Досхан Жолжақсынов 1951 жылы 7 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Балықшы ауылында дүниеге келді. Ол  кино және театр актері, кинорежиссер.

Балалық шағы

«Анам ән айтатын. Дауысы тұнық болатын. Өмір бойы мектепте ұстаз болып қызмет етті. Отбасындағы он баланы әкем екеуі өсіріп тәрбиеледі. Брежневтің кезінде анама «Алтын алқа» медалі беріліп ауылда үлкен той болғаны есімде. Әкем де нағыз өнер адамы болатын. Суырып салма ақын еді. Бертін келе үлкен әкейдің көзін көрген шешейлер «Шіркін, әкеңнің дауысы-ай. Домбырамен ән салғанда дауысы қозы көш жерге естіліп тұратын» деп айтып отыратын. Біз есейген кезде әкемнің даусы көмескіленіп, қырыл-сырылы да көбейіп қалды. Бірақ ол кісі домбыраны шерткенде күй керемет күмбірлеп естілетін. Домбыраға жан біткендей әсер қалдыратын. Өкініштісі әкемнің тартқан күйлерін іліп алып қала алмадым. Өзімді өзім енді біле бастағанда ол кісіден айырылып қалдық. Бұл әр пенденің басындағы өкінішті жәйлар ғой. Бірақ өнерге келгенде ол кісілердің орны ерек еді. Сондықтан өнер маған со ата-анамның қанымен дарыған». (Актердің сұхбатынан)

«Менен кейінгі інім Ерік Жолжақсынов ол да киноактер. 7-8 киноға түсіп үлгерді. Ол да домбырамен ән айтады. Ағаларым, қарындастарымның да ән айтатын өнері бар. Бірақ бәрінің негізгі кәсібі бұл болмағаннан кейін күйбең тіршіліктің арасында қалып қойған жәйлары бар… «Біржан сал» туралы фильм түсіру менің әуел бастағы арманым болатын. Әрі кәсібім актер болғаннан кейін режиссер боламын-ау деген ойымда жоқ еді. Көрермен өз бағасын беріп үлгерді. Меніңше жаман шықпаған сияқты…». (Актердің сұхбатынан)

Еңбек жолы

Актер 1973 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Оқып жүріп, 1971 жылдан Қазақ жастар мен балалар театрының актері болып қызмет атқарған. Кейін 1995 – 2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болды.

Отбасы

Жары Қарагөз Сүлейменовамен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жанұялардың бірі.

Ойнаған рөлдері

Актер Жолжақсынов театр мен кинода 200-ден астам бейнелерді сомдады. Оның театрда ойнаған алғашқы рөлі – Х.Вахитовтың “Алтын көрсе періште жолдан таяды” спектакліндегі Қылышбек (1972). Бұдан кейін орындаған рөлдері қатарында Сыматбек (Ж.Тәшенов пен И.М. Саввиннің “Қаладан келген қылжақбасында”), Сырым (Р.Сейсенбаев пен Е.Обаевтың “Өзімді іздеп жүрмінінде”), Қазақбай (Ә.Тарази мен Қ.Ысқақовтың “Апа, апатайында”), Сәмет, Ақан (Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” мен “Ақан сері – Ақтоқтысында”), Глумов (А.Н. Островскийдің “Адам аласы ішіндесінде”), Әзберген (Ә.Таразидің “Қандетінде”, Қазақстанның Мемлекет сыйлығын, 1996; Түркі тілдес халықтар театрлары байқауының бас жүлдесі, Қазан, 1998), т.б. бар.  Әскербек (“Гаһартаста”, 1976), Хамит (“Даладағы қуғында”, 1979), Мұрат (“Алтын күзде”, 1979), Мұндызбай (“Ақ барыстың ұрпағында”, 1984, соңғы екеуі “Қырғызфильмде”), Дәуір (“Омпада”, 1997), т.б. рөлдері арқылы Жолжақсынов дарынды киноактер ретінде кеңінен танымал болды.

Кейінгі жылдары ол ұлттық кино саласына тер төгіп, «Біржан сал», «Құнанбай» сынды фильмдер түсірді. Бұл фильмдер қалың көрермен тарапынан жылы қабылданды.

Марапаттары

Досхан Жолжақсынов 1982 жылы Қазақстан Ленин комсамолы сыйлығының лауреаты, 1987 жылы Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі атанған. Ол 1995 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1996 жылы Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, 1996 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған. Сондай-ақ, 2001 жылы Құрмет орденімен марапатталған. 2016 жылы Елбасының қолынан Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алды.

1 пікір

  1. Досхан аға керемет актёрсыз Біржан сал филмді сіз керемет сомдағансыз керемет көре бергім келеді салт дәстүр тіпті сол кездегі адамдарың мінезін тіпті жүрс тұрысына дейін келтіргенсіз бір туар азаматсыз

Пікір қосу