– Бибігүл, сізді фильмдерде, телевизиялық жобаларда жиі көре алмайтын болдық. Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Мен қазір осы олқылықтың орнын толтырып жүрмін. Жақында ғана бірнеше түсірілімдерге қатысып үлгердім. Шыны керек, мен соңғы екі жылда Ресейде жұмыс істеп, ресейлік фильмдерге түстім. Таяуда «Последний лепесток» фильмінде басты рөлді сомдап шықтым. Одан бөлек бірнеше ресейлік телехикаяларда ойнадым. Олар жуық арада экранға шығып қалады. Қазақстандық режиссерлер мені Ресейде жұмыс істейді деп ойлайды. Сол себептен болар, маған шақырту аз түседі. Оның үстіне актрисалықтан бөлек, өзімді продюсер ретінде байқап көріп жатырмын. Қазақстандық продюсерлік орталықпен бірігіп отырып телевизиялық бағдарлама жасау үстіндеміз. Бағдарлама қалай аталатыны, қай арнада көрсетілетіні әзірге құпия.
– Сізге қай елде жұмыс істеу ұнайды? Ресейде ме, Қазақстанда ма?
– Маған жақсы жобалармен жұмыс істеу ұнайды. Бұл мемлекетке байланысты емес.
– Қазір қазақстандық фильмдерге қарағанда ресейлік фильмдерге көп түсетін секілдісіз. Солай ма?
– Әр кезде әрқалай. Кейде бір жыл бойы Қазақстанда жұмыс істеймін. Кейде Ресейде ұзақ уақыт қалып қоямын. Одан бөлек мен Алматыда өзімнің гүл сататын дүкенімді аштым. Алматыда түбегейлі қалу ойымда жоқ емес.
– Әріптесіңіз Әнуар Нұрпейісов «Қазіргі актерлердің жалақысымен өмір сүру мүмкін емес» деген еді. Сіз де бұл пікірмен келісесіз бе?
– Қазақстанда актерлерге жоғары гонорар төлегісі келмейді. Тіпті фильм түсірер кезде көбінесе кәсіби деңгейі төмен адамдардан команда жасақтайды. Себебі олар – көп қаржыны қажет қылмайтын мамандар. Менің Қазақстанда фильмдерге жиі түспеуімнің себебі де осыдан. Менің белгілі бір жалақы мөлшерлемем бар. Егер продюсерлер өз қалталарына артық ақша қалдыру үшін маған аз гонорар берер болса, мен фильмге мүлдем түспеймін. Өзімді ешқашан бұлай төмендетпеймін.
– Өзіңіз бірнеше елде актриса, модель ретінде жұмыс істедіңіз. Қазақстандық актерлер үшін шетелде жұмыс істеу қиын ба? Мысалы, сіздің басыңыздан қандай қиындықтар өтті?
– Қазақстандық модельдік бизнес тамыр-таныстың, аға-көкенің арқасында «өркендеп» жатыр. Бір жағынан, Қазақстанда модельдер үшін өте аз гонорар беріледі. Ал шетелде біздің елдегідей бармақ басты, көз қысты әрекеттер жоқ. Шетелдік модельдер қатты еңбектенеді. Жұмыс кестелері таңғы алтыдан басталып, күніне жиырма кастингке дейін қатысады. Бұл жас қыздар үшін ауыр болатыны рас. Алайда, шетелде жұмыс істеу арқылы тіл меңгеру, тәжірибе жинау мүмкіндігі зор. Қазақстандық модельдер шетелде сұранысқа ие. Әсіресе, бізбен бірге Жапония, Гонконг, Сингапур, Тайланд елдері жұмыс істегісі келеді. Қазақ қыздары азиаттық болғанымен азиаттықтарға тән тапал емес, сұңғақ бойы бар, ботадай көздері бар. Мен Кореяда жұмыс істегенімде көпшілігі менің келбетіме таңғалды. Ал актерлікке келсек, Ресейде қазақ актерлері баршылық. Бірақ олардың көпшілігі түр-келбеті үшін үнемі азиаттық персонаждарды ойнайды.
– Сіз екі жыл бұрынғы сұхбатыңызда «Төсек сахнасы бар фильмге түспеймін» деген едіңіз. Әлі де сол ойдасыз ба?
– Иә, мен ешқашан мұндай ашық сахналарға түспеймін. Егер ондай жағдай қажет болса, мені дублер ауыстырады.
– Жақында сіз Шәкәрімнің өлеңіне жазылған «Көңілдес» атты поэтикалық фильмге түстіңіз. Көпшілік фильмнің көркемдігіне емес, сіздің белуардан жалаңаштанғаныңызды қатты сынға алды. Бұған не дейсіз?
– Біз бұл жерде суретшінің картинасын визуализацияладық. Мұның бәрі бейнені қалай ұсынғанымызға байланысты. Әйел жалаңаштанған арқасын көрсетсе, бұл – порнография емес. Екі ғашықтың ат үстінде қол ұстасып кетіп бара жатқан көрінісін эстетикалық түрде жеткізе білдік. Экранда олардың тек арқалары көрінеді. Мен бұл фильмде кеудемді көрсеткен жоқпын. Мұны өнер деп түсінсеңіздер екен. Фильмде эстетикалық сұлулық болуы керек. Мен мұндай жоғары талғамды жобалармен қуана жұмыс істер едім. Бұл фильм ешқандай да коммерциялық жоба емес. Оның мақсаты – поэзияны насихаттау, поэзияны биіктету. Мені «ұятсыз» деп сынағандардан бөлек қорғағандар да болды. Бұл – өнер. Егер сіздер дінге қатты берілген адам болсаңыздар, ғаламторда жалаңаш әйелдердің бейнелерін қарап отыруларыңыздың себебі неде? Егер сіздерге мұндай бейне ұнамаса, қарамаңыздар. Бұл фильмді ешкім сіздердің ұялы телефондарыңызға жіберген жоқ, өздеріңіз ғаламтордан тауып алып көресіздер де, ұят туралы пікір айтасыздар. Мұндай адамдардың мені сынауына құқығы жоқ.
– Бірқатар шәкәрімтанушылар «Шәкәрім бұл өлеңді ашынаға емес, Аллаға арнап жазған. Шәкәрімді бұлай қорлауға болмайды» деп сіздерді қатты сынға алды. Өзіңіз бұл өлең туралы не ойлайсыз?
– Шәкәрімнің бұл өлеңі әйелге арналғаны анық. Өлең жолдарында ешқандай Құдайға бағытталған сөздер жоқ. Мен өзім бұл өлеңді бірнеше рет қайталап оқып шықтым. Мен орыс тіліндегі аудармадан бөлек, қазақ тілін жетік білетіндерден түпнұсқаны жете түсіндіріп беруін сұрадым. Сол себепті бұл сындардың бәрі де орынсыз деп ойлаймын.
– Инстаграм парақшаңызға суға түскенде киетін киімдермен жиі суреттер салып тұрасыз. Хейтерлерден қорықпайсыз ба?
– Хейтерлер әр танымал адамда болады. Мен хиджаб киіп сурет салсам да олар мені сынап шығатын еді. Барлық адамға бірдей ұнай беру мүмкін емес. Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қазақ қыздары ешқашан хиджаб кимеген, ат мініп, еркін өскен арулар болған. Тек тұрмыс құрып, келін атанған кезде басына орамал таққан. Мен еркін адаммын, әлеуметтік желіге қалаған суреттерімді саламын.
– Қазір Дүниежүзілік жануарларды қорғау ұйымының Ресейдегі елшісі екенсіз. Бүгінде ұйымдарыңыз қандай нәтижеге қол жеткізді?
– Дұрыс айтасыз, мен бұл ұйымның елшісімін. Біз Тұран жолбарысын үшін бірқатар жұмыстар атқардық. Кезінде Балқаш көлінің бойында өмір сүрген сол жолбарысты осы жерге алып келіп, жерсіндіруді ойластырудамыз.
– «Қазақ тілін міндетті түрде үйренемін» деген уәдеңіз бар еді. Бүгінде сол уәдеңізді орындадыңыз ба?
– Мен биылдан бастап қазақ тілінен курстарға баруды бастадым. Таныстарым «Қашан қазақ тілін үйренесің?» деп сынай беруші еді. Енді қазақ тілін жарты жылда үйреніп шықпақ ниетім бар. Келесі жолы сізбен қазақ тілінде сұхбаттасатын боламын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынана оқи аласыздар)