• Елбасы Н.Ә.Назарбаев жолдауында: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы», дейді. Ия, қазақ жерінде 130-дан аса ұлт пен ұлыстың өкілдері болса, олардың көбі Елбасы атап өткендей тілі мен мәдениеті ортақ, тамыры бір түркі халықтары. Бүгінде кең дүниеге құшағын ашқан киелі орда — Қазақ ұлттық университетінде де талай ұлттың өкілі білім алып келеді. Журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасында 21 ұлт өкілі білім алып жатыр. Ауызбіршілігі жарасқан, үздік үлгерім танытып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын шетелдік студенттер туралы кафедра меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Н. Шынғысова: «Біздің кафедрамызда әртүрлі ұлт өкілдері білім алады. Олардың оқуға, білуге деген ынтасы жоғары. Қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі оларды ерекше қызықтырады», — дейді. Шетелдік студенттер қазақ елінің қонақжайлығына тәнті. Соның бірі — факультеттің үлгілі студенті, тәжік қызы Шарипова Мехрона: «Қазақ елінің болмысы біздің халықпен өте ұқсас. Мәселен, салт-дәстүрін алып қарасаңыз, талайы айна-қатесіз үндесіп жатады. Жарық дүниеге шыр етіп сәби келгенде, тәжіктер 40 күн мәпелеп, қырқынан шығарады. Шілдехана жасап, қаз-қаз басқанда тұсауын кеседі. Азан шақырып ат қоюы мен сүндетке отырғызу ғұрпы да етене жақын. Тіпті құда түсіп, қыз айттыру салты да ұқсас. Сол себепті, қазақ елі өзімнің бауырлас халқым деп білемін. Сонау Душанбеден Алматыға, Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсем деп, алыстан келдім. Алғашында бейтаныс халықтың мені қалай қабылдайтыны кәдімгідей алаңдатты. Оқуға түсіп, жатақхана табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ, өз жұртымда жүргендей сезіндім. Себебі, бір бөлмеге қоныстанған қазақ қыздары бірден жылы шырай танытып, ақ дастарханын жайып салды. Қонақжайлығына тәнті болдым. Содан бері біз бір-біріміздің ән-күй, жырларымызды, түрлі тағамдарымызды бір-бірімізге ұсынып, ымырада, ынтымақтасып тіршілік кешеміз”,- дейді.
    «Мұнысы рас» деп грек қызы Вавулиди Милина Мехронаның сөзін іліп алып кетті. «Грек болғаныммен, менің кіндік қаным тамған жер — Қазақстан. Саяси қуғын-сүргін кезінде осы елге қоныс тірегенбіз. Содан бері қазақ жұрты менің туған бауырым болып келеді. Қазақтың бүтін болмысындағы құнды қасиеттер бойымызға әбден сіңген. Мына қызықты қараңыз, мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға түсер алдында бір жыл Грецияда тірлік кештім. Қалай дегенде де, онда менің қандастарым бар деп ойлайтынмын. Бірақ, сіңісе алмадым. Гректердің қазақтан бөтендеу, қатқыл табиғаты жанымды жүдетті. Кәдімгідей Қазақстанымды сағынып, құлазыдым. Сағынышымды білсеңіз ғой. Қайтадан оралып, бірден журналистика факультетіне түстім. Енді баршаға жар салып, менің Отаным — Қазақстан деп, зор мақтанышпен айтамын», -деп сөзін түйіндеді. Расында, нәсіліне қарамай, бауырына басатын қазақ жұрты қашанда кемеңгер.Жалғас Иманалиев
    ЮНЕСКО, халықаралық журналистика
    және қоғамдық медиа кафедрасының доценті

Пікір қосу