Мемлекеттің Ата заңында үкіметті жасақтау процедурасы туралы не айтылған. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес үкімет отставкаға кеткеннен кейін мемлекет басшысы парламент мәжілісіне жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынуы тиіс.

Ата заңның 44-бабы 3-тармағында Қазақстан президенті парламент мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін мәжілістің қарауына премьер-министрдің кандидатурасын енгізетіні айтылған.

Мәжілістің келісімінен кейін мемлекет басшысы премьер-министрді қызметке тағайындайды. Содан кейін премьер-министрдің ұсынуымен президент үкіметтің құрылымын айқындап, төменгі палатамен консультациялардан кейін Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды.

Сонымен қатар, президент сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет жасақталғаннан кейін, мемлекет басшысы министрлер кабинетінің антын қабылдайды.

Бұған қоса, президент ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай үкімет отырыстарына төрағалық етеді.

Сондай-ақ, Конституцияға сәйкес, мемлекет басшысы премьер мен үкіметтің басқа да мүшелерін қызметінен босатады, немесе облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады.

Неге мәжіліс?

Ата заңның 56-бабында мәжілістің қарауына палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен президентке премьер-министрді тағайындауға келісім беру жататыны көрсетілген.

Үкімет қалай құрылады

Конституцияның 65-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының президенті үкіметті Ата заңда көзделген тәртіппен құрады.

Министрлер кабинетінің басшысы тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде премьер-министр үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы президентке ұсыныс енгізеді.

Үкімет мүшелері Қазақстан халқы мен президентіне ант береді.

Үкімет неге отставкаға кетті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбі, 21 ақпан күні республиканың оныншы премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті отставкаға жіберді.

Мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты жасаған мәлімдемесінде үкімет пен Ұлттық банк ел экономикасын сапалы дамытуға серпін беретін нақты құралдарды толыққанды жасап шығара алмағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, жүйелі жұмыс жүргізілмеген, тұрғындардың нақты табысы өспеді, отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған.

Оның үстіне, Назарбаевтың пікірінше, Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді.

Премьер-министрдің міндетін уақытша атқару Асқар Маминге жүктелді.

Мемлекет басшысы 27 ақпанда өтетін «Нұр Отан» партиясының съезінде жаңа үкіметтің міндеттері туралы толығырақ айтуға уәде берді.

 

 

 

 

Пікір қосу