«Қызға тілек» әніммен аптасына бес қыз ұзатамын
– Сіздерді көпшілік эстрада әншісі ретінде танитын еді. Ал қазір той әншілерінің жанында жүрсіздер. Тойға сұраныстарыңыз артты ма?
– Иә, сұранысымыз айтарлықтай артты. Әрине, бұған дейін үлкенді-кішілі тойларға шақырту алатынбыз. Шынымды айтсам, ұзатуға байланысты әнім шыққаннан кейін ұзату тойларынан ұсыныс көп түсетін болды. Қазір аптасына бес қызды ұзатып жүрмін. Қыздардың өздері менімен әлеуметтік желі арқылы байланысады немесе телефоныма хабарласып, менің қолымнан ұзатылуын қалайтынын айтады. Осы «Қызға тілек» әнім менің басқа қырымды ашты.
– Өзіңіз әр қызды ұзатқан кезде қандай сезімде боласыз? Жүрегіңіз елжірейтін болар?
– Әнімді айтып жатқанымда, қызбен бірге өзім де жат жұртқа кетіп бара жатқандай толқыныс үстінде боламын. Менің түсінігімде қыздың шын бақыты – отбасын құру, ана атану. «Ендігі болашақ өмірім не болар екен?» деген үміт пен күдік араласқан оймен кетіп бара жатқан қызды көріп менің де жүрегім ауырып кетеді.
– Өзіңіздің ұзатуыңызды еске түсірейікші. Ұзату тойыңыз қалай өтіп еді?
– Он жыл бұрын Әдекем мені Тараздан ұзатып әкелген еді. Ол кезде Таразда ата-анам дүркіретіп той жасады. «Дананың жолдасы өнер адамы екен» деп қызығып көріп кету үшін қаншама адамдар келді. Бірақ ол уақытта ұзатылар қыздың қазақша үлгідегі көйлек кию үрдісі мүлдем жоқ еді. Қазіргі қыздарға қызығамын да, өз ұзатуымды еске аламын. Мен қарапайым ғана ақ көйлекпен ұзатылдым. Қазір «ұзату той» десе, қыздар керемет нақыштағы қазақы көйлекпен, сәукелемен ұзатылады. Ал бұрын мұндай жоқ еді. Кейде Әдекеме «Мені қайтадан ұзатып алып келші» деп қалжыңдап қоямын.
– Сіздің қазақы нақыштағы көйлектеріңіз бірі бірінен керемет, көздің жауын алады. Костюмдеріңізді кім тігіп береді?
– Мен көйлектерімнің бәрін кәсіби дизайнерлерге тіктіремін. Өйткені халық сені әнші ретінде көргісі келеді. Сен халықтың сол талабына сай болуың керек. Егер елден ерекшеленбейтін көйлек киіп шықсам, мен әнші ретінде өз атыма көлеңке келтіретін секілдімін. Менің көйлектерімнің барлығын «Аруназ» ательесі, «Еркенұр» тігіп береді. Мен олардың оюларына, бас киімдеріне қатты мән беремін. Қажет болса, әр тасын жоспарлап, басқа қаладан да алдырамын.
– Жолдасыңыз да ақыл-кеңесін айтатын болар?
– Ол кісі тек ақшасын төлейтін кезде барады (күлді).
– Әлеуметтік желілерден байқасақ, екі қызыңыздың өнерге деген талпыныстары бар секілді. Қыздарыңыз әнші боламыз десе, қолдайсыз ба?
– Әрине, егер олар өнер жолын таңдап жатса, ата-анасы ретінде балаларымызға жол көрсетеміз. Қазір балалар музыкалық мектепке бармаса да, күйсандық сабақтарын алып жүр. Сабақтарын да қалдырмай, өте жақсы оқиды.
– Балаларыңыз өсіп келе жатыр. Мінездері кімге ұсайды?
– Үлкен қызымның мінезі маған ұқсайды. Көп сөйлей бермейді, сабырлы, тұйықтау. Бір нәрсе істейтін болса көп ойланады. Ашылып әңгіме айтып кетуі қиын. Екінші қызымыз Әділге тартқан. Өзі ашық, бауырмал. Үйге келген қонақтың алдына отырып алады, ешкімді жатсынбайды. Бірінші қызым айтқаныңа көне салатын болса, екінші қызым керісінше өз айтқанын істетеді. Кіші ұлымыз әлі ерке. Оның мінезі толық айқындала қойған жоқ.
– Бала тәрбиесінде қандай қағиданы ұстанасыздар? Баланы қатал тәрбиелеген дұрыс па, әлде еркін өскені жөн бе?
– Мен мүлдем қатал емеспін. Мінезім өте жұмсақ. Жалпы бізді әке-шешеміз қатал тәрбиелеген жоқ. Баланы қатал ұстап тәрбиелеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бала ата-ананың «ананы істеуге болмайды, мынаны істеме» деген сөздерінен жасқаншақ болып қалуы мүмкін. Бастысы, мен балаларыма тәрбиеге, сабаққа қатысты айтуға тиісті нәрсені айтып отырамын. Әділ де бала тәрбиесінде қатал емес. Ол балаларын қатты еркелетеді. Екеуміз де қатал болмасақ та, балаларымыз өте тәртіпті. Кез келген дүниені жасарда рұқсат сұрайды. Құдайға шүкір, балаларымның мінезі жақсы.
Мені көпшілігі Әділдің жанында көріп жасы үлкен әйел деп ойлайды
– «Енемнің емтиханынан он жылдан бері өтіп келе жатырмын», – деп, Инстаграм парақшаңызға енеңіз екеуіңіздің фотосын жариялапсыз. Осы сөзіңізге қарағанда енеңіз қаталдау адам сияқты…
– Мен бұл сөзді әзіл ретінде жаздым. Енем бізбен бірге тұрмайды, қазір Қытайда. Жылына бір-екі рет келіп, екі-үш айдай бізде қонақта болып кетеді. Оқырмандарымның көпшілігі, «бұл кісіге рахат, енесі алыста тұрады» деп ойлайды. Мен осы суретім арқылы менің де енем бар екенін, мен де ол кісінің сөзін тыңдайтынымды көрсеткім келді. Ол кісі өте жұмсақ мінезді адам. Бірақ айтатын жерінде ақыл-кеңесін айтады. Енемнің жылда бір рет келіп айтатын сөзі маған бір жылға азық. Енемнен үйренгенім көп. Білесіздер ғой, Қытайдағы қандастарымыздың менталитеті, тағамдары басқаша, қонақ күту реті де біздікіне ұқсамайды. Алғаш келін болып түскенде қатты қиналған едім. Өзіңіз ойлаңызшы, қарапайым күнделікті өмірде жейтін тамағыңнан бастап, сөйлейтін сөздері басқаша ортаға келгенде үйренісе алмайсың. Бәріне үйреніп кетуге уақыт керек болды. Мен жолдасымның туыстарымен де ақырындап тіл табыстым. Бәріне бірден жақын болып кеттім деп айта алмаймын. Басында қиыншылықтар кездесті. Олардың көңілінен шығатын тамақты пісіре алмай қиналатынмын. Мен істеген тамағым оларға да ұнамай, олардың тамағы маған ұнамай жүрді. Біз, мысалы, ащыны аз жейміз. Олар ащыны, қуырылатын тағамдарды көп жейді екен. Шайға тұз салып ішкенді, қияр мен қызанаққа қант салғанды мен бірінші рет көріп таңғалған едім. Қазір он жыл дегенде бәрін үйрендік қой (күлді).
– Әділ ағамыз: «Мені қатты өзгерткен – өмірлік жарым, қыздарымның анасы – Дана. Өмірімде Данадан басқа ешкімге сезімімді білдіріп көрмеппін. Данаға бір көргеннен ғашық болдым», – деген еді. Өзіңіз өміріңізді Әділ ағамен қосқалы бері қаншалықты өзгердіңіз?
– Мен тұрмыс құрғалы бері көп өзгердім. Мені Әділ өзгертті. Қасымда енем болмаса да, күйеуім енемдей болып жүрді (күлді). Кейде Әдекеме қалжыңдап «менің енем сенсің» деп қоямын. Қанша дегенмен арамызда он жас айырмашылығы бар. Араласатын ортамыз үлкен кісілер. Бәрі мені жасы 40-қа келген салиқалы, үлкен әйел деп ойлайды. Ал менің жасым отыздан енді асып жатыр. Балаларымның алды енді мектепке барды. Мені көпшілігі Әділдің жанында жасы үлкен әйел деп ойлайды-ау деймін.
Мен ол кісіден сабырлықты үйрендім. Бұрын өте шыдамсыз едім, бәрінің тез бола қалғанын қалайтынмын. Отбасы болғанннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды дейді ғой. Біз осы аралықта түсініспеушіліктер кезінде бәрін сабырлықпен шешуді, бір-бірімізді тыңдай білуді үйрендік. Біз көбінесе әнге байланысты, шығармашылыққа байланысты пікір таласамыз. Ән келмей жатса, Әдекем: «Мына ән маған келмейді, мен орындамаймын», – дейді, ал мен: «Маған келіп тұр, менің орындағым келеді», – деймін. Ол кісі ырғақты, рок жанрындағы әндерді ұнатады ғой. Өзі де кезінде сол бағыттағы әндерді орындап жүрді. Екеуміздің екі түрлі бағытымыз дуэт кезінде кедергі келтіретіні бар.
– Әділ ағамыз уақыт өте келе сіздің репертуарыңызға ыңғайласып кеткендей…
– Дұрыс айтасыз, қазір ол кісінің репертуары 90 пайыз ауысып, маған бейімделіп кетті. Менің дауысым жұмсақ, лирикалық әндерді жақсы көремін. «Әдеке, енді сен темір-терсекпен шығады деп, мен де сіз сияқты киініп шықпаймын ғой», – деймін. Қазір ол кісі костюм, смокингті көп киеді. Шашын да жыл өткен сайын қысқартып тастады. Өзі де «Сен менің стилімді де, репертуарымды да өзгертіп жібердің», – деп қалжың-шыны аралас айтып қояды. Мүмкін «менің шығармашылығым не болды» деген ішінде әттеген-айлары бар болар. Арасында «мен негізі мынандай ән жазуым керек» еді деп қояды.
– Үйде де, өнерде де үнемі біргесіздер. Бір-бірлеріңізден жалықпайсыздар ма?
– Соңғы кездері мен: «Әдеке, мен таңертең барып, кеште келетін жұмысқа орналасайыншы. Сенен басқа адамдармен де сөйлесіп көрейінші», – деп айтып жүрмін. Дұрыс айтасыз, кейде бір-бірімізден сәл алыстап демалған да дұрыс. Күндіз де бірге студиядамыз, кеште бірге концерт, тойға барамыз. Жұмысқа шықсам коллектив пайда болады. Басқа адамдармен де араласатын едім. Қазір ол кісі рұқсатын беріп отыр. Жуық арада мамандығым бойынша ұстаздық қызметке ауысатын ойым бар.
– Шаңырақтың беріктігі үшін қандай да бір қағиданы ұстанасыздар ма?
– Ең алдымен, үлкен түсіністік керек. Адам бір-бірін шынайы сүйсе, кешірімді болады және бәріне шыдай біледі. Әйел адам күйеуі үйге келгенде жылы шыраймен қарсы алып, дәмді тамағын дайындап, туған-туысқаның келгенде қабақ шытпай қарсы алып, бойынан тектілігі көрініп отырса, ал еркек әйелінің жағдайын толығымен жасап, әлпештеп, алақанында аялай білсе, тату-тәтті отбасы деген сол болар. Жалпы, үйді үй қылып отыратын әйел адам ғой. Біздің ұстаным – осы7
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ