Алматының бір топ тұрғыны қалалық прокуратура алдына жиналып, прокурор Ғабит Миразовтың қызметінен кетуін талап етті. «Бас прокуратурадан жедел тергеу тобын күтеміз» деп жазылған плакат ұстаған он беске жуық тұрғын әртүрлі арыз-шағымдарына «қала прокуратурасы жауап бергісі келмейтінін» айтады.
Тұрғындардың айтуынша, Алматы қалалық прокуратурасы наразылық білдірушілерді маусым айында бірге қабылдап, мәселелерін қарауға уәде берген. Бірақ кейіннен айнып, әрқайсысын жеке-жеке қабылдамақ болғанымен, оны да орындамаған. Наразылық білдірушілердің прокуратураға шағымдары әртүрлі. Кейбірі заңды пәтерін қайтарып ала алмай жүргенін айтса, кейбірі «баласын өлтірген қылмыскерді бірнеше түрмеге ауыстырып, ақыры Ресейге тапсырды, шын мәнінде қылмыскер бостандыққа шығып кетті» деп есептейді. Наразылық білдірушілердің талабын тыңдауға шыққан прокуратура қызметкерлерінің бірі «акцияның заңсыз екенін» ескертіп, прокуратура ғимаратының ішіне кіріп сөйлесуге шақырған. Алайда «ғимарат ішіне кірсек топты бөліп тастайды» деп қауіптенген тұрғындар прокурор ұсынысынан бас тартып, қала прокуроры Ғабит Миразовтың шығуын талап етті. Ғабит Миразов биыл ақпан айында Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалған.
Дереккөз: centralasian