгі салмақты ауылдағы жастардың еңсесін көтеретін, соларды жұмыспен қамтамасыз ететін істерге жұмсаса, қоғамда орын алып жатқан әділетсіздіктерге тоқтау болар ма еді…Жастардың басым бөлігі ауылдан келеді. Не жұмысы, не баспанасы жоқ. Басым көпшілігі тірнектеп тіршілік етіп жүр.
- Жастарды үймен қамтамасыз ету – биліктің қолынан келетін іс. Билікті былай қойғанда, қаншама дәулетті азаматтар бар. Олардың киіп жүрген аяқ киімінің бағасы жастардың бір жылда алатын еңбекақысымен тең. Баяғыда қазаққа кім тұтқа болды? Билік емес, Ресей патшасы емес, бай-қуатты азаматтар бүкіл елдің шаңырағын шайқалтпай ұстап тұрды. Сол секілді дәулетті азаматтарымыз да қара басының қамымен ғана күн кешпей, айналасына қарайтын кез келді.
«Жастар жылын» биліктің тойына айналдырмай, талантты, дарынды жастарды қолдап, ауылдағы жастарға да назар аударылу керек. Тепсе темір үзетін қазақтың жігіттері жұмыссыз жүр. Мұның барлығы келешегімізге балта шабумен тең. Билік жастардың еңсесін көтеретін нақты жұмыстар істеу керек. Жастар да «бізде анау жоқ, мынау жоқ» дегенді қойып, Алаш зиялыларының рухын бойларына сіңірсе деймін. Осыдан 110 жыл бұрын Міржақып Дулатов «Оян, қазақ», Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін», Ахмет Байтұрсынұлы «Жазған сөз жаным ашып Алашыма» деген. Үш арысымыз осы сөздерді 25-26 жасында жазған. Қазақ жастары жігерлі болу керек. Қазіргі жастар атақ алып, «жұлдыз» болып, ел алдында жалындап сөйлегенді абырой санайды. Меніңше жастар мұндай бос жүрістен тиылып, ұсақ әрекеттерден бойын алшақ ұстап, қолынан келетін іспен отбасын, бала шағасын асырап, өз мамандығының кәсіби иесі болуға тырысуы керек.
Қазір «Алма піс, аузыма түс» деп жататын уақыт емес, әркім өз саласының кәсіби шебері болуға талпынса, ісін басқалардан жақсы істеп үйренеді және сол жұмысымен, адал еңбегімен отбасын асырайды. Менің ғылым саласында жүрген шәкірттерім көп: бірі Талғардан келіп жұмыс істейді, айына 60-70 мың теңге айлық алады. Жанталасып жүріп сол ақшамен әке-шешесін, бала-шағасын бағып отыр. Осыдан 1-2 жыл бұрын бір шәкіртіме «саған басқа жолдармен үй алып беруге мүмкіндік жасайын» дегенімде, «апай, ол менің бала-шағама жақпайды ғой» деген еді. Шынында да кейін Алла бұйыртып үй алды. Келешек осындай жастардың қолында деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, Ахмет Байтұрсынұлының «Жазған сөз жаным ашып Алашыма», Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» осы үш ұран сөздері қазіргі жас қазақтарға өз–өздерін қамшылауға, рухын көтеруге жетіп жатыр. Мен не істедім, отбасымды қандай еңбекпен асырап жатырмын? Елім, Отаным үшін қандай келелі дүние жасай алдым деген сауалдарды әр адам өзінен сұрай білу керек. Адамның қажеттілігі ешқашан таусылған емес. Қазір байлардан сұрасаң да анаған жетпейді, мынаған жетпейді деп зарлайды. Қазақ қай жағдайда да қанағат деп өмір сүрген. Ұят болады, обал болады, жаман болады деген қазақи ұғымдарды өміріне өлшем еткен. Адал еңбекпен өскен бала, ол да сондай адал істің басында жүреді. Шетелден қарызға алынып жатқан миллиондар қазақты құтқармайды, қазақты Отан мен Елге жаны ашып адал қызмет еткендер құтқарады. Мағжан меңзеген Тәуелсіздік кезінің Жастарына мен де сенемін!
(Толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жылғы №4 санына оқи аласыздар)