10 сыныпта алғаш рет Желтоқсан құрбандарына арнап өлең жаздым

– Ереке, сұхбатымызды алдымен туған жер, өскен ортаңмен таныстырудан бастасаң?

– «Әркімге өз туған жері Мысырмен тең», мен де өзімнің туған өлкеммен мақтанамын. Туған жерім – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы – әйгілі Бәйдібек би бабамыз бен оның жары, қасиетті Домалақ анамыздың өмір сүрген өлкесі. Әрине, бөле-жармай қазақтың бар өңірін қасиет тұтамыз. Десек те, туған өңір бәрібір ыстық сезіледі. Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылына іргелес жатқан Таңатар ауылында балалық шағым өтті, мектепке бардым. Дәрігерлер отбасында тәрбие алып, ержеттім. Мектепті тәмамдай салысымен арман қуып Алматыға келіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде білім алдым. Студенттік шағымыз Алматы, ҚазҰУ қалашығымен тікелей байланысты. Бұл шақ – өмірімнің ең бір аяулы, сағынышқа толы тәтті кездері.

Ал алғаш өлеңге деген қызығушылық қалай туындады?

– Әсілінде ақындық жолды қуамын деп ойлаған емес едім. Бірақ кішкентайымнан әдебиет пәнін сүйіп оқыдым. Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жаттап өстім. Одан бөлек Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды ақындарды да жата-жастана оқитынмын. Менің әкем де студент кезінде өлең жазумен әуестенген екен. Сондықтан өлең жазуды әкемнің қанымен дарыған қасиет деуге болады. Әкем бірақ ақын емес. 10 сыныпта алғаш рет Желтоқсан құрбандарына арнап өлең жазып, оны ашық сабақта оқып бердім. Мұғалімдерім бұл туындымды жылы қабылдап, риза болды. Іле-шала әлгі өлеңім аудандық газетке де шығып кетті. Менің өлең өлкесіне келуіме Гүлмира Исабаева, Гүлнәр Көкекова деген апайларымның себі көп тиді. Содан мектеп бітірер тұста өлең жазуға шындап кірістім. Сол уақытта пышақтың қырындай ғана алғашқы жыр жинағымды да шығарғанмын.

– Сен сөзін жазған біраз әндерді танымал әншілер орындап жүр. Неліктен ән мәтінін жазуға ауысып кеттің және бұл саладағы ұстазың кім?

– Негізінен, мектеп кезіндегі жырларым болмаса, кейінгі студенттік жылдарда поэзия жаздым деп айта алмаймын. Қайта ән мәтінін  жазуға түбегейлі көшіп кеткен сияқтымын. Бастапқы поэзияма қатысты айтар болсам, мен өзім М.Шаханов ағамыздың стилінде өлең жазуға қатты құмартыппын. Бұл да еліктеуден туындаған дүние болса керек. Ал ән мәтіндерін жазу саласындағы ұстазым – өзімнің жерлес ағам, танымал композитор, сатирик Жарылқасын Дәулет. Сол кісі мені әнге сөз жазуға баули бастады. Алғаш сол ағамыздың әндеріне сөз жазу барысында әннің табиғатын түсіне бастағандай болдым. Бұл мені қызықтыра түсті. Сөйтіп жүріп өлеңдерімнің басым көпшілігін ән сөздеріне ауыстырып алдым. Кейінірек Ерғали Көшербаев, Алмас Мұхтарұлы тағы да басқа сазгер достармен танысып, олармен де тығыз шығармашылық байланыс орнаттым. Сөйтіп, өнердегі кісілермен байланысым жалғасын тауып жатты. Өзім бозбала кезде лириканы көп оқығанмын. Тұманбай ағамыздың жырларын оқып, сіңіріп, өлеңдеріндегі іңкәрлікке ынтыға түстім. Сол оқығанымыздың пайдасы әнге мәтін жазу кезінде көп тиді. Әннің де табиғаты лирикадан, мөлдір мұңнан тұрады. Бір жағынан сол уақытта көптеген әндеріміздің сәтті шыққан себебі – бозбала дәуренде өзіміздің де махаббат сезімдерін бастан кешіріп, қыздарға  жиі ғашық болып жүргенімізден болар.

– Көптеген ақындар әнге сөз жазудың қиын екенін айтады. Ол, шынында, несімен қиын?

– Негізі, әнге сөз жазудың қиындығы поэзия жазудың азабынан асып түседі деп айта алмаймын. Бәрібір әннің сөзі поэзияға қарағанда жеңілірек келеді. Алайда Жарылқасын ағам айтатын: «Нағыз поэзия өзінің әнін айтып туады» деп. Мәселен, Мұқағали атамыз – әдейілеп әнге сөз жазбаған ақын. Бірақ оның өлеңдері әнге сұранып туып, әнге айналып кетіп жатты. Ал енді әуенге сөз жазудың өзінше қиындығы бар. Өйткені әннің сұрап тұрған мағынасын, тақырыбын дәл табу және оны шынайы сезініп жазу, буын сандарының тура келуі, картина жасау оңай дүние емес. Оның үстіне ән көлемі ары кетсе 3 шумақ, 1 қайырмадан тұрады ғой. Сондықтан аз шумаққа татымды үлкен ойды сыйдыра білу керек. Шынайылық дегенде елде жоқ бірнәрсені қаузап кетпей, әр адамның басынан өтетін оқиғаны бейнелей білген жөн. Әннен әр адам өзін табу керек қой деп ойлаймын.

100-ден аса ән мәтінін жаздым

Жалпы, ән мәтінін жазатын ақындардың еңбегі лайықты бағалана ма?

– Лайықты бағаланады деп айту қиын. Өйткені барлығы бірдей өзің ойлағандай бағаны ұсына бермейді. Өнерді енді бастап жатқан әншілер келеді. Ондайда кейбіріне тегін жазып бересің. Жалпы, мен өзім тым қанағатшылмын, өзгенің көңіліне қарағыштаймын. Сөйтіп, бұйырған қаламақыға жаза беретін кездерім көп болады. Жалпы, қалтасы қалың адамдар болмаса, көпшілігі қомақты ақша бере алмайды. Кейде жағдайы бар адамдардың өзі аздау қаламақымен құтылғысы келіп тұрады. Сондықтан әнге сөз жазып тапқан ақшаға еркін өмір сүре алмайсың. Соның өзінде шүкіршілік танытамыз. Негізі, қаламақы ән мәтініне қарағанда әннің өзіне көптеу төленеді. Танымал сазгер ағаларымыз әндерін 1500-2000 долларға дейін сатып жатады. Көптің көңілінен шыққан, әндері кеңінен таралған Қайнар Алагөзов, Ринат Зайытов, Талант Арынғали секілді ақындар, бәлкім, көбірек алатын шығар. Бірақ өз басым кім қанша ақша алады дегенге қатты қызықпаймын. Десе де, бір нәрсе анық – әнге сөз жазып байи алмайсың. Мұны хобби деп қарастыруға ғана болады. Сонан соң айта кетерлік тағы бір жағдай, концерттерде, түрлі іс-шараларда ән орындалған кезде өлеңін жазған авторлардың есімі аталса екен деген тілегім бар. Тек әнші ғана емес, оған еңбегін сіңірген ақындардың да еңбегі елену керек. Есіміміз аталып жатса, бізге үлкен мотивация берер еді.

Көбінесе дайын әнге жазасың ба, әлде сенің сөзіңе ән жазыла ма? Жалпы, осы екі нұсқаның бір-бірінен айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылығы бар. Дегенмен екеуіне де жаза беремін. Бастапқыда мені өлеңдерімнің әнге айналып көпшілікке таралуы қатты қызықтырды. Сол кезде өз бетімше әнге арнап өлеңдер жаза бастадым. Менің сөзіме жазылған әндер ретінде Қайрат Нұртас орындайтын «Өкпелей берші», ДиАрт дуэті айтып шыққан «Шақыршы мені қасыңа» деген әндерді атауға болады. Бұл екі әннің де авторы – Ерғали Көшербаев. Кейінірек әуенге сөз жазуды да да меңгердік. Дегенмен өзің толғанып шығарған өлең шынайырақ болады. Өйткені ол кезде ән әлі тумаған. Ондайда бар қуатыңды өлеңнің таза өзіне арнайсың. Ал дайын әнге жазғанда әуеннің ырғағына, ырқына бағынып, соның шеңберінде ғана қалам тербеуге мәжбүрсің. Соның әсерінен шынайылықтан ажырап, өлеңді қолдан жасауға, сылап-сипауға жұмыс істеп кететін сәттер де аз емес.

Ел арасында кеңінен таралғандарын есепке алсақ қазірге дейін шамамен қанша ән мәтінін жаздың?

– Бәрін қосқанда 100-ден аса ән мәтінінің авторы атанған шығармыз. Студенттік жылдарды есептесек, 8 жылға жуық уақыттан бері осы саланың қызығы мен шыжығын бастан кешіп жүр екенмін. Әлгі 100 әннің 30-40 шақтысы ел жүрегіне жол тартып, халыққа танылды-ау деймін. Көбіне көп танымал әндерімді Қайрат Нұртас, Меломен тобы, Ернар Айдар, Төреғали Төреәлі, Асқар Жүнісбеков, Мақпал Жүнісова, Кәмшат Жолдыбаева орындады. Мұның ішінде Қ.Нұртастың орындауындағы он әнге сөз жаздым.

– Әдетте ақында муза болуы керек деп жатады. Сенде сондай муза іздеген немесе музаға арнап өлең жазған кездер болды ма?

– Өлеңді немесе ән мәтінін арнайы жоспарлап жазған емеспін. Алайда студент кезде көңілсіздеу, сәтсіздеу аяқталған махаббат оқиғалары болды. Сол сәттегі менің сезім кейіпкерлерім болған жандар өздігінен өлеңнің кейіпкеріне де айналып кететін. Бәлкім, соны муза дейтін шығармыз. Бірақ мен білсем, менің музам – жалғыздық. Көп жағдайда жалғыз қалғанда көкейіме шабыт қонақтап, қолға қалам аламын. Ал шулы ортада ешқашан өлең құйылып келген емес. Жалғыз қалған күннің өзінде әдейілеп уақыт бөліп, бөлмеме кіріп кетіп, есікті тарс бекітіп алып жаза салмаймын. Көбіне жалғыздықтан өзімді іздеймін, ойлармен арпалысамын. Өз-өзіңмен сырласуға, еркін ойлануға жалғыздықтың тигізер әсері көп сияқты. Сондықтан жалғыздықты менің музам шығар деп ойлаймын кейде. Жалғыздықтың қаншалықты мұңды, азапты болғанына қарамастан оның да ғажапты, ләззатты кездері болады.

– Өзіңді өлеңнен бөліп қарау қиын. Дәл осы салада, шығармашылық бағытта қандай мақсатың бар?

– Өзге достарым секілді қызметте жүріп карьерамды қалыптастырып кете алмадым. Тағдырым солай болған шығар. Сондықтан көбіне шығармашылық жолды таңдаппын. Әрине, мұның барлығы – соншама жыл бойы айналысып келе жатқан ісім. Ол ескерусіз, елеусіз, ешқандай өтеусіз қалмауы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан алдағы уақытта, әбден өзінің орай-сәті келген кезде, халықтың алдына шығуға лайықты болған шағымда шығармашылық кеш жасағым келеді. Бәлкім, содан кейін одан да биік асуларға иек артармыз. Не болмаса жас кездегі шығармашылық жолымның қорытындысы болып қалуы да ғажап емес. Себебі өмір бойы әнге сөз жазып өту мүмкін емес қой. Өмір болған соң отбасын құру керек, басқа да шаруаларға араласу қажеттігі туындайды. Жалпы, шығармашылық бағыттағы мақсатым – алдағы уақытта өзінің айтары бар, ойы  бар кеш беру.Картинки по запросу еркебұлан кенехан

– Әнге сөз жазып жүрген талай жігітті білеміз. Олар бір-екі хит жазса болды жұлдыз біткенмен араласып, әншілердің ортасына сіңісіп кетеді. Ал сенің хитке айналған бір емес, бірнеше өлеңің бар. Неліктен әлі күнге үлкен өнер ортасымен бітеқайнасып кетпедің? Алматыдан, жұлдыздар шоғырынан оқшау жүруіңнің себебі неде?

– Әншілерге қарағанда сазгерлермен көбірек араласамын. Әндеріне сөз жазамын. Не болмаса өзімді толғандырған тақырыпта өлең жазып, ұсынамын. Әндерім әншілерге солай жол тартады. Әншілердің өзін көру үшін күнде тойға шығуым керек шығар. Бірақ асабалықпен айналыспаймын. Сол себепті де олармен жөнді араласа алмай жүрген шығармын. Дегенмен әнге сөз жазу – алыста жүрсең де бітіре беретін жұмыс. Студияға барып, байланып отыру шарт емес. Қазір, шүкір, байланыстың түрі де көп қой. Бір жағынан, табиғатымның қарапайымдылығынан да шығар, әншілермен ішек-қарным араласып дос болып кетуге ыңғайым жоқ. Өнер адамдарының өзі сені сөздің авторы екен деп елеп, ескеріп тұрса бір басқа.

Бос уақытымыздың көбін әлеуметтік желіге ұрлатып алып жатырмыз

– Бос уақытыңда немен айналысасың?

– Шыны керек, қазір бос уақыттың өзі қалмай бара жатыр. Жылдар жылжып, жасың ұлғайып, өмір алға ілгерілеген сайын адамның да бос уақыты азая береді екен. Соның арасынан уақыт тауып кітап оқуға тырысамын. Солардан тың шабыт, жаңа идея аламын. Одан кейін бір мезгіл достармен футбол ойнап тұруға да қарсы емеспін. Бірақ мойындау керек бос уақытымыздың көбін әлеуметтік желіге ұрлатып алып жатырмыз. Соның кесірінен бірқатар маңызды шаруалар кейінге шегеріліп қалып жатады.

– Кейде сағың сынғандай болып, қалам ұстау дертінен біржола «айыққың» келетін кездер бола ма? Және ол мұң қаншалықты ұзаққа созылады?

– Ондай сәттердің болып тұратыны рас. Мұны шығармашылық тоқырау деп атауға болатын шығар. Ойың сан саққа жүгіріп, бір жерге тұрақталмай кетеді кейде. Қазір өзі сананы тұрмыс билеп кетті ғой. Әртүрлі мәселелер өміріңе араласып кеткен кезде шығармашылық күйіңді жоғалтасың. Соның салдарынан қалам ұстау жағы мүмкін бола бермейді. Тіпті өлеңге зауқың соқпай қалады. Ал ондай мұңның ұзаққа созылу уақыты да әртүрлі. Кейде 1-2 ай, кейде одан көп…Картинки по запросу еркебұлан кенехан

– Әнге сөз жазу барысында міндетті түрде әлдекімге деген сағыныш, мұң, ғашықтық сезімі бойыңда оянуы керек пе? Әлде бұған табыс табу, өмір сүрудің жолы ретінде қарайсың ба? Қайсысының салмағы басым?

– Басында өздігінен әлдекімге деген ғашықтық, кездесумен басталған ғашықтық қоштасумен аяқталған кезде, бойда түрлі сезімдер туындап, соны өлеңге айналдырып жүрдік. Ал қазір өлең жазу – өмір сүру, материалдық қажеттілігіңді өтеудің басты кілтіне айналып кетті. Бұл нәрсе маған ұнамайды. Қазір басқа жолдарды қарастырып жатырмын. Себебі өлеңді күнімді көру, тіршілік ету мақсатында жазғым келмейді. Өзімнің толғанысымды, энергиямды еш алаңсыз сыртқа шығарып жазғанға не жетсін. Жалпы, өмір бойы ғашық бола беру мүмкін емес. Өмір бойы мұңая беруге тағы болмайды. Сондықтан соңғы уақытта табыс табу амалының салмағы басымырақ болып кетті. Мейлі, қанша қаламақыға жазсақ та өлең өлең күйінше, өнер күйінше қалуы, қалпын бұзбауы тиіс. Осы тазалықты сақтау үшін де қазір өлең жазуды сиретіп жүрмін.

– Ақын үшін оқырман алдындағы жауапкершілік деген не? Сол жауапкершілікті сезіне алдың ба?

– Менің ойымша, оқырман алдындағы жауапкершілік – шынайылық. Шынайы сезімді бастан кешпесең, шынайы жаза білмесең жазғаныңның ғұмыры ұзаққа бармайды. Қарапайым жазсаң да өмірден алынған сәтіңді өлеңге көшіргенің дұрыс. Тіпті осалдық танытқан кезің болса да, мен сол кезде осал болдым деп шындықты айта алсаң, ол да өзінің діттеген межесіне дөп жетеді деп ойлаймын. Оқырманды алдамау үшін өзіңді алдамау керек.

– Жасы 30-40-қа келіп те өнер өлкесін дүр сілкіндіріп, биік асуды бағындырған адамдар әлемде жетерлік. Өзіңнің де сондай биікке шығарыңды қалай бағалайсың? Еркебұланның қарым-қабілеті қазақ сөз өнерінен ойып тұрып орын алуға тиісті емес пе?

– Мен өз-өзімді бағалай алмаймын. Әрине, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмеуге тырысамын. Дегенмен болжау қиын: қазақ сөз өнерінен ойып тұрып орын аламын ба, жоқ па… Мейлінше, шынайы болғым келеді. Қалғанын Алланың бұйыртқанына қарай көре жатармыз. Шынымды айтсам, атаққа ұмтылу, қызығу менің бойымда жоқ. Бұл, бәлкім, «кемшілігім» де шығар. Кез келген адам жақсылықтан үмітті ғой. Бұйыртса, әлі дұрыстап еңбек сіңіргім келеді. Сөйтіп, еңбегі еленген тұлғаның біріне айналсам деген арман бар. Ондай ой болмаса жүрген жүрісінің бәрі бекер.

Сұхбаттасқан
Абай Аймағамбетов

(«Жұлдыздар отбасы» журналынан)

Пікір қосу