Нұрлан екеуміз мүлдем араласпаймыз…

– Мұқасан аға, былтыр телеарналардың біріне берген сұхбатыңызда «келер жылы концерт береміз» деп едіңіз. Бірақ тыңдармандарыңыз биыл ешқандай концертті көре алмайтын сияқты. Солай ма?
– Рас. Концерт беру айналып келгенде қаражатты қажет етеді. Оның үстіне «Нұр-Мұқасан» дуэтінің 25 жылдығын ел есінде қалатындай етіп, өз деңгейінде дүркіретіп өткізу керек. Оған үлкен дайындық қажет. Бірақ өкініштісі 25 жылдығымызды атап өте алмадық. «Нұр-Мұқасан» дуэті тарамағанда биыл 27-ші жылға аяқ басқан болар еді…
– 2014 жылғы атақ төңірегінде біраз дау болды. «25 жыл тарихы бар топ осы атаққа бола бөлініп кетті» деген әңгімелер де айтылды. Бұл қаншалықты рас?
– Мен алған атақтың дуэтінің тарағанына ешқандай қатысы жоқ. Себебі сол атақты келесі жылы Нұрланның өзі де алды. О баста ұйымдасырушы комитет барлығына бірден бере қоймайтынын Нұрланға ескерткен екен. Бір қызығы оны мен білмедім. Сол 2014 жылы желтоқсанда, таңға жуық Мәдениет министрлігінен бір қарындасымыз хабарласып, «Құттықтаймын, сіз «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағына иелендіңіз. 14 желтоқсанда Президент қабылдауында боласыз» деді. Мен қуанып рахметімді айттым. «Енді сіздің құжатыңыз керек» деген сұрағын түсінбей «Құжатым ба? Құжатымыз ба? Біз екеуміз ғой» деп сұрадым. «Жоқ, аға өзіңіздің құжатыңызды ғана керек» деген соң, үндемей тұтқаны қойдым да, сол министрлікте жұмыс істейтін өзіміздің жақын досымыз – Ғалым Ахмедьяровқа хабарластым. Бір-біріміздің қыр-сырларымызды білетін бауырымызға «Ғалым, маған министрліктен хабарласты. Қызық жағдай болып жатыр. Не жыларымды, не қуанарымды білмей отырмын. Бұл қалай болды?» дедім. Ол бірден «Мұқаш, Нұрлан біледі, мен оған айтып едім ғой. Бізде жүйе сондай. Екеуіңе бірден бере алмаймыз» деп тоқетерін айтты. Расымен, досыма мына қуанышты қалай жеткізем, не деп айтамын деп қатты уайымдадым. Себебі, мен екеуміз туралы мәліметтер мен керекті материалдардың барлығын дайындап қойдым да, басқа жұмыстармен айналысып кеттім. Сол аралықта Нұрланның өзі жүгіріп, құжаттарды өзіміз жұмыс істеген «Гүлдер» ансамблі арқылы тапсырып жүрді.
– Сіз ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атанғаннан кейін, көпшілік «Атақтан неге бас тарта салмады?» деп өзіңізді өзгелермен салыстыра кетті…
– Бастапқыда мұндай ойым болды. «Әуел бастан бір топ болып құрылғасын, атақты да бірге алғанымыз дұрыс болар еді. Мен одан да алмай-ақ қойсам…» деп едім, «Оны ешкім естімесін. Нұрлан келесі жылы алып қалар. Шыдасаңдаршы, МұзАРТ-қа да солай берілді ғой» деген сөздерді естідім. Шын мәнісінде, ол жігіттердің жөні бөлек, қалай алса да жарасады. Себебі, олар жан-жақтан қосылған. Мейрамбек бала күннен халыққа таныс, Сәкен мен Кенжебектің өзіндік жолы қалыптасқан, жеке де топпен де шығып жүрген бауырларым. Ал біз «Тұсауымыз» бірге кесілген топпыз… Жалпы қазір бір-бірімен салыстырулар жиілеп кетті емес пе?! Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайтынымыз. Бірақ әр адамның өз жолы, өз таңдауы бар. Көпшілік соны ұғынса екен деймін.
– Онда «Нұр-Мұқасан» дуэтінің нақты не себепті бөлініп кеткенін өзіңіз айтып беріңізші…
– Нұрлан екеумізге қатысты, арамызда қалған, айтылмауы тиіс біраз дүниелер бар. Ішімде ешкімге айтылмас өкпем бар… Оған өзгелерді араластырғымыз келмейді. Екеуміз Алланың қалауымен дуэт болып, біраз жылдар бойы тыңдармандарымызға барынша әнімізді сыйлап жүрдік. Енді қазір әрқайсымыз өз шығармашылықтарымызбен айналысып жатырмыз. Көп те емес, аз да емес, сахнада 26 жыл өнер көрсетіппіз. Бәлкім «Нұр-Мұқасан» дуэтінің тағдыры осылай болуы керек шығар.
–Ары қарай қалай жұмыс істейсіздер?
– Екеуміз енді жеке орындаушылар ретінде сахнаға шыға береміз. Ол да, мен де өнерді тастап кете алмаймыз. Осы уақытқа дейін дуэттің ән таңдау, оранжировка жасату, т.б. барлық шығармашылық жұмыстары менің мойнымда болды. Нұрлан бұл жағына бас ауыртқан емес. Егер кеңесіп, менен көмек сұрайтын болса, әрине, қолұшын беруге дайынмын.
– Қазір Нұрлан Қонысбаев екеулеріңіздің қарым-қатынастарыңыз қалай?
–Өтірік айтып қайтем?! Өзгені алдағанмен, өзіңді алдай алмайсың. Қазір мүлдем араласпаймыз. Бірақ көргенде сәлеміміз түзу, құшақтасып амандасамыз және амандығымызды тілеп жүреміз. Бірақ дәл бүгінгі күні бір-бірімізден бейхабармыз. Ортақ достар арқылы естіп жатамыз.
–Өкінесіз бе?
– Ең бастысы өзімнің кінәм жоқ екенін білемін. Өкініш те, өкпе де жоқ. Бәрі басылды. Бірақ желілерден ескі жараға тұз сепкендей жағымсыз пікірлер көп келеді. Мысалы, осы көктемнің басында Шымкент қаласына бардым. Ойымда ештеңе жоқ, «Шымкентке келдік. Шымқала жарқырап тұр» деп инстаграм парақшама видео салып жібердім. Қонақүйге келіп, орналасып, парақшамды ашсам «Нұрланды лақтырып, жетісіп жүрсің бе?» деген пікір келіпті. Сол жерде қаным басыма шапты. Әрбірден кейін солай жазатын адамдар менімен де, Нұрланмен де араласып көрмеген, арамызда не болғанын білмейді де. Осындайда жаным жылайды. Сондай жазбалардан пікір білдірушілерден сана-сезімінің саяздығы қатты сезіледі.
– Енді жеке шығармашылығыңызға тоқталсақ…
– Қазір жеке орындаушы болсам да, Мұқасан Шахзадаев емес, «Нұр-Мұқасан» болып шығып жүрмін. Кейбір жігіттер «Өз атыңмен шыға бермейсің бе?!» деп айтады. Дегенмен «Нұр-Мұқасан» халыққа танылып қалған бренд сияқты көрінеді маған. Нұрланның өзі «Нұр-Мұқасан» болып шыға алмайды, мұнда менің толық есімім бар. Сондықтан көптен бері халықтың құлағы үйреніп қалған дуэт атауымен өзім шығамын деп шештім.
– Айтыңызшы, «Нұр-Мұқасан» дуэт болып қайта сахнаға шығуы мүмкін бе?
– Мүмкін емес нәрсе жоқ, бәрі мүмкін. Ол да бір Алланың қолында. Бірақ менің ойымда жоқ.
– Ал дуэт қоржынындағы әндердің «тағдыры» не болмақ?
– Халықтың көңілінен шыққан, сағынып жүрген ескі әндерді жаңартып жаздырамын деп жоспарлап жүрмін. Бұған Нұрланның ешқандай өкпесі болмайды деп ойлаймын. Әрине, ол айтам десе, қарсылық жоқ. Дегенмен дәл қазіргі уақытта репертуарымды жаңа әндермен толықтырудамын.
– Шығармашылық табыстар тілеймін, аға!
Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының

2017 жыл, №13 (247) санынан қысқартылып алынды)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

Пікір қосу