– Қуандық аға, жақында ғана өзіңіз басты рөлде ойнаған «Питерден келген оралман» атты комедиялық фильм жарық көрді. Фильмнің сценарийі әдейілеп сізге арналып жазылған дейді?
– Фильмнің сценарийін жазған – Жәмит Көшербаев деген азамат. Ол қазіргі таңдағы ең мықты сценаристердің бірі. «Хабар» арнасында «Таң қалмаңыз», «Біздің көшенің тұрғындары», «Дударай», «Әзіл әлемі» сынды түрлі жобалардың сценарийін жазған. Жәмит екеуміз бірқатар жобаларда бірге жұмыс істеп келе жатырмыз, бір-біріміздің шығармашылық қыр-сырымызды жақсы білеміз. Бұл киноның сценарийін маған арнап жазды. Фильм желісі бойынша бір ауылда тұрған ағайынды кісілердің балалары біраз уақыт Питер қаласында тұрып, кейін ауылға қайтып келеді. Содан «оралман» деген ұғым туады. Әрине, бұл жерде жалпы фильм мазмұны әзілге құрылған. Ешқандай астары жоқ.
– Бұл сіз түскен алғашқы толықметражды фильм бе?
– Жоқ, бұған дейін «Мент» деген кинода ойнаған болатынмын. Одан кейін екі-үш кинода эпизодтық рөлдерге түстім. Ал негізгі ауыз толтырып айтатын, басты рөлді сомдаған кином – осы «Питерден келген оралман» фильмі. Бұл фильмде махаббат та бар, комедия да бар, құмар ойынға ерік берген адамның да образы ашылады. Мен ойнаған кейіпкер құмар ойынға бір табан жақын болып, соның зардабын тартады. Фильмнің соңы қалай аяқталатынын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, кейіпкерлер біраз қиындықты бастан кешіреді.
– Өзіңіз киноға түскен кезде сценарийді сол күйінде айна-қатесіз айтып шығасыз ба, әлде өз жаныңыздан қосып импровизация жасайтын кезіңіз көп бола ма?
– Мен ұсыныстарға талғаммен қарауға тырысамын. Былтыр, мәселен, бірқатар киноларға түспеймін деп кері қайтардым. Кішкене өтірігі көп болып кетсе, негізгі оқиғадан ауытқып кетсе, табиғатыма жақын болмаса, онда мен ол кино болсын, тележоба болсын бас тартамын. Әй, ертең осы рөлді ойнап жатып ұялып қаламын-ау, одан да түспей-ақ қояйыншы деген сәттер болады. Сол үшін әуелі сценариймен танысып, көз алдыма елестетіп шығуға тырысамын.
– Осы фильм шыққалы бері де, бұған дейінгі жобаларыңыз арқылы да көрермендер сізді «нағыз таза қазақи болмыстағы актер» деп жиі баға беріп жатады. Мұндай болмыс сізге қайдан сіңген?
– Бұл менің таза табиғи болмысым. Өзім нағыз қазақы ауылда, қазақы тәрбиеге сусындап өстім. Кейін келе «Бауыржан-шоуда» да қазақилығы басым, сәл аңқаулау, аңғал қазақтың рөлін жиі сомдадым.
– Сонда өмірде де өз мінезіңіз сондай ма?
– Өзім де өмірде сондай жанмын. Талай адамдардың қалжыңына да, уәдесіне де алданып қалғанмын. Ең бастысы, мінезім қарапайым. Экранға да сол өз болмысыммен шығамын. Бірақ, мұның пайдасы да, зияны да бар. Пайдасы – өтірік айтпау, ешкімге жағымпазданбау. Мені өмірде көрген адамдар «аға, сіз салмақты екенсіз ғой» дейді. Енді үнемі сахнада, фильмде комедия жанрында жүргеннен кейін өмірде де күліп жүреді деп ойласа керек. Жалпы, өмірде бір нәрсенің өтірік екенін біліп қалсам, шыдай алмай кетемін. Мысалы, көлікпен «Саяхаттың» қасында кетіп бара жатамыз, қасымдағы адам телефонмен сөйлесіп жатады да, «Қаскелең жақта қазір 20 минутта боламыз» деп соға салады. Сондай кезде қалай ашуланбайсың. Мен айтамын «әй, қалай 20 минутта боласың, кемі бір сағат жүресің, неге алдайсың ол кісіні» деп күйіп кетемін. Соңғы түскен сериалым «Жаңа қоныста» да сондай сәл әпенді, қарапайым отағасының рөлін сомдадым. Онда өнерде жұбымыз жазылмай келе жатқан Бақытпен бірге ойнадым. Ол екеуміз театрда да, кезінде «Бауыржан-шоуда» да, тойларда да, сериалдарда да бірге жүретіндіктен көп жұрт екеумізді ерлі-зайыпты деп ойлап қалады екен. Ал шынайы өмірде бөлек отбасы иелері екенімізді білген кезде таңырқап жатады. Бақыт та өте жақсы актриса. Екеуміз бір-бірімізді бір-екі ауыз сөзден түсінісеміз.
– Осы «Жаңа қоныс» сериалы көрермендердің ерекше ықыласына ие болды. Бақыт апай екеуіңіз о бастан жақсы әріптессіздер, ал жастармен ойнау қаншалықты қиын болды?
– Сериалдағы қызымыз бұған дейін «Сырғалым» телесериалында ойнап, камераға үйреніп қалған. Түсірілім алаңында еш қиындық туындаған жоқ. Ол бәрімізге бірден бауыр басып, тез үйренісіп кеттік. Одан кейін Нұрсұлтан КВН-нен келген, өнерпаз, өте талантты жігіт. Кинода да, кадрдан тыс кезде де әрдайым әзіліміз жарасып тұрады.
– Өзіңіз енді алдағы уақытта кинода қандай образды сомдағыңыз келеді? Ойда жүрген кейіпкер бар ма?
– Шынымды айтсам, батырдың рөлін ойнағым келіп жүр. Жер қорғаған, ел қорғаған, ұлт үшін жанын қиған батырды сомдасам деймін. Тым құрығанда қылыш ұстап, солардың қасында жүретін рөл болса да риза болар едім. Мэл Гибсондардың тарихи киноларын тұшынып көремін. Елімізде де тарихи картиналар көптеп түсіріліп жатыр. Алдағы уақытта оның да сәті кеп қалар.
– Сіз көпшілікке комедиялық рөлдер арқылы танылдыңыз. Бұдан кейін драма да, басқа жанрда ойнау, керағар образға сіңісу қаншалықты қиын?
– Негізі, комедия жанры қиын. Мәселен, трагедияны ойнап шығуға сондай бір дарынның керегі шамалы. Әуезов театрында жүргендер де, басқа театрдың актерлері де трагедияны ойдағыдай алып шыға алады. Мен жеке басым трагедиялық рөлді сомдап шығу үшін басқа актерлер секілді бір ай емес, екі-ақ күн дайындаламын. Қазақ өзі жылап, қайғырғанға оңай бейімделіп кетеді ғой. Мұны әрине оқырман дұрыс түсінсін. Жылағанның бәрі трагедия емес. Оның астарына терең үңіліп, рөлді жан дүниеңмен сезе білуің қажет, сонда ғана ойының шынайы шығады. Ал комедияның қиын жанр екенін, оны ойдағыдай көрерменге ұсынудың машақаты еңбекті қажет ететінін актерлердің өзі жақсы біледі. Ал басқа рөлдер маған қиындық тудырмайды. Сондықтан, басқа жанрдағы кинолардан ұсыныс түсіп жатса, қуана келісер едім.
– Жоғарыда атақ туралы әңгіме қозғап қалдық қой, өзіңізде атақ бар ма?
– Менде ешқандай атақ жоқ. Бірақ, ойбай менде атақ жоқ екен, қиын болды-ау деп қиналып жүрген Қуандық жоқ (күліп). Болып жатса, бұйырып жатса берілер. Бірақ, өзім іздемегем де, ондай ой мазаламапты да. Ең бастысы көшеде көріп, ойнаған рөліңіз ұнады деп жатса одан асқан құрмет жоқ.
– Жеке өмірде достарыңыз қаншалықты көп?
– Менде достар әр саладан. Актерлер жұмыс бабында, курстастарымыздың өзі бір төбе. Өмірде де, «ватсапта» да біргеміз. Енді заманның талабы сол ғой, қазір бәрі интернет болып кетті. Бір-бірімізге үнемі хабарласып, қуанышта да, қайғы да бірге болуға тырысып жатамыз.
– Ал отбасыңызға қаншалықты жиі көңіл бөлесіз?
– Мен өзім ерекше жақсы көретін Алпачино деген актер бар. Сол кісі айтады «әркез бірінші орында жанұя тұруы тиіс. Атақты да, ақшаны да бірінші қойма. Бірінші сүйген жарың, балаларың мерейіңді тасытып, мейірімге бөлейді. Ақша келіп ешқашан көз жасыңды сүртпейді» деп. Шүкір, сүйген жарыммен отасқаныма 25 жыл болды. Бір қыз, бір ұлымыз бар. Қызымыз бойжетіп, жақын арада құда болып қаламыз ба деп үміттеніп те отырмыз. Ал ұлымыз 18-ге толып студент атанып жатыр. Ал жалпы өзім туып-өскен отбасымда бес ағайындымыз. Екі ағам мен екі әпкем бар. Ағаларымның екеуі де қазір туған жер Жаркентте тұрып жатыр. Екі әпкем мен үшеуміз Алматыда тұрамыз. Мен үйдің кенжесімін. Кенжесі деген менің өзім міне 50-ге жақындап қалдық. Әкеміз ерте кетті, шешем бар.
– Шығармашылықтан бір сәт демалған кезде айналысатын хоббиіңіз бар ма?
– Көп жігіттер аңға шығып жатады, менің оған ебім жоқ. Бір-екі достарыммен моншаға, өзенге барып суға түсеміз. Ал басқалай тау аралап кетіп, шаңғы тебу дегенге жоқпын.
Сұхбаттасқан Абай Аймағанбетов
Қуандық аға, сіз ойнаған киноларды сүйіп көреміз. Қартаймаңыз, ауырмаңыз.)