– Әлеуметтік желі қолданушылар бүгінде сізді орыс тілінен аударған психологиялық жазбаларыңызды іздеп жүріп оқиды. Тіпті бір оқырманыңыз, «Шынардың жазбалары жан түкпіріміздегі пернелердің нүктесін дөп басады. Оны оқып болғаннан кейін авторы туралы ойланасың. Ол туралы білгің келеді» деп жазған екен. Яғни, оқырмандарыңыз сіз туралы білгісі келеді. Ендеше әңгімемізді балалық шақтан бастасақ… Қай жердің тумасы едіңіз? Қандай ортада, қандай отбасыда өстіңіз?
– Қойшының қызымын. Әке-шешем өмір-бақи қой бақты. Менің балалық шағым жайлау мен қыстаудың ортасында өтті. Күйек, сақпан, қырықтық… Күздеу, көктеу. Айнала қой мен жылқы ғана. Сосын жаяу мал баққан күні қасыңнан қалмай қой қайырысатын ақылды иттер.
Қарапайым қазақ отбасы. Үйдің кенжесімін. Жеті баланың сүт кенжесі. Әкем мен шешемнің ес-ақылы бүтінделген кезде дүниеге келгем деп әзілдегім келіп тұр. Негізі кенже бала еркелеу боп өседі ғой. Ата-ана еркелетпесе, өмір өзі еркелетеді. Жұмсалумен өскендіктен, көп еркелікке рұқсат болған жоқ. Сол жұмсалудың арқасында есті болып өскен шығармын. Қатарымнан қалдырмады. Бала күннен көрші неміс-орыстың баласымен тай-құлындай тебісіп, асыр сап ойнап өстім. Достығымыз әлі үзілмеді. Олар тәуелсіздік алғанда тарихи отанына көшіп кетті. Дегенмен барыс-келіс жалғасын тауып жатыр. Бірде мен, бірде олар келіп тұрады.
Мектепте озат оқушы болдым. Алтын белгі алмадым. Бірақ бәрін бестікпен тәмамдадым. Ол да бір балалық арман еді. Жақсы оқысам, өскенде досыма, Германияға іздеп барсам деп аудармашы болуды армандайтынмын. Ол да өскенде кездесеміз деп нықтап хат жазып жіберетін. Үнемі маған арнап сәлемдеме жіберіп тұратын. Сыныпта үнемі көшбасшы болдым. Бұйығы, тұйық келетін ауыл қызының өжет мінезін ерте танып, дер кезінде тұлғалық ерекшелігін дамытқан алғашқы ұстазым Әйкен апайымның арқасы. Партаға отырған бірінші күннен сыныптың тізгіні өзімде болды. Соның арқасында білімге деген құштарлығым зор еді. Бес жасымнан хат таныдым. Бірінші сыныпта әліппе, ана тілін жатқа соғатынмын. Қай бетте қай тапсырма екенін жаттап алыппын. Өзіме қызық болса керек. Сондықтан «біссіміллә» дегеннен оқу мен үшін оңай болып шыға келді.
– Бір сұқбатыңызда 8 жасымда «Мың бір түнді оқығам» депсіз. Бала күніңізден кітапқұмар болдыңыз ба?
– Иә. Екінші сыныпта Әйкен апайымыз бүкіл сыныпты ертіп мектептің кітапханасына ертіп апарды. Осы жерден кітап алады. Оқыған соң қайтып өткізеді деп баулыды. Бәріміз жарысып оқыдық. Апайдың сөзін жерге тастамайтын жақсы әдетіміз түрткі болды. Басқалардан артық оқыдым дей алмаймын. Дегенмен, сол кезде ертегілермен қатар «Мың бір түнді» де оқығаным рас. Сол кездегі ертекші қыздың образы көптеген жаңашылдықтың есігін айқара ашты. Қазіргі таңда кейде өзімді ертекші қыздай сезініп қалам. Ертегінің түп мәні өмірден алынатынын түсіне бастадым-ау деймін. Кітапқа деген махаббат содан бері сөнген жоқ. Интернеттен оқыған бір бөлек, одан керегімізді оқуға мәжбүрлік бар. Бірақ кейде үйде жатып ескі кітаптарды ақтарып, қайталап оқимын.
– Адамның жан-дүниесін ашып көрсететін психологиялық тақырыптарға көбірек қалам тартып жүрсіз. Психология саласына қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Астана ақшамы газетінде тілші болып жүргенімде ерлі-зайыпты Докучаевтардың семинарына қатысып, жазуым керек болды. Екеуі де мықты психолог екен. Олар жеті атадан бері жалғасып келе жатқан бақытсыздықты зерттейді екен. Генеология, родология деген ұғымдармен алғашқы таныстығым сол кезден басталды. Семинарда көптеген қыз-келіншектер мен ересек азаматтар қатысқан. Және олар өздері сол семинарға жазылып, ақылы қатысқандар екен. Тұрмысқа шығуды армандаған кәрі қыз болды. Өзінің ата-тегін зерттейды. Қалада өскен қыз жеті атасын да толық білмеген. Содан туыстарынан сұрастырып, мынадай түйінге тіреледі: Оның үлкен әжесі соғыс кезінде жесір қалады. Жалғыз қызын бір өзі бағып жеткізеді. Оның да күйеуі ерте қайтыс болып, ол да балаларын бір өзі өсіреді. Одан тараған қыздың қызы тұрмысқа шыға алмайды. Себебі, анадан берілетін бақытсыздық тұқым қуалап, әйелдердің бойындағы еркекке деген сұранысты жойып отырады екен. Осы шынжырды үзу үшін әлгі қыздың сөз байласқан жігіттері жеме-жемге келгенде тастап кететінін бәрін өзі зерттеп, психологтарға айтып, олар кедергінің бәрін алып береді. Сосын бойындағы еркекке деген жеккөрушілік, менсінбеушіліктен құтылыпты.
Семинардан түйгенім, әр адам өлі балық құсап та өмір сүре алады. Немесе ағынға қарсы жүзіп, өз өміріне өзі қожа бола алады. Ондай адамдарды тұлға дейміз. Мен шешемін. Мен істей аламын дейтін адамдар. Егер сен өзіңді бақытсыз сезінсең, сол жерге қайта оралып, бақытсыздықты түзеп, бақыттың жолына түсуге әр адамның қақысы бар. Мен осы қарапайым шындықты түсіндім. Сосын ізденіс жолына түсуіме өмірдің өзі әкелді. Бір ой менің бүкіл өмірімді түп-тамырымен өзгерте алды.
– Ендеше неге журналистика факультетін оқыдыңыз?
– Мектепті үздік тәмамдап келген соң университеттердің байқауын зерттедік. Менің шамам не филфакқа, не журфакқа жетеді деп түйдік. Сосын ғылым жолына түсе алмаймын, менің әлеуетім оған жетпейді деп өзімше топшылап, журфакты қолай көрдім. Дегенмен, журналистика көп мүмкіндіктің есігін ашып берді. Біріншіден, сөз қасиетін ұғындырды. Сөзге құрметімізді өсірді. Журналистикада оқып жүргенімде жазушы боламын деп армандадым. Ерте ме, кеш пе ол арманыма жетемін…
– Бүгінде ФБ әлеуметтік желісінде «Өзгеріс ойдан басталады» деген парақшаңызда бес мыңнан астам оқырманыңыз бар екен. Жазбаларыңызды көпшілік қалай қабылдап жатыр? Жекеге жазып ақыл-кеңестер сұрайтындары бар ма?
– «Өзгеріс» қазір он мыңдық мәреден асты. Аудармаларымды бір жерге топтастыру мақсатында ашылған топ еді. Аудармаларды ел жылы қабылдайды. Себебі, көбіне күнделікті қарбаласта мән бермейтін қарапайымдылықты ашып көрсетуге тырысам. Сондай тақырыптарды қозғаймын. Арасында үлкен кісілер жақтырмай қалатын тақырыптар бар. Әсіресе, жалғызілікті әйелдер қалай өзін дамытуы керек деген сияқты… Сен әйелдерді бұзып жатсың деп кейін тартатын ер адамдар болды. Кейбір адам бақытсыздыққа өз аяғымен барса, кейбірі тағдырдың таяғымен түседі. Жалғыз қалған әйел әркімге жалтақтамауы үшін де рухани күш-жігері болуы керек. Басқа түскен қиындықты әр адам өзі жеңе алады. Тек соны түсінсе, жол ашылады.
Жекеге шығып ақыл-кеңес сұрайтындардың дені қыз-келіншектер. Біздің қазақтың қыздары өздерін бағалауды, бағалатуды білмейді дегенге сүйенем. Мәселені дер кезінде емес, пәлен жыл өткен соң қозғайды. Осыны өз басымнан кешірмесем айтып жеткізе алмас па едім?! Үнемі көтен-зорлыққа әкеп тірейді. Ер мінез басым. Жігіттердің көпшілігін әке емес, ана тәрбиелейді. Мойнына жауапкершілік алып, әйелдің қисық қабырға екенін түсіне бермейді. Бір сызықтың бойымен жүргісі келеді. Өмірде ең қиыны сынған көңіл күйді қалпына келтіру, суынған жүректерді қайта жылыту. Сөз жарыстырып емес, мейірім жарыстыратын заман екенін не білмейді, не тым кеш біліп жатады. Отбасылық теке-тірестерге көп орын беріледі. Еркек өз орнын, әйел өз рөлін біле бермейді. Томас Эдисон айтпақшы, өркениет адамға ойлауды үйреткен заманда жасап жатырмыз. Сондықтан, күпірлік айтпас бұрын, істемес бұрын өзіңе соның жауапкершілігін өлшеп көр деуді айтып үйрендім. Өзім де сөйтемін. Өзімді шектейтін шектеулердің бәрін алып тастадым. Мейлінше еркінмін. Әр адамның еркін болуға құқы бар. Бірақ ойыңа келгенді істеудің кесірі өзгеге зиян тигізбеуі керек деген таяқтың екінші басы бар. Сонда жүрекке үйлесім қонады.
– Адам өмірін өзгерту үшін қандай кеңестер айтар едіңіз?
– Адамның өмірін бір ғана ой өзгертеді. Ең бастысы, сол ой жүректі дір еткізсе болғаны. Бір кеште өмір өзгеріп кетпес. Бірақ көбелектің қанатының эффектісі деген үдеріс пайда болады. Бір күні сол ой пісіп жетіледі де, жарылады. Сол кезде нені қалай өзгертетінін адам өзі түсінеді. Өзіне жақсы өмір сүруге рұқсат ету мен бір орында тұра беру әркімнің өз таңдауы. Кімнің қалай өмір сүретіні, неге талпынатыны – өмірлік мақсаттарға байланысты. Мақсат болса, адам алға жылжиды. Мақсат көмескі ме, онда бір орында тұра береді. Сондықтан армандау керек. Арманға қанат бітірген сайын ол биікке алып ұшады. Адам ешқашан осымен өмір бітті деп ойламауы керек. Әр қиындық өз меніңді тануға жіберілген сынақ. Өзіңді таныған сайын Құдайға жақындай бересің. Сонда механикалық өмір сүру – мағынаға, ұлы мәнге ие бола береді. Адамның әр ісі, әр ойы – бұқараға қызмет етуді мақсат тұтса, сол адамның жанына ләззат сыйлайды. Дұғасыз да иманы күшейеді. Таңертеңнен кешке дейін бір адамға пайдаң тимесе, бір күн өліп кетті. Тіпті автобуста орын беріп, рақмет естісең, бүгін өмір сүргенің үшін бақытты боласың. Адамның санасы тұнық болған сайын қызғаныш пен көрсеқызарлықтан құтылады. Қарапайым болуға талпынған сайын алдыңнан айқара ашылатын есіктер көбейеді.
Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!
(«Жұлдыздар отбасы» журналының
2017 жыл, №11 (245) санынан қысқартылып алынды)
Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!