Альфия, Қазақстанның ең сұлу аруы атану қалай екен?
– «Атырау аруы» атанып, республикалық сайысқа жолдама алған кезде бойымды аздаған үрей биледі. Өйткені мұнайлы астананы республикалық деңгейде таныстырып, 30 қызбен сынға түсу де оңай емес. Бүкіл Атырау жұрты менен үлкен үміт күтті. «Қазақстан аруы – 2018» сұлулық байқауының жеңімпазы атанған кезде өз құлағыма өзім сенбедім. Басым айналып, айналада не болып жатқанын аңғара алмай қалдым. Тіпті басыма асыл тәжді кигізген кезде де, шын қуанып, эмоциямды білдіре де алмадым. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
– Ару атанғаннан кейін өмірің қаншалықты өзгерді?
– Келесі күні ұйқыдан тұрсам, әлеуметтік желідегі оқырмандарымның саны бірнеше есеге өсіп кетіпті. Тіпті менің атымнан түрлі жалған парақшалар ашылыпты. Осы кезден бастап мен енді жай Альфия емес, Қазақстандағы ең сұлу ару екенімді сезіне бастадым. Телефонымда тыным болмады, есепсіз құттықтаулар да келіп жатты. Халықтың бата-тілегін естіп, жүрегім елжіреп кетті.
– Әлем қойып берген параметрлер мен стандарттарға қарамастан сұлулықты әр адам өзінше түсінеді. Сенің ойыңша, нағыз сұлу қыз қандай болу керек?
– Менің ойымша, нағыз сұлу қыз сырт келбеті келіскен, әрі ішкі жан дүниесі терең, ақылына көркі сай болу тиіс.
– Өзіңді сұлумын деп есептейсіз бе?
– Қазір өзіме баға беруден аулақпын. Әр адам өзіне сын көзбен қарап, өзін ұдайы дамытып отыру керек деп ойлаймын. Құдайдың берген сырт-келбетіне күпірлік етпеген дұрыс. Сол себепті осыншалықты сұлумын деп баға бергім келмейді.
– Сайыс жалпы қалай өтті? Қандай қиындықтар болды?
– Республикалық байқауға шықпас бұрын, жергілікті «Атырау аруы – 2018» байқауының жеңімпазы болған болатынмын. Осы байқаудан кейін «Қазақстан аруы – 2018» байқауына дайындықты бастап кеттім. Алдымен қазақтың ұлттық көйлегін дайындау керек болды. Осы кезде Ақтау қаласындағы «Нұр-Шах» сән үйіне тапсырыс бердім. Бір қызығы, менің көйлегімді тіккеннен кейін осы сән үйі әйгілі футболшы Криштиану Роналдуға шапан тігіп берген екен. Бұл бір сәттіліктің белгісіндей көрінді. Кейін көйлегімді арқалап, Астанаға тартып кеттім. Жылы Атыраудан барып Астананың суығына үйрену қиын болды. Астанада қатты ызғарлы жел соғып, қар жауып тұрды. Оның үстіне бұл менің Астанамызға алғашқы сапарым еді. Қатты суыққа үйренісе алмадым. Негізі, «Қазақстан аруы – 2018» байқауында білу керек нәрсені біз аймақтық сұлулық конкурсында үйреніп алған едік. Сол себепті Астанада дайындық кезінде көп қиындық болған жоқ.
– Қазақстанның түкпір-түкпірінен Астанаға келген қыздар сайысқа қалай дайындалды? Бір-бірлеріңмен тіл табысып кете алдыңдар ма?
– Біз финалға дейін бір ай қызу дайындалдық. Менімен бірге бір бөлмеде Өскемен, Ақтау арулары тұрды. Үшеуміз жақын достасып кеттік. Әрқашан бір-бірімізге сыпайылығымызды көрсетуден жаңылмадық. Қыздардың арасында ешқандай келіспеушіліктер болған жоқ.
– Қатысушы қыздар сені жеңісіңмен құттықтады ма? Көреалмаушылық танытқандар болды ма?
– Иә, қатысушы қыздардың барлығы шын жүрекпен мені құттықтады. Жеңіс пен жеңіліс те қатар жүретіндіктен барлығын қабылдай білу керек. Біз сайыстан кейін де бір-бірімізбен хат алысып, хабарласып тұрамыз.
– Әлеуметтік желілерде айтылған кейбір пікірлер саған қатты тиген болар?
– Жағымсыз пікірлерге көңілімді түсірмедім. Осындай сұлулық сайысына қатысар кезде, әртүрлі қаңқу сөз, артық әңгіме айтылатынын білдім. Және бәріне алдын ала дайын болдым. Менің ойымша, бұл халықтың сыны мен үшін сынақ.
– Сайыс əділетсіз өтті дегенге қалай жауап бересің?
– Əділқазылар алқасы мен халық таңдаған шешім əрқашан əділ болады. Сайыста ең көп дауысты мен жинадым. Бұл халықтың таңдауы.
– Өзің осы атқа ие боламын деп армандадың ба?
– Əрине, сайысқа қатысқан қыздардың арманы – осы тəждің иесі атану. «Атырау аруы» байқауының жеңімпазы болғаннан кейін мен де тəждің иесі болуды армандадым.
– Сен үшін Қазақстандағы ең сұлу əйел деп үлгі тұтатын адамың бар ма?
– Қазақ қыздарының барлығы өте сұлу. Менің ойымша, сұлулыққа тек көрікті ажар жатпайды. Сұлулық – бұл көркем мінез, қарапайымдылық жəне инабаттылық. Осы игі қасиеттердің барлығы қыз баланың бойынан табыла білсе нағыз сұлу сол деп ойлаймын. «Анаға қарап қыз өсер» дегендей, мен үшін ең сұлу əйел – бұл менің анам. Себебі анам мен үшін өмірдегі үлгі тұтатын жан.
– Өзің табиғи сұлулыққа қалай қарайсың?
– Әрине табиғи сұлулықты қолдаймын. Себебі ол Алланың берген əсемдігі, қайталанбас көркі.
– «Альфияның ерні жасанды» деп айтатындарға не дейсің?
– Жасым бар болғаны 16-да. Кішкентай күнімдегі суреттерден байқасаңыздар болады. Бойымда ешқандай жасандылық жоқ.
– Отбасың жайлы айта кетсең. Ата-анаң қандай жандар?
– Мен Атырау облысы Мақат ауданы Байшонас поселкесінде дүниеге келдім. Ата-анамның да кіндік қаны тамған жері де Байшонас ауылы. Əкем – мұнайшы, 25 жылдан астам мұнай саласында жұмыс істеп келе жатыр. Менің атам да кезінде мұнайшы болған. Ал анам – аспаз. Үйде анам маған әртүрлі дәмді ас әзірлеуді үйретті. Отбасымызда 3 баламыз. Менен үлкен әпкем жəне ағам бар. Мен үйдің кенже әрі ерке қызымын.
– Өзің кімге тартқансың?
– Анамның бойы кішкентай. Мен әкеме қатты ұқсаймын.
– Әдетте сырт келбетіңді қалай күтесің?
– Сырт келбетке арналған əртүрлі күтім жасап тұрамын. Бірақ табиғи сұлулықты қолдаймын. Бетіме әртүрлі бояуларды жаққанды, макияжды көп ұнатпаймын. Табиғи сұлулықпен жүргенді жөн көремін
– Бос уақытыңда немен айналысасың?
– Сүйікті ісім – сурет салу. Одан бөлек тігін тіккенді жақсы көремін. Тігінге бала кезімнен қызығамын. Қолымнан бірнеше дүниелер тігу келеді.
– Өзің қай жерде білім аласың?
– Мен Атырудағы №36 гимназияда білім алдым. Қазір Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің екінші курс студентімін. Мамандығым – бейнелеу және сызу пәнінінің мұғалімі. Болашақта мамандығымды жалғастырып дизайнер болғым келеді.
– Әлемдік сайысқа дайындықты бастап кеткен боларсыздар? Өзің ағылшын тілін білесің бе?
– Мектепте ағылшын тілін жақсы меңгердім. Қазір жеке оқытушымен дамытып жатырмын.
- Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұры Ерсайын