Бүгін кешке Шотландияның Глазго қаласында «Астана» мен «Селтик» кездеседі. Қос команда Чемпиондар лигасының ақтық сыңына өту үшін таласатын болады. Қазақ жанкүйерлері бұл ойынды Астана уақыты бойынша 00: 45 те тамашалай алады. Астананың қонақта өтетін ойыны туралы белгілі спорт комментаторы Ержан Көшкінбай біздің сайтымызға өз пікірін білдірген еді.

Ержан Көшкінбай, спорт комментаторы: «Астана» шотландиялық команданы айналып өте алады

Футболдан чемпиондар лигасының іріктеу бәсекелері өз соңына таяп келеді. Плей офф раундына жолдама алған командалар енді бір бірімен өзара екі матч өткізеді. Сосын жалынды топтық кезеңге жолдама алғандардың қарасы анықталады. Биыл да елордалық «Астана» бұл кезеңге жетіп отыр. Ал қарсыласымыз тағы да Шотландия чемпиондары «Селтик». Өткен жылы біздің чемпиондар осы бір қазақ жанкүйерлеріне «жағымсыз» командамен жолыққан еді. Ол кезде «Астана Аренада» орасан зор басымдыққа ие бола тұра жерлестеріміз 1:1 есебімен тең ойнаған еді. Ал Глазгодағы қарымта матчта «кельттер» (Селтиктің лақап аты) тек төрешілердің «бүйрек бұруының» арқасында ғана өздеріне қолайлы нәтижеге қол жеткізіп, жеңіске жеткендігін жақсы білеміз. Ия, сол ойында румын қазысы Иштван Ковач «Селтикті» шындығында да құлақтан сүйреп шығарды. Екі ойыншымызды алаңнан қуды. Бір сөзбен айтқанда «азиялық жабайылардан» гөрі еуропаның беделді турнирінде «таза еуропалықтардың» ойнағанын қалады. Қазақстандық жанкүйерлер бұл бассыздыққа көнуден басқа амал таппады. Енді міне тағы да жолымыз осы командамен түйісіп отыр. Қырсық қылғанда бұл ойынды тағы да сол румындық төрешілер бригадасы жүргізеді. Бірақ Иштван Ковач бұл жолы бас төреші емес, резервтегі қазы ретінде қалмақ. Әйтсе де бұл жайт бізді алаңдатпай қоймасы анық. Бұл жолы қосматчтық текетіресті «Астана» қонақтағы ойынмен ашады. Демек жігіттерге бұл аздап болса да басымдық алып келеді. Сырт алаңда біз тең ойнауға тиіспіз. Ең болмаса гол соғып минималды есеппен ұтылсақ та жетіп қалады. Бастысы жігіттер «Селтик Парктің» қысымына төтеп берсе болғаны. Осының алдында қазақстандық клуб өте мықты польшалық «Легияны» сенімді есеппен ұтты. Жеке пікірім «Селтик» польша чемпиондарынан мықты емес. Әлсіз деп те кесіп айтуға болмас. Демек «Астана» бұл қарсыласты да айналып өтуге шамасы жетеді. Бастысы өз ойынымызды көрсетуіміз керек.

Пікір қосу