Атышулы Дәурен Айдарқұлов дүйім жұртқа «Ақботамен қосылдық» деп жариялаған жазбасы жалған болып шықты. Осы уақытқа дейін бұл сауалға мардымды жауап бермеген бұрынғы ерлік-зайыптылардың қазіргі қарым-қатынасы жайлы Ақбота Сейітмағамбеттің өзі хабарлады. Ақбота Stan.kz-ке берген сұхбатында ашық айтып берді.
«Дәуреннің әлеуметтік желідегі жазбасынан ешқандай хабарым жоқ. Себебі, инстаграмда біз бір-бірімізді оқымаймыз. Сол себепті, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Оның жеке өмірі маған қызық емес, менің жеке өмірім оған қызық емес. Бірақ, желі де «Дәурен Айдарқұловпен қосылдыңыздар ма?» – деп менен сұрады, «жоқ» деп жауап бердім», – дейді Ақбота-Нұр.
Ақбота мен экс-жолдасы Дәуреннің жеке өміріне араласпаса да, жұмыс бабымен жиі жүздесіп тұрады. Сонымен қатар, ортақ ұлдары болғандықтан, байланыста болатындығында жасырмады.
«Баламның әкесі болғандықтан неге араласпасқа?! Біз шоу-бизнесте бірге жүреміз. Жұмысымыз бір. Көрмеймін деген күннің өзінде, бәрібір жұмысымыз бір. «Болды, кетіп қалдым, жүре алмайын» – деп айтатын адам емеспін. Мен олай жүре алмаймын. Өйткені, баламның әкесі болғандықтан араласып тұруыма тура келеді. Менде кек сақтау деген жоқ. Бәрі бітті дей алмаймын. Араласып тұрамыз, тойға да бірге шығып тұрамыз», – дейді Ақбота.
«Баласымен кез-келген уақытта демалады. Мен оған шектеу қоймаймын. Бала ортақ. Ойын-сауық орталықтарына барады. Өзі көтеріп, қалаған жерлеріне барып, қыдырып келеді. Көмектеседі. Шынымды айтсам, ұлым мен Дәурен аптасына 3-4 рет кездесіп тұрады», – дейді әнші.