Ресейлік төрт бірдей ауыр атлет Қазақстан атынан өнер көрсетуге ықыласты екен. Жыл басынан бері  бапкер Назип Шигапов спортшылары Надежда Лихачева, Лариса Кобелева, Денис Кехтер, Мария Андрееваларды Текелі қаласында жаттықтырып жатыр екен. Жуырда бұл төрт ресейлік спортшы ел азаматы атанады деген ақпарат та бар. Қазақстандық БАҚ-да осындай ақпарат шығысымен  juldyz.kz тілшісі ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаевқа бірер сауал қойған еді.

juldyz.kz: Жасұлан, ресейлік төрт штангышылар туралы естідің бе? Олардың біздің ту астында өнер көрсетуіне қалай қарайсың?

Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы: Қазақстанда ауыр атлетика дамыған спорттардың бірі. Анатоли Храпатыйдан бастасақ ауыр атлетикамыздың жеткен жетістігі жайлы әңгіме біразға барады. Бір ғана Илья Ильиннің өзін айтсақ та жетеді. Оған қатысты допинг дауы бары рас. Бірақ мен оны біртуар спортшы деп есептеймін. Сондықтан да бізге ауыр атлетикада легионерлердің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сіз айтып отырған төрт ресейлік спортшылар туралы ғаламтордан оқып білдім. Олардың келуінен федерация хабарсыз екен. Ол жағы да түсініксіз. Бапкерімен бірге Алматы облысындағы таулы Текеліде жаттығып жүрген спортшылар жайлы білмеу мүмкін бе?

Бапкер Назип Шигапов және оның шәкірттері

Надежда Лихачева, Лариса Кобелева, Денис Кехтер, Мария Андреева елімізге өз бапкерлерімен келсе, яғни Қазақстанның атынан шығуға келіп отыр. Н. Лихачева Карина Горичеваның салмағында өнер көрсетеді екен. Ал М. Андреева Жазира Жапарқұлға бәсекелес  болады. Жазира мен Мария бір салмақта ғой. Жазира мен Карина олимпиада жүлдегерлері. Бірі күміс алса, екіншісі қолаға қол жеткізді. Біздің бұл қос қызымыз Токиода алтын алуды көздеп отыр. Бізге барынша соларға қолдау көрсетіп, жағдай жасауымыз тиіс.  Ресейден келген әлгі төрт атлет өз елдерінің бірінші нөмірлі спортшылары емес, ұзаса 2 немесе 3-нөмірлі штангышылар.

juldyz.kz: Біздің жақ үнемі легионер спортшыларды шақыруға аса пейілді болып көрінеді…

Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы: Біздің спорттағы басшылар легионерлерсіз тұра алмаса, келе салысымен оларға жағдай жасамай, алдымен додаға салып көргендері дұрыс болар. Шын мықты болса, құрамаға алсын. Легионер спортшы мемлекеттің шарапатын көру үшін бірінші еңбек ету керек қой. Мысалы, шетелде өнер көрсететін легионер спортшыларымызды ешкім бара сала жарылқап тастамайды. Нәтиже күтеді.

Өзімізде де талантты жастар жетіп жатыр. Мысалы, 94 келіде зілтемір көтеретін Денис Кехтер – дискваликация алған жігіт. Осы салмақта бізде Шыңғыс Сағындықов  есімді мықты жас спортшымыз бар. Денистен кем деп ойлаймаймын. Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың «Күрестен қазақтан шыққан жалғыз олимпиада чемпионы болып қаламын ба? Көзімнің тірі кезінде олимпиада алтынын алған қазақ балуандарын көргім келеді» деген сөзі бар. Мен де өзімнен кейін чемпион болған қазақ азаматтарын көргім келеді. Біздің бапкерлер ойланулары керек.

juldyz.kz: Зілтеміршілердің айлығы қандай?

Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы:  Айлықтары әрқалай, жастар мен ересектердікі әртүрлі. Орташа есеппен алғанда 200-300 мың теңгенің арасы. Негізінен спортшының нәтижесіне қарай ақша төленеді. Зілтеміршілердің шығыны аз емес.

juldyz.kz: Ауыр атлетикаға легионер спортшылар көп келді. М. Манеза, З. Шиншанло, С. Подобедова т.б.Бұлардың келуі ауыр атлетиканың дамуына шын мәнін де үлес қосты ма?

А. Ни және Н. Рахимов

Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы: Бұлардың Қазақстанға келуі қазақ жастарының намысын оятты деп ойлаймын. Бұл А. Ни ағамыздың 2008 жылдары бастаған қулығы ғой. Мен ашық айтамын. Алексей Ни қазақ спортына, қазақ мемлекетіне жаны ашитын адам емес. Оған тек дайын спортшылар ғана керек. Сол дайын легионер спортшыларды қалай да елге кіргізіп, оңай даңққа қол жеткізуді ойлайды. Қазақ ауыр атлетикасына түркиялық маман Энвер Түркелери көп еңбек сіңірді деп ойлаймын. Спортшыларға да, бапкерлерге де көп нәрсе үйретті. Ержас Болтаев, Тойшан Бектеміров сынды бапкерлер шықты. Бір Ильяның айналасына жігіттерді топтап, команда жасақтады. Сол команда Қазақстанда ғана емес, сыртта да талай биіктерді бағындырды. Кейіннен допинг дауымен ыдырап кетті. Ол енді басқа әңгіме. Бастысы, отандық зілтеміршілерден ғана тұратын ұжым құралды ғой.

Ержас Болтаев, Тойшан Бектеміров жаттығуда

Қазір жақсы өнер көрсетіп жүрген Д.Уланов, Р.Сыбай, А. Зайчиковтар осы ағалардың қолынан шықты ғой. Бірақ бір қызықты қараңызшы, универсиаданың алдында өткен Азия ойындарына ұлттық құраманың бапкерлері Р. Сыбай мен Д. Улановты татсап кетті. Осыған таң қалдым. Біздің бапкерлерге медаль керек емес пе? Денис пен Рүстем жүлде алатын жігіттер. Олардың орнына  бестікке  кіретін балларды апарды. Бұл жердегі басты мақсат – Ержас, Тойшан сынды кәсіби бапкерлерге қысым көрсету. Өйткені, олар спортты бизнеске айналдырмай өз ұландарымыздан чемпион тәрбиелеп шығатын мамандар.

juldyz.kz: З.Шиншанло, М. Манеза, С. Подобедовалар легионерлердің Қазақстанға ағылуын ашып берген сияқты. Өйткені, содан кейін ауыр атлеттер Фархад Харки, Арли Чонтейлер Қазақстанның көк паспортын алды. Енді есігімізге Надежда Лихачева, Лариса Кобелева, Денис Кехтер, Мария Андреевалар келіп тұр.

Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы: Иә, Зульфия бастаған зілтеміршілерден кейін легионер ауыр атлеттер бізге қаптады. Еңбектеріне қарай құрметке ие болды. Өзге елдің екінші нөмірлі спортшылары қызығатындай елге айналдық. «Қазақстанға барсақ ақшаға қарық болады екенбіз, Қазақстан өзінің емес өзге елдің спортшыларын бағалайды екен» деген өзге елдің спортшыларында түсінік пайда болды.

Бізге медаль алып келген спортшыларға да алғыс айтуымыз керек. Туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқатқан легионерлердің еңбегін жоққа шығаруға болмас. Олардың арасында қазақ хақымен сіңісіп кеткен спортшылар бар. Мая Манеза өзіміздің азаматқа тұрмысқа шықты. Спорттағы жетістіктерін білесіздер. Медициналық орталық ашып, халыққа игілікті іс атқарып жатыр. Ал кейбір легионерлер қасқыр сияқты. Қанша бақсаңда орманға қарап ұлиды.  Осы соңғы олимпиада да Нижат Рахимов алтын алды. Халық төбесіне көтерді. Үкімет марапатын аямады. Дұрыс! Бірақ та заңды сұрақ туындайды. Қашаңғы ол мемлекеттен ала береді?! Біркезде Илья олимп төрін бағындырып келгенде не жасады?! Қызылорда да балаларға арналған спорттық кешен ашып берді. Басқа да қоғамға пайдалы істерді атқарды. Ал Нижат не жасады? Өзіңнен тумай ұл болмас деген сөз бекер айтылмаса керек.

juldyz.kz: Жоғарыда сөз қылған ресейлік төрт штангышының Қазақстан ұлттық құрамасына енуге белгілі ауыр атлет,  әріптесіңіз Мария Грабовецкая да қарсылық білдіріпті.

Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы: Марияның сұхбатын оқыдым. Мен де оған қосылам. Мария екеуіміз ғана емес, барлық спортшылар да қарсылық білдіріп отыр, қазір өнер көрсетіп жүрген қыз-жігіттер бұған іштей қарсы. Зияны тиіп қала ма деп өз пікірлерін білдіре алмай отыр. Оларды да түсінуге болады. Қысқасы, бізге сырттан спортшыларды сүйрегенше Жазира, Карина сынды таланттарымыздың ізбасарларын даярлауымыз қажет. Легионерлердің жеңісіне масаттану –өзімізді-өзіміз алдау ғой. Қазақстан үшін қаншама легионерлер шығып өнер көрсетті, олимпиада медальдарына ие болды. Солардың есімдері ел есінен тез өшіп жатыр.

Пікір қосу