-
Жастықта достық көп болады. Көбі қастыққа барып тіреледі. Екі қолтығынан демеп жүретін ең жақын екі досың ол – әкең мен анаң.
-
Қандай жұмыс жасасаңда төменнен баста. Қолын кірге малғанның бәрі кедей, тас пен темір көтергеннің бәрі сауатсыз надан емес. Құлша еңбек етіп, байша жүр. Таққа отыру – бақыт пен баққа қону деген ұғымды білдірмейді.
-
Алаған қолың береген. Келіп тұрған ризығыңды ризашылдықпен қайтара берме. Жомарттықтың да орны бар. Қолыңның ашықтығы саған мұқтаждарға қолыңды жайдырып жүрмесін. Ақша табу – уақытыңды өлтіру екенін есте ұста.
-
Бір басың ертең-ақ екеу болады. «Бізді бағады, ата-анама ұнайды» деп жар таңдама. Сені сүйген қыз, сенің жақындарыңның бәріне сый-құрметін аямайды.
-
Әйелді еркек қас-қабағымен билеуі керек. Ұрғаннан өршітіп, өзіңе жау еткеніңмен қоса екеуің де елге мазақ боласыңдар. Көзіңнің көсемдігіне тәрбиелеймін десең отағасы отбасыда қадірлі, беделді, бір сөзді болуы қажет. Оның кілті тек қана еңбек және еңбек. Қазақ «еркек түздікі, әйел үйдікі» деп бекер айтпаған. Үйден шықпаған ердің сыйы да қалмайды.
-
Бұрынғы жылдар өтті, кетті. Көшеде құлап, төрде жатып ішсе де әкеңді сыйла. Әкенің жылуын аңсап немесе көре алмай қалған ұрпақтың қасында ондай әкенің барына шүкір ет. Қандай күйде болса да ол сенің «жалғыз әкең». Әкесіз ана баланы күлге аунап өмірге әкелмейді.
-
Қайыршыдан айырмашылығың қалмай жатса да құдайдан күдер үзбе. Бір күндер келеді, шапанын сүйреткендер сүрініп, еңбектегендер еңсесін тіктейтін. Сонда өзіңді сыйлаған өзіңе алғыс айтасың.
-
Адамның сұлу көрінуіне жинақы да, жарасымды киім, тік қалыпта әдемі жүрісі, артық сөзсіз тәтті сөйлеуі жетеді. Жыртығыңды жамаудың ұяты жоқ. Уақыттан асқан өшіргішті таппайсың. Бәрі ұмтылады. Бір жылда қандай киім кигенің емес, қандай болып өзгергенің маңызды.
Авторы Қуат Әбілқайыр