Шымкентте Н. Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы ұстаздары арасныдағы сот аяқталды. Аталған білім мекемесінің директоры Айман Жүсіпова, орынбасарлары Дана Асылбекова, Айжамал Қозыбекова қатардағы мұғалім  Гүлжан Сәлімбаеваның үстіне шағым түсірген болатын. Жәбірленушілер Г. Сәлімбаева ар-намысымызға тигені үшін моральдық шығын өтеуі тиіс деген еді.  Өткен оқу жылының соңында Г. Сәлімбаева «еңбек келісім шартында көрсетілмеген жұмысқа тартылғанын және мектеп басшылығынан қысым көргенін» БАҚ-да жария еткен. Тіпті аталған мектептің басшыларының соққыға жыққанын айтып президент Н. Назарбаевқа шағымданған еді.

Азаттық радиосының хабарлауынша №38 мектеп-гимназиясы басшыларының шағымын судья Қайрат Ізбасаров қарауға жатпайды деп тапқан. Мектеп басшысы Айман Жүсіпова, орынбасарлары Дана Асылбекова, Айжамал Қозыбекова өз арыздарын қайтарып алуына байланысты сот процесі тоқтаған. juldyz.kz тілшісі Гүлжан Сәлімбаевамен сұхбат құрған еді. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

Гүлжан, қалыңыз қалай? Қазір қайдасыз?

Қазір мектептемін. Сабағымнан шықтым. Келесі сабағымды күтіп отырмын. Көңіл-күйім жақсы. Сол Н. Оңдасынов атындағы мектеп-гимназияда жұмысымды жасап жүрмін. Орыс сыныбының оқушыларына қазақ тілін оқытамын ғой.

Қазір қысым көріп жатқан жоқсыз ба?

Жоқ. Бәрі жақсы. Сот болып жатқан кездегі қиындықтарымды сөзбен жеткізе алмаймын. Ал қазір соттың үкімінен кейін көңіл-күйім тамаша. Көрген қиындықтардың барлығы ұмыт болды. Жаңа серпінмен балаларға сабақ беріп жатырмын. ЖОО-нын грант арқылы аяқтағам. Өз мамандығым өзіме ұнайды. Білім ордасындағы еңбек жолымды жалғастыра беремін.

Мұғалімдердің жұмысынан тыс шаруаға шегілуі БАҚ-да айтылып жатыр. Қолдаған әріптестер болған шығар.

Әрине, қолдағандар болды. Ең бірінші болып алматылық мұғалім, әріптесім Айман Сағидуллаева мен Мейіржан Темірбек қолдау көрсетті. Ол кісі де мұғалім. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданынан.  Осы екі кісі маған үлкен күш қуат берді. Алға жетеледі десемде болады. Түркістан қаласында директорымен соттасқан Баян Сәбден деген әріптесімізде келіп қолдау көрсетіп, сот отырысына қатысты. Менің өкілім болып, тіпті процесте сөз сөйледі. Мектеп директорының  заңсыз әрекеттерінен жапа шегіп, қудалауға түскен сарағаштық  мұғалім  Малдыбаева Меңсұлу әріптесімде қасымнан табылды. Бұл нені көрсетеді. Қазақстанның барлық аймағында ұстаздардың құқығы тапталып, еңбек келісім шартында көрсетілмеген жұмыстарған шегілуде. Тегін жұмыс күйшіне айналып отырған мұғалімдердің саны аз емес. Біз өз проблемамызды өзіміз айтуымыз қажет деп ойлаймын.Айтпақшы, Маржан Асфандиярова, Жақсылық Шекеев, Жаңабек Әбішев сынды заңдық көмек берген заңгерлерге де алғысым шексіз.

Соттан әділдік күттіңіз бе?

Сот басталған түрлі әңгімелерді естідім. Қайда барсаңда басшылардың сөзін сөйлейді деген сөздерді аз естімедім. Маған сен жүйеге қарсы шықпа. Сен жүйені бұза алмайсың деген  әңгімелерді де айтқан. Мен де жүйені бұзу деген мақсат болған жоқ. Өз құқығымды қорғауды алға қойдым.  Басшыларға қарсылық танытқанан ешнәрсе өнбейді деген сөздермен, басшылықтық сенімділіктерін көріп сотта жеңіліп қаламын-ау деп те ойладым.  Өз мектебімнен де қолдаушылар бірден табыла қойған жоқ. Мектеп басшылығы барлық куәгерлерді өз жақтарына шығарып алды. Сонда жеңілдім деп ойладым. Бірақ жеңілсем сотта жеңілейін деп шештім. Барлық дәлелдерімді сотқа жеткізді. Сотта жеңілсем де мұғалімдердің мәселесін жоғарыға жеткізейін, қоғамдық талқыға тастайын деп ой түйдім. Өйткені ұстаздар орындысы бар, орынсызы бар барлық айтқан жұмыстарды жасай береді. Алайда біздің ең негізі жұмысымыз бала оқыту. Жоғарыда айттым ғой Қазақстанның барлық мұғалімдерінің жағдайы бір деп. Сондықтан да сотта өзімнің ғана емес барлық әріптестерімнің жан айқайын көпшілікке жеткізуді көздедім.

Мұғалімдердің түрлі жұмыспен айналысатынын бәріміз жақсы білеміз. Осыдан 3-4 жыл бұрын өзіңіздей қарапайым мұғалім Айман Сагидуллаеваның күнделігін оқып таңқалғанмын. Неге ұстаздар сондай көмбіс?  

Бұл біз ұстаздар қауымының батылсыздығы, жігерсіздігі, қайратсыздығынан деп білемін. Мені көп сұрақтар мазалайды. Соның нәтижесінде осының барлығы болды. Ұстаздардың көмбіс болуының себебі мамандыққа деген адалдықтың жоқтығынан. Біз өз проблемамызды өзіміз көтермесек беделімізден айрыламыз. Ал оның кері әсері болары хақ. Өйткені болашақ ұрпақ  мектеп қабырғасында тәрбиеленеді емес пе. Ұстазы қайратты болса тәлімгері ойын ашық айтатын, білімді, намысты  мемлекетшіл азамат болып қалыптасады. Мұғалім мемлекет үшін сондай жастарды тәрбиелеуі міндеті.  Ол үшін мұғалімнің өзі тұлғаға айналуы тиіс!

Сіз видео арқылы президенттен араша сұрадыңыз. Неге президенттен? Сала,  өңір, ведомства басшылары мен заң органдарына сенбедіңіз бе?

Ең алдымен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаға хат жаздым. Орын алып жатқан мәселе білім саласында болды ғой. Содан кейін менің арызым бойынша ОҚО білім саласын бақылау департаментінің маманы Битемір Ләззат Алқарқызы  келіп тексеру жүргізді. Алайда ол кісі толық тексеру жүргізген жоқ. Көптеген әділетсіздіктерге бой алдырды. Директор жағына шығып кетті десемде болады. Бар мәселені анықтауға қарекет етпеді. Мен осыған ашындым. Көп нәрсеге көз жұмып қарады. Қортындысын жасап, актісін толтырды. Мені уақытсында актімен таныстырған жоқ. Жауабыңызды министрліктен аласыз деп кетті. Ал осыдан кейін мектеп әкімшілігі маған деген қысымын тіптен күйшейтті. Сосын Қазақстанның шағым кітабы деген сайтқа барлық жағдайды баяндап жаздым. Ол жерде қалалық білім бөлімінің адамдары ата-аналардың түрлі хаттарына жауап беріп жататын. Өкінішке қарай маған ешкім де жауап жазбады. Әлі күнге дейін хабарласқан жан баласы жоқ. Қазір ол шағым кітабын не үшін шығарды екен деп түсіне алмай жүрмін. Міне осындай себеппен президентке видео арқылы шағымдандым.

Гүлжан Сәлімбаева 1987 жылы  20 мамыр күні ОҚО, Бәйдібек ауданы, Ақтас ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, филология факультетін аяқтаған. 2010 жылдан бері Шымкент қаласындағы Н. Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясында еңбек етеді.

 

Пікір қосу