Алматыда тұрмысы төмен отбасылар үшін екінші баласынан бастап балабақша тегін болады. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындар алдындағы жыл сайынғы есепті кездесу кезінде жариялады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Жүздеген өтініштер сараланды, ең өткір мәселелер — тұрғын үй, коммуналдық қызмет төлемі, оқу мен жұмысқа орналасу. Барлық өтініштер, атаулы әлеуметтік көмек әдісінің өзгерісін қоса Үкімет жанындағы жұмыс тобына жіберілді. Әкімдік деңгейінде де қозғаушы күштер мен ресурстар бар, сондықтан біз бірқатар кешенді шараларды жасадық», — деді әкім.

Сонымен қатар, қала басшысы көпбалалы немесе мұқтаж отбасылардың балаларын балабақшаға тегін апаруға мүмкіндігі болатынын айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, ата-аналар балабақшадағы баланың тамағы үшін 18 мың теңге ғана төлейді, қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидиялауда. Тек өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша бала бақшадағы 51 мың орынға 16 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сома 1,8 миллиардқа артты. Егер көпбалалы тұрмысы төмен отбасының екі және одан да көп баласы балабақшаға баратын болса, онда отбасылық бюджет жүктемесі де жоғары болады. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша тегін болады», — деді Бауыржан Байбек.

 

 

Пікір қосу