Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен жемқорлық қылмысына қатысы бар 22 фигурантқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сотталушы Қуандық Бишімбаев осымен үшінші күн сот алдында жауап беріп жатыр. Сот барысында экс-министр өзінің соңғы 7 жылдағы табысы мен шығыны жайлы айтты.
«Маған өзімнің табысым жайлы мәліметтерді жариялауға рұқсат беріңіз. Және маған 120 мың доллар бере алдым ба, жоқ па сол сұраққа жауап беруге рұқсат беріңіз», — деді Бишімбаев судьяға. Сотталушы қылмыстық іс материалдарында осы мәліметтердің көрсетілгенін айтып өтті. «Онда менің банктердегі есепшоттарымның бар екені айтылады. 2010-2017 жылдар аралығында шотқа 273 миллион 638 мың 328 теңге түскен. Бұл соманы ескі бағам бойынша санасақ, шамамен екі миллион доллар. Осы уақыт аралығындағы шығын көлемі — 262 миллион теңге. Олардың 95 миллион теңгесі депозитке аударылды. 42 миллион теңге қолма-қол шешілген. Сондықтан менің коттедж құрылысына 120 мың доллар ақша аударғаным мүмкін емес. Ақшаларға қатысты мәлімет мына жерде де көрсетілген», — деді Қуандық Бишімбаев.
Ал кеше, 9 қаңтарда өткен сот отырысында сотталушы Қуандық Бишімбаевқа арналып салынып жатыр делінген Қосшыдағы үй мен «Prяник» мейрамханасының кімге тиесілі екені жайлы толық айтып берген болатын. Мұның алдында экс-министр Мемлекет басшысынан кешірім сұраған еді. «Президенттің алдында кінәлі екеніміді білемін. Мен танитын адамдар, мен өзім жұмысқа шақырған Жақсыбаев, Жақыпов және тағы басқалар маған нұқсан келтірді, мен олар үшін Мемлекет басшысы алдында жауаптымын. Осы жағдай үшін және Президенттің сенімін ақтай алмағаным үшін ұяламын. Кадрларды таңдау кезінде қатты қателестім. Менің сеніміме кіріп, мені тек қолданған адамдарды өзіме жақындаттым. Мемлекет басшысынан кешіріп сұраймын, халықтан осы үшін кешірім сұраймын», — деген еді Бишімбаев.