Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Марқұм тірі болса 55 жасқа толар еді. Бүгін саясаткердің туыстары, достары, журналситтер марқұмның қабірі басына барып құран бағыштады. Бұл туралы juldyz.kz сайты хабарлайды.

Жылдағы дәстүр бойынша «Кеңсай» қорымына марқұмның ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы, саясаткерлер Төлеген Жүкеев, Әміржан Қосанов және Ораз Жандосов, «Дат» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан т.б азаматтар келді. А. Сәрсенбайұлының саяси-қоғамдық өмірдегі жүріп өткен жолы жайлы естеліктер айтылып, құран оқылды.

Алтынбек Сәрсенбайұлы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында 1962 жылы 12 қыркүйек күні өмірге келген. Ол Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист. Қазақстандағы оппозицияның көшбасшысы болған  Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев кісі қолынан қаза тапты. Олардың денелері Алматы облысының Талғар ауданы аумағынан табылған еді. 2006 жылғы ақпанның 13-і күні жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 35 минутта Алматы облыстық ішкі істер басқармасының басқару пультіне «жол жағасынан зорлықпен өлтірілген үш адамның мәйіті табылды» деген хабар келіп түскен. Үш адамның үшеуі де желкесінен тиген оқтан өлген.Саясаткердің өлімі саяси террор деп бағаланған болатын.

 

 

 

Пікір қосу