Жасарал ҚУАНЫШАЛИН,саясаткер: Телеарналардың пульті бір адамның қолында

1 Қазір кейбіреулер телевидение саласындағы соңғы өзгерістерге қол шапалақтап қуанып жатыр. Алайда, менің пікірімше, одан ештеңе өзгермейді, телеарналар қоғамдық институт деңгейіне көтеріле алмайды. Өйткені, Қазақстанда ширек ғасырдан астам уақыт бойы қазаққа қарсы саясат жүргізіп келе жатқан диктаторлық режим биліктен кетпейінше, қызмет бабындағы ауыс-түйістер түк те шешпейді. Бұл – аксиома, яғни, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. «Қазақстан» телерадиокорпорациясына Е.Қарин келді екен, республикалық эфирден Қосанов сөйледі екен деп, мәз болып, «керемет» күтудің, өзімізді-өзіміз алдаудың қажеті жоқ.

Әрине, халықты алдаусыратып қою үшін күрескен түр көрсетіп, саясатта ойын ойнап жүргендерге осылай сөз береді, ал ел, жер қамы, халық мүддесі үшін шынайы күресетіндерге эфир бұйырмайды. Тіпті, әлдебір түсірілімге қатыстырғанның өзінде, олардың онда айтыл-ған өткір сөздері жария болмай, құрдымға кетеді. Мәселен, мені жуырда 26-бапқа қатысты Астанада өткен бір пікірталасқа шақырды. Бардым, 10 минут сөйлеуге мүмкіндік берді. Ақыры не болды? Ол түсірілім сол студияда қалды, эфирге шығарылмады. Ал біздегі барлық телеарналарды №1-ші отбасы баяғыда-ақ жекешелендіріп алып, тек халықтың санасын дуалау үшін ғана жұмыс жасап жатқан жағдайда басқаша болуы мүмкін де емес. Сондықтан, Қарин де, Марин де, Сарин де ештеңені өзгерте алмайды…

Марат ТОҚАШБАЕВ, журналист: Шоусымақ бағдарламалар көрерменді жиіркендіріп жіберді

1 «Қазақстан» телеарна­сының жұмысы қара­пайым көрермен әрі кезінде сол арнаны басқарған журналист ретінде назарымды үнемі аударып отырады. Әрбір игі бастамалары, талпыныстары көз алдымызда. Алайда, соңғы жылдары ойын-сауықтық жанрдағы бағдарламалар бүкіл телевидение саласының халық алдындағы негізгі міндетін ұмыттырып жіберді. Ол әлдебір күштердің мақсатына жету жолындағы құралға айналып кетті. Іс жүзінде «Қазақстан» Елбасы жарлығына сәйкес толықтай қазақ тілінде хабар тарататын телеарна ғой. Өкінішке қарай, ол, тіпті, кешегі кеңестік кезеңдегі тәп-тәуір атқарған міндеттерінің деңгейіне бүгінде – тәуелсіздік тұсында жете алмай отыр. Сайқымазақ, шоусымақ бағдарламаларының көптігімен көрерменді жиіркендіріп жіберді.

 

2 «Қазақстан» телеарнасының негізгі ұстанымы ұлттық мемлекетті құру мен нығайту бағытында болуға тиіс еді. Соңғы он жыл ішінде Ақорда ұсынған немесе мақұлдаған тақырыптардан басқа қоғам мен мемлекеттің өзекті мәселелерін көтерген жөні түзу бағдарлама көргенім есімде жоқ. Проблемаларды тиіп-қашып сөз ететін «Айтуға оңай» деген ток-шоу ғана көрермен жинайды. Оның өзі де тақырыптарға тереңдей бермейді. Ведомство бас­шы­ла­рының, әкімдердің көтерілген тақырыптары бойынша пікір айтқанын көрген жан жоқ. Қазақстанның электрондық ақпарат құралдарын көзге көрінбес цензура тұсап тұрған сияқты. Негізінде, көрерменге сауатты, демократиялық пікірталастар өрбитін саяси ток-шоулар мен сараптамалық бағдарламалар керек. Кезінде осы арнада «Күлтөбе» деген жақсы бағдарлама болған. «Қазақстан» қазақтардың сұранысына жауап бере алмай отыр. «Қазақстан» ешкімнің жеке меншігі емес. Ол – халықтан жиналған салық есебінен, яғни, бюджеттен қаржыландырылатын телеарна. Сондықтан, ол өз мәртебесіне лайық халықтық дүниелерді ұсынғаны абзал. Қоғамдағы маңызды деген тақырыптарды талқыламай, қазақша айтқанда, «жын-жыбырға» әуес болу телеарнаға абырой әпермейді. Телеарналарға жүргізуші ретінде әнші мен сайқымазақтарды тарту – шынайы тележурналистиканың сағын сындырды. «Торғай сойсаң да, қасапшы сойсын» деген. Кәсіби тележурналис­тика өз деңгейіне қайтып оралуға тиіс.  Бүгінгі таңда Қазақстан үшін ақпараттық қауіпсіздік аса маңызды. Ресейдің ақпараттық экспансиясына тосқауыл қоятын уақыт жетті. Жергілікті жерлерде биліктің Ресейдің ығына көнбістігін білетін бірқатар телеарналар Ресей телеканалдарының өнімдерін көшіріп, айналдырумен отыр. Бұл да біздің елімізге ақпараттық идеология­ны тықпалау. Біз ақпараттық кеңістігімізді қорғауды үйренуге тиіспіз. Ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз – ол мемлекеттің қауіпсіздігі!

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, тележурналист: Мемлекеттік ақпарат құралдары: кейде жалағыш, кейде жаналғыш

1 Телеарнаның бүгінгі күйі – ұлт-тық идеологияның деңгейі. Бізде мемлекеттік тұрғыда, елге иелік ету тұрғысында айқын саясат жоқ, тұман. Сол «тұман» БАҚ-ты да басып қалды. Айқын бағыт, мақсат жоқ болғандықтан анық сөйлеп, дөп басатын БАҚ-та жоқ. Елдің көкейінде сұрақ көп, ал ақпарат құралдарында жауап жоқ. Осыған дейін «Нан неге қымбаттады?» десе, «Қарақатты тыңда?», «Бала-шағаммен баспанасыз жүрмін?» дегенге, «Жанар Айжанованың келін туралы комедияларын көріп, күліп ал», «Жерім..» дегенге, «Қоянбаев қатырды, ә!» деп жауап беріп келді идеологтарымыз.

Күллі ақпарат құралдарын осыған мәжбүрледі. Өткенде «Майлыбаев кетті, Тажин келді. Майлыбаевқа тағылып жатқан айып ауыр, мемлекеттік құпияларға қатысты. Өзге елдің идеологиясына жұмыс істеген» дегендей сөздер естілді. Жақсы делік, анықталар. Ал Марат Тажин елдікке, тарихқа жақын тұлға ретінде танылған. Оның келе салғандағы ең әуелгі жұмысы жаңағы «өзге елдің идеологиясына» тосқауыл қою емес пе? Онда көсемсіп сөйлеуден өз-өзін «пайғамбарлық» дәрежеге жеткізіп алған, Әзірбайжан, Украина сынды елдердің қарғысына қалған шовинист Владимир Соловьев қазаққа не үшін келе жатыр? Оның «уағызын» есту үшін мың долларлап билет алып, барғалы жатқан кімдер?

2 Ұлттық арнадағы ауыс-түйістерден тек жақсылық күтемін. Е.Қарин сынайтындай немесе жер-көкке сыйғызбай мақтайтындай ештеңе тындырып үлгерген жоқ. Үлгерсін дейік, өйткені, оның алдында келген Кемел Ойшыбековтің қызметі тым келте қайырылды. Сол басшыны, ол шақырған мамандарды «Уралап» қарсы алып, табалап шығарып салушыларды да көрдік. Журналистиканың өресі… Қазір тағы «уралап» жатыр… Ең ірі ақпарат құралының басына саясаттанушының келуі біздегі саяси ахуалдың тым шиеленісіп кеткенін көрсетсе керек. Ар-ұятты жоғары қояр деген үмітім бар. Жаңаөзен оқиғасында мұнайшыларды «бұзықтар» дегені, артынша сол сөздері үшін жер болғандары қазақ журналистеріне сабақ болды ма десек, қателесіппіз. Өткенде ғана кәсіподаққа қатысты ереуілге шыққан кеншілерді жөн-жосықсыз «біреу түртіп жүр» деген дәлелсіз-дәйексіз арнайы репортажсымақ көріп қалдық. Дәлелдің нақтылығы, ойдың айқындығы, тараптар теңдігі дегендей журналистік принциптерді ысырып тастау абыройлы іс емес. Сол журналист, оның басшылары өздері алып отырған жалақының ішінде мұнайшылар төлеген салық та барын түсінгенде ғана сана өзгереді. Ерлан Қарин осыны әкелсе, осы пікір теңдігі үшін күресіп, ақпарат құралының тұтас тұжырымдамасын өзгертсе, тарихта қалар еді?! Оны істей алмаса, бұл ол үшін кезекті бір қызмет сатысы болады да қояды. Мемлекеттік ақпарат құрал-дарының кейде жалағыш, кейде жаналғыш боп кетуі бізде журналистік институттың дұрыс дамып жатпағанын анық көрсетеді. Ең қауіптісі сол – құбыл (хамелеон) күйге мамандардың өзі еш намыстанбайтын боп барады. Телевидение қоғамдық институт болуы үшін саусақтары салалы топтардан құтылып, қоғамға бет бұруы керек. Мемлекет бюджетінен тәуелділік – мемлекетті майлы жілікке айналдырғандарға тәуелділік еместігін түсінгенде, осыған қол жеткізгенде ғана біздің БАҚ халыққа кіршіксіз қызмет ете бас­тайды. Ал «ана ауылда су жоқ», «мына ауылда жол жоқ» дегендей алдамшы материалдармен ұзаққа бармаймыз. Халыққа саяси сауатын жетілдіріп, көкейінде жиналып қалған, ащы запыранға айналған сұрақтарға жауап беретін, әр адам осы елдің азаматы екенін түсіндіретін, ой-өрісті өркендететін хабарлар керек. Бұл – тұтас мемлекеттік саясат! Ақпарат құралдарының басшыларын ай сайын алмастырса да, биліктің ұстанымы өзгермей ештеңе шешілмейді.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Қоғам талапшыл болу керек! 

1 Шын мәнісінде, қандайда мәселенің түйіні мен оның шешілуі ең алдымен ақиқатты, шындықты айтудан басталады. Қазіргі жағдайымыз қандай? Бүгінгі күйімізді мойындау қажет. Соны түсініп, ұғыну керек. Сонда ғана біз оң шешімдерді қабылдай аламыз. Меніңше, ақпараттық салаға келгенде соңғы 25 жылда уысымыздан жіберіп алған дүниелеріміз өте көп. «Қазақстанда тәуелсіз дербес ақпараттық кеңістік қалыптасты» деп, мінбелерде жиі айтылып жүр. Бірақ, іс жүзінде олай емес. Қазақстан әлі күнге дейін советтік, ресейлік шектеуден шыққан жоқ. Телеарналарды қоссаңыз, газет-журналдарды ақтарсаңыз, бұрынғы Мәскеу идеологиясы. Баяғы совет үкіметі ыдырамаған жағдайда өмір сүріп жатқандаймыз. Сол баяғы орыс тілі салтанат құрып тұр. Бұл, тіпті, үйреншікті жағдайға да айналып кетті. Күнделікті көретініміз ресейлік бағдарламалар, ресейлік жаңалықтар мен кинолар. Біздің бала-шағамыз ресейдің идеологиясымен тәрбиеленіп жатыр. Біз, тіпті, алыс шетелдерді айтпағанда, қасымыздағы Қырғызстан, Өзбекстанда не болып жатқанын білмейміз. Қоршаған ортаға Ресейдің БАҚ-ы арқылы қарап отырмыз. Анығында Қазақстан ақпараттық, идеологиялық тәуелсіздікке әлі де қол жеткіз-ген жоқ. Әлі де Ресейдің бұғауынамыз.

2 Ақордаға соңғы қабылданған кейбір шешімдер (М.Тажинның қайтып келуі, «Қазақстан» телеарнасына Ерлан Қарин сияқты мемлекетшіл азаматтың келуі) әрине, кеудеге үміт ұялатады. Аз да болса соған қуанасың. Әрине, жекелеген мұндай шешімдер жеткіліксіз. Бірақ, соның өзі көңілімізге медеу болады. Бұл үлкен істің бастамасы деп ойлағың келеді. Бірақ, бүгінгі билік басындағыларға қарайтын болсақ, қанша талап етілсе де бүйректері орыс тіліне бұрып тұратындығы, қазақ тілін менсінбейтіндігі, қазақ мәдениетіне назар аудармайтындығы көңілге қатты тиеді. Жекелеген тұлғаларға мұндай жағдайда үміт артпай, қоғам өзі талапшыл болғаны дұрыс деп ойлаймын. Неге біз Қазақстанда тұрып, қазақ тілінде ақпарат алмаймыз? Қазақ тілінде теле өнім көрмейміз? Тек саяси ғана емес, экономикалық, мәдени бағытта неше түрлі қызықты бағдарламалар жасауға болады ғой. Қоғамның еті тірі, ояу болу керек. Әрбір қарапайым қазақ осындай талаптар қойып, атсалысқаны ләзім!

«Жұлдыздар отбасы» №7 2017 жыл

Пікір қосу