Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технология бойынша бірінші саммитінің қатысушыларына үндеу жариялады. Отырыс Астанадағы Тәуелсіздік Сарайында өтіп жатыр. Қазақстан Президенті Мьянмадағы жағдайға байланысты өз пікірін білдірді. Ол зорлық-зомбылықты тоқтатып, БҰҰ деңгейінде келіссөздер өткізуді ұсынды. Сөз сөйлеуді бастамастан бұрын, Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ саммитіне қатысып отырған барлық мүшесіне Астанаға келгені үшін алғыс білдірді. «Қонақжай Қазақстанның шақыртуын қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Өкінішке қарай, соңғы кездері ислам әлемі әр түрлі ауыр сынақтардан өтіп жатыр. Біріншіден, экстремистік және террорлық ұйымдардың террорлық шабуылынан бірінші кезекте мұсылман елдері зардап шегіп отыр. Екіншіден исламофобия ұғымы тарап жатыр. Батыс елдерде жыл сайын мұсылмандарға қарсы қылмыстар көбейіп жатыр. Біз таяуда болған Мьямадағы қақтығыстарға алаңдаушылық білдіріп, барлық елді дереу зорлық-зомбылықты тоқтату үшін БҰҰ деңгейінде келіссөздер жүргізуге шақырамыз», — деді Назарбаев ИЫҰ қатысушыларына. ИЫҰ ғылым және технология бірінші самитінде ғылым, технология және инновация саласындағы артықшылықтары анықталады. Осы идеяны 2016 жылы Ыстамбұлда ИЫҰ саммиті кезінде Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттерінің бастамасымен құрылған. Бүгінде осы ұйымға 57 ел мүше, жалпы халық саны — 1,2 миллиард адам. Ұйымға Ресей, Босния және Герцеговина, Тайланд бақылаушы ретінде қатысады. Ұйымның штаб-пәтері Сауд Арабиясының Джидда қаласында орналасқан. ИЫҰ-ның басшысы — Бас хатшы, ал атқарушы органы — Бас хатшылық деп аталады. Бас хатшыны мүше елдер Сыртқы министрлер конференциясында бір мәрте 4 жылға сайлайды. Ұйым жанынан ашылып, дербес жұмыс істейтін төмендегідей органдар мен құрылымдар бар. Олар Ислам даму банкі, Ислам жаңалықтары агенттігі, Экономика және мәдени мәселелер жөнінде ислам комиссиясы, Иерусалим қоры, Ислам астаналары ұйымы, Ислам ғылыми-техникалық даму қоры және тағы басқалар. 2011 жылға дейін Ислам конференциясы ұйымы деп аталған. Астанада өткен 38 сесияда атауы өзгертілді.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz