- Ayree, оқырмандарымызға өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай өңірде дүнеге келдіңіз? Ата-анаңыз кім?
- Мен Семей қаласының тумасымын. Ата-анам ғұмырын музыкамен байланыстырған жандар. Әкем – Әли Рақышев елімізге белгілі саксафонист. Анам Сымбат Рақышева – эстрада әншісі, көптеген республикалық сайыстардың жеңімпазы. Анам президент оркестрінің бірінші солисі болды. Содан болар, музыкаға өте жақын болып өстім. Әкем: «Қызым, музыкалық білім алғың келсе домбыра курсын бітіруің қажет» деп, мені К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепке апарды. Мұнда домбыра аспабы сыныбын бітіріп, кәсіби күйші болып шықтым. Алайда менің сахнаға шығып ән айтқым келді. Мектепті тәмамдағаннан кейін ата-анама жайлап қана «Сіздердің айтуларыңызбен домбыраны шебер меңгеріп шықтым, енді мен өз қалаған бағытыммен жүргім келеді. Менің ән айтуыма қарсылық білдірмесеңіздер екен» деп өтініш айттым. Әкем қалауың болсын деп рұқсатын берген соң, Ж.Елебеков атындағы эстрада цирк колледжіне түсіп, ондағы вокал бөлімін бітірдім. Одан кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түстім. Академияның дипломына өткен жылы ғана қолым жетті.
- Ayree, шын есімің кім? Сахнаға лақап атпен шығуыңа не себеп болды?
- Менің шын есімім – Әйгерім. Шыны керек, эстрадамызда Әйгерім атты әншілер өте көп. Бастапқыда Әйгерім Рақыш болып сахнада өнер көрсетіп жүрдім. Аз ғана уақыт ішінде әндерімнің Ресей радиоларына тарап кеткенін байқадым. Олар менің есімімді әртүрлі қателермен жазып жүрді. Сол себепті, мен өз командаммен ақылдасып, лақап атпен шығуды дұрыс деп шештім. Ayree – қысқа әрі құлаққа жағымды есім. Айтарлықтай терең мағынасы да жоқ, есімім мен тегімнің алғашқы буындарының қосындысы.
- Қазіргі таңда продюсеріңіз кім?
- Қазір менің екі продюсерім бар. Руслан Әбдіқалиевпен қоса музыкалық продюсерім Ықылас Нығмето, үшеуміз ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз. Русланды 12 жасымнан бастап білемін. Ол студент кезінде әкемнен дәріс алған. Әкемнің шәкірті. Русланның кейін менің продюсерім болатынын ол кезде кім ойлаған?! Руслан осыған дейін «Ұлытау» тобымен, Мәдина Сәдуақасовамен бірге жұмыс істеді. Қазір менен басқа Арай Айдарханға да продюсерлік етіп жүр.
- Сізге жұмыс істейтін үлкен команда бар деп естідім, ол қаншалықты рас?
- Продюсерім Руслан кәсіби сазгер-ақындардан, ән әрлеушілерден арнайы топ құрып, бір халықты елең еткізетін бір әншіні сахнаға шығармақ болып жүр екен. Ол ауқымды кастинг жариялады. Мен Русланмен көптен таныс болсам да, ол: «Әйгерім, сенің сахнаға шығатын уақытың келген жоқ, сен әлі дайын емессің» деп отыратын. Күндердің бір күні өзі хабарласып, кастингке келуімді сұрады. Мен ол кезде бір топтың солисі болып жұмыс істеп жүрген едім. Русланның командасы менің даусымды ұнатып, маған тоқтады. Алғашқы жылы маған екі-үш ән жазып, бағытымды байқаумен болды. Бір жыл бойы сахнаға шықпай, тек ән жазумен, хореографиямен айналыстым. «Ayree» деп қалай атымды өзгерттім, солай ісім алға жүре бастады. Командамызға танымал композитор Бауыржан Бимахан келіп қосылды.
- Сіздің бейнебаяндарыңызға шетелдіктер ерекше назар аударады екен. Ютуб желісінде әндеріңіз бен бейнебаяндарыңызға әртүрлі елдерден түсіп жатқан видео-реакцияларды да байқадық.
- Өткен жылы Қытай еліне гастрольмен барғанымда өзім де қатты таңғалдым. Концертке жанкүйерлерім өте көп жиналды. Бастапқыда қаумалап менімен суретке түскісі келген халықты көріп кәдімгідей абдырап қалдым. Қытайдағы қандастарымыз әндерімді бұрыннан тыңдайды екен. Осы жақында тағы да Пекиндегі концертке барып қайттым. Өзім де Азия елдеріне танылып келе жатқанымды байқап жүрмін. Алғашқы екі жыл үшін бұл жаман нәтиже емес деп ойлаймын.
- Ән айту, киім кию стиліңізге қарап барлығы сізді К-поп әншісі деп ойлайды. Өзіңіз мұнымен келісесіз бе?
- Мен бір стильмен шектелмейтін әншімін. Менің белгілі бір қалыптасқан стилім жоқ. Қазір мен рок айтып жүрсем, ертең лирикалық әнді орындап шығуым әбден мүмкін. Эстрада әртісі болғаннан кейін жан-жақты болуым керек деп ойлаймын.
- Өзге әншілермен салыстырғанда сіздің қандай ерекшелігіңіз бар?
- «Осындай ерекше қасиетім бар» деп айта алмаймын. Менің ойымша, әртіс шынайы болуы керек. Шынайы орындалған ән ғана тыңдарманның жүрегіне жетеді.
- Сіздің танымал әншілер Арай Айдархан, Бауыржан Бимаханмен орындаған дуэттеріңіз көпшіліктің көңілінен шықты. Мұны өзіңіз де байқап жүрген боларсыз. Бауыржанмен бірге жұмыс істейсіз, ал Арай Айдарханмен қалай таныстыңыз?
- Арай Айдархан – Қытайда өте танымал әнші. Мен бастапқыда ол туралы ештеңе білмейтінмін. «Ол өте танымал әнші» деген соң, продюсеріме сенім арттым.тАрай ән жаздыру үшін Қазақстанға екі күнге ғана келді. Композиторымыз екеумізге дуэт орындап шығуға лайық деген бес әнді көрсетті. Екеуміз «Қинама мені» әнін таңдадық. Арай студияға кіріп, әнді бастап кеп жібергенде, бәріміздің аузымыз ашылып қалды. Әнді өте керемет айтады екен. Осы орындаудан кейін мен студияға қалай кірем деп жүрексіндім. Алайда, Арайдың қолдауының арқасында екеуміз әнді тез жазып шықтық. Енді Айдармен екінші рет басқа әнге дуэт жазбақпыз.
- Арай екеуіңіздің араларыңызда сүйіспеншілік бары рас па?
- Жоқ. Біз жай ғана жақсы доспыз. Қыз бен жігіт дуэт айтса болды, елдің осылай ойлап шыға келетіні жаман. Мен Арайды қатты сыйлаймын. Онымен әріптес болғаным үшін қуаныштымын.
- Дуэттердің хит болуы өте сирек кездесетін жағдай. Сіздің дуэттеріңіздің сәтті шығуының қандай сыры бар?
- Мұның барлығы – дұрыс түсінісудің арқасы. Екі әнші бір-бірімен жақсы түсінісе білсе, дуэт те сәтті шығады деп ойлаймын.
- Ayree, сізді бір күні сары шашпен көрсек, ертеңгі күні қызыл шашпен жүресіз. Үнемі кескініңізді өзгертіп жүретін әншісіз. Бұл продюсердің талабы ма?
- Менің киімімнен, шашымнан бастап, әндерімді де, бейнебаяндарымды да продюсерлік командам қатаң қадағалап отырады. Өзім сән салондарына жиі баратын сәнқой қыз емеспін. Шашымды әртүрлі түске боясам, бұл – әндерімнің ажарын ашу үшін жасалып жатқан дүние.
- Қазір менің алдымда өте нәзік, ұяң қыз отыр. Ал бейнебаяндарыңызда өте шайпау, қатал қызға ұқсайсыз…
- Менің ойымш, әртістің бір образы болуы керек. Үйде жай ғана Әйгеріммін. Ал сахнада ештеңеден қорықпайтын Ayree-мін. Мен сахналық өмір мен жеке өмірді бөліп қарайтын адаммын. Өмірде сахнадағы кейпіме мүлдем ұқсамайтын нәзік қызбын.
- Ата-анаңыз сіздің орындап жүрген әндеріңізді тыңдай ма?
- Ата-анам әндерімді тыңдайды. Олар маған үлкен сенім білдіріп отыр. Кейде солардың ақыл-кеңестеріне жүгінемін. Әсіресе, әкем – менің бірінші сыншым. Болашақта мен әкем сияқты кәсіби маман болғым келеді
Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали
Cұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар