«Қазақ аруы» телехикаясы – «Қазақ аруы» байқауының шынайы көрінісі

– Гүлзада, сені «Қазақ аруы» телехикаясында басты рөлді сомдаған актриса ретінде көпшілік тани бастады. Оқырмандарымызға туып-өскен жерің туралы ақпарат бере кетсең.

– Мен өмірі өлең, тамыры терең Қарасай мен Жамбыл ауданының тумасымын. Әкем − мемлекеттік қызметкер, анам балалардың тәрбиесімен айналысады. Үйде төрт ағайындымыз. Гүлзат есімді әпкем, Әмірхан есімді ағам және Майқыби атты інім бар. Әулетіміздің үлкендері мен туғанда «әпкесі Гүлзаттың сыңарындай болсын» деп Гүлзада қойыпты. Ата-анам қазақы тәрбиені бойымызға сіңіріп өсірді. Сонымен қатар сабақты үздік оқуым мен тәртібімнің дұрыс болуын қадағалайтын. Соның арқасында армандаған оқу орныма грантқа түстім. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 1 курс студентімін.

– «Қазақ аруы» телехикаясына қалай келдің? Бұл жобаға кастинг арқылы қабылдандың ба?

– «Баян Мақсатқызы телехикая түсіргелі жатыр. Бұл жобаға түр-келбеті келіскен, актерлік шеберлігі бар қыздарды іріктеп алады екен» деген жаңалықты достарымнан естідім. Содан кастингке барып, бағымды сынап көргім келді. Кастингке қатысқан 500 қыздың арасынан телехикаяға түсетін арулар таңдалынып алынды. Кастингке еліміздің түкпір-түкпірінен үміткерлер қатысты.

– Фильмнің кастингі қалай өтті?

– Фильмге түсуге тілек білдірушілерге «Қазақ аруы» сайысының іріктеуіне арналған талаптар қойылды. Бұл телехикая өзін арумын деп есептейтін әр бойжеткенді білімді болуға, сабақты жақсы оқуға насихаттайды. Ең басты қойылған талап − қыздардың оқу үлгерімі жақсы болу керек. Мұны ұйымдастырушылар алдын ала ескертті. Сондай-ақ, бойымыз, салмағымыз, түр-келбетіміз, қазақ тілін меңгеруіміз қатаң тексеріліп, ал актерлік қабілетімізді көрсету басты талаптардың бірі болды.

Интеллектуалды білім демекші, өзің қай жерде білім алдың? Іріктеуде қабілетіңді әділқазыларға қалай дәлелдедің?

– Жоғары оқу орнына дейін Астана қаласындағы №66 мектепте оқыдым. Және 10-11 сыныпты бір жылда бітірдім. Бұл қысқа уақыт ішінде оқу, яғни, «экстерный» деп аталады. Менің сабақ үлгерімім жақсы болғандықтан, түске дейін және түстен кейін сабаққа қатысып, екі сыныпты бір жылда жедел оқып шықтым. Физика пәнінен халықаралық олимпиадалардың жүлдегерімін. Мектепті алтын белгіге үздік бітірдім. Кастингке келгенде мадақтау қағаздарым мен жетістіктерімді әділқазыларға көрсеттім. Өз шығармашылығымнан бірнеше өлең оқыдым. Оқу үлгерімімнің жоғарылығы әділқазыларды бей-жай қалдырмады деп ойлаймын.

– Телехикаяда Әсел есімді жетім қыздың рөлін сомдадың. Кейіпкеріңнен өзіңе ұқсастықтар таптың ба?

– Әсел екеуміздің ұқсастығымыз көп. Мен адамдармен ашылып, еркін сөйлесіп кете алмаймын. Мінезім кейіпкерім секілді өте тұйық. Әсел − үлкен кісілерге қарсы сөйлей алмайтын, жамандыққа жақсылықпен жауап беретін жағымды образ. Байқап қарасаңыз, фильмде Әсел физика пәнін өте жақсы көреді. Мен де мектепте осы пәннен олимпиада жүлдегері екенімді жоғарыда айттым. Бұл менің алғашқы рөлім болғандықтан, режиссер кейіпкерімді өзіме ұқсатуға тырысты.

– Баян Мақсатқызы телехикая үшін кастингті неліктен бөлек жүргізді? Әдетте «Қазақ аруы» сұлулық байқауының жеңімпазы фильмнің басты рөліне бекітілетін.

– Біз фильмді үш ай бұрын түсіріп тастадық. Егер байқау жеңімпазын телехикаяға түсірсе оған бірнеше ай уақыт жоғалтар еді. Ал конкурстан кейін бірден телехикаяны көрсету көрерменнің қызығушылығын оятты. «Қазақ аруы» телехикаясы − «Қазақ аруы» байқауының шынайы көрінісі. Осыған дейін байқауда болған оқиғаларды фильмге пайдалана отырып, сюжет жасалынды.

– Телехикая көпшіліктің көңілінен шығып, оң бағасын алды. Алайда ұзақтығы бар-жоғы 6 бөлім екен. Неліктен қысқа? Болашақта телехикаяның жалғасы түсіріле ме?

– Менің ойымша, телехикая қысқа емес. Біз мұнда сайыста болған барлық оқиғаларды көрсете алдық деп ойлаймын. Телехикая біте салысымен көпшілік жалғасын түсіруді сұрап жатыр. Бірақ, мен бұл туралы дәл қазір ештеңе айта алмаймын.

Түсірілімнің бірінші күнінде үйге жылап келдім

– «Әсел образы жағымды кейіпкер болғанымен, актрисаның жүзі қатал, суық. Өз эмоциясын білдіре алмайды» деп сынағандар да болды. Фильмді көпшілік тамашалағаннан кейін олардың пікірлерін естідің бе?

– Фильмді көргендердің көбі актерлік қабілетіме риза болып, қошемет білдіріп жатыр. Ал сынағандарға айтарым, мен өмірде көзқарасы суық адаммын. Құдайдың берген келбеті мен мінезі болғандықтан, мұны өзгерте алмаймын. Осы мінезім экраннан  осылай көрінуіме әсер еткен болар.

– Фильмге түсу барысында қандай қиындықтар болды?

– Мен үшін бұл телехикаяға түсу қиын болды. Телехикая 10 күн ішінде түсіріледі деп жоспарланды. Таңғы 6-да тұрып, түнгі 12-де үйге оралатынмын. Телехикаяны тәжірибелі режиссер Ернар Нұрғалиевтің жетекшілігімен түсіріп шықтық. Түсірілімнің бірінші күнінде үйге жылап келдім. Отбасында еркелеп өскендіктен, бөгде біреудің ескертпесі мен дауыс көтеруіне шыдай алмадым. Бірақ, бұл жұмыс екенін, талапты орындау  мен үшін міндет екенін бірден есімді жыйып түсіне бастадым. Сондықтан, режиссердің айтқанын тыңдап, тапсырмасын орындадым. Фильмнің бірінші бөлімінде Әсел мектеп бітіріп, алтын белгі иегері атанып қуанып жатқанда әке-шешесінің қаза болғанын естиді. Мен сценарий бойынша қаралы хабарға сене алмай, сол арада бірден жылауым керек. Бірақ, эмоциядан эмоцияға ауысу мен үшін қатты қиын болды. Осы көрініске кіре алмай қиналғаным есімнен кетпейді.

Телехикаядағы бір көрініске байланысты «Баян Мақсатқызы 16 жасар қызды Тәуекелмен сүйістіріп қойды» деген тақырыптармен сайттарда шулы ақпарат тарады. Бұл туралы не дейсің?

– Фильмге түсерден бұрын мұндай қиындықтардың болатынын білдім. Маған режиссер талап қойды, мен оны орындадым. Түсірілім алаңында мінезімді көрсетіп, келіспей жанжал шығарғым келмеді. Әрине, маған бүкіл елдің алдында осындай сахнамен көріну қиынға соқты. Бірақ, бұл режиссердің талабы.

– Ата-анаңның бұл туралы хабары болды ма? Көрініске қарсылық білдірмеді ме?

– Бастапқыда анама айттым, ал әкем бұл туралы білмеді. Ол кісі  естігеннен кейін осы көріністен бас тартуымды сұрады. Бірақ, мен әкеме бұл режиссердің талабы екенін түсіндірдім.

– «Гүлзада Тұрлаш басты кейіпкер болып ойнауға лайық емес. Оның әкесі белгілі шенеунік болған соң рөлді сатып алған» деген бір әлеуметтік желі қолданушысының пікірін оқып қалдым. Шынымен де басты рөлді сомдауда әкеңіздің ықпалы болды ма?

– Жоқ, телехикаяға түсуіме әкемнің ықпалы болмады. Әкем менің кастингке барғанымды да білген жоқ. Тіпті, телехикаяға түсіп жатқанымды бәрінен кеш естіді. Халық кейде «тырнақ астынан кір іздеп», әр неден кемшілік іздеп отырады. Неге мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамдардың қыздары конкурсқа қатыспауы керек? Иә, менің әкем мемлекеттік қызметкер. Бірақ, лауазымды тұлғалардың балалары да адам ғой! Олар да кастингтен өтіп, белгілі бір жетістікке жете алады. Мен бұл пікірлерді оқысам да мән бермеуге тырыстым. Өйткені, шындықты өзім ғана білемін.

– Сені өлең жазуды жақсы көреді деп естідім. Қандай тақырыптарға қалам тербеген ұнайды?

– Мені кейбір таныстарым «ақын қыз» деп атайды. Алайда өзімді ақынмын деп айта алмаймын. Өлеңдерімді халыққа жариялауға дайын емеспін. Орыс тілінде де өлеңдерім бар, бірақ, көбінесе қазақ тілінде жазамын. Нақты тақырыпқа емес, өмір, табиғат, отбасым туралы жазған ұнайды.

– Биыл «Қазақ аруы» байқауының жүргізушісі болдың. Көпшілік сен туралы «дикциясы нашар», «өзін дұрыс ұстай білмейді» деп баға берді. Осы сындарды ескеріп, өз-өзіңмен жұмыс істеп жатырсың ба?

– «Көш жүре түзеледі» деген қазақта аталы сөз бар. Концерттен кейін маған айтылған сындардың барлығын оқып, ескеріп жатырмын. Бірақ, көрермен 17 жасар қыздың үлкен республикалық концертте бірінші рет жүргізуші болып тұрғанын ескерсе екен деймін. Қазір  дикциямды, дауысымды қою үшін жеке сабақ алып жатырмын. Көп ұзамай концерттер мен бағдарламаларды сауатты жүргізуге тырысамын.

 

– Телехикаядан кейін жігіттер қауымы тарапынан сөз салып, көңілін білдіретіндер де көбейген болар. Ал өзіңнің жүрегің бос па?

– Атақты жазушы Александар Дюма: «Жалғыздықтағы бақыт – толыққанды бақыт емес» деген екен. Мен де бұл пікірмен келісемін. Бірақ, қазір бұл туралы ойлау мен үшін ерте деп ойлаймын. Екіншіден, менің сүйікті адамым жоқ. Бұл туралы болашақта ойлана жатармын.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

 

Пікір қосу