12 ақпанда Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотта Қытайдан келген этникалық қазақ, «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштың үстінен сот отырысы басталды, деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Сот отырысының судьясы Алматы қаласы Медеу аудандық әкімшілік полициясы «Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестік қызметіне басшылық жасау» деген айыппен әкімшілік іс қозғағанын хабарлап, Серікжан Біләштен жауап алды.

Алайда Серікжан Біләш өзіне тағылған айыппен таныс екендігін айтып, бірақ кінәні мойындамайтындығын және келіспейтіндігін жеткізді. Серікжан Біләштің айтуынша, «Атажұрт еріктілері» — Қытайдағы этникалық қазақтардың хәл-ахуалына жаны ашитын ерікті адамдардың әлеуметтік желіде құрылған тобы. Бұл топқа кез келген адам қосыла алады және шығып кете алады. Ол адамға қандай да бір мүшелік куәлік берілмейді. Бұл топтағылар Қытайдағы этникалық қазақтарға түрлі қайырымдылық, ағартушылық жолдармен көмектесуді көздейді. Сондықтан оны қандай да бір арнайы ұйым деп атауға болмайтындығын айтқан..

Серікжан Біләш өзін ұйым жетекшісі емес, әлеуметтік желідегі осы топтың «админі» деп санайтындығын мәлімдеді.

 

Пікір қосу