Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев былтыр 1 млн 246 мың сом (шамамен 17,8 мың доллар) пайда тапқан. Ал шығыны 8 млн 385 мың сом (шамамен 120 мың доллар) болған. Ол декларациясында жеке жинағы екенін айтқан.
Құжатқа сәйкес, қырғыз президентінің 2,7 гектар учаскесімен 116 шаршы метр үйі бар. Сонымен бірге 6,4 гектар егістік алқабы бар. Мұнан бөлек қырғыз президенті ОсОО НПФ қорын сенімгер арқылы басқарады. Оның жылжымалы мүлігі жоқ. Декларация бойынша, Атамбаевтың жақын туысы (кім екені айтылмаған) 2016 жылы жұмыс орнынан 250 мың сом, дивиденд ретінде 369 мың сом, азаматтық-құқықтық келісімдерден 2,5 миллион сом, салымның өсімі ретінде 100 мың доллар пайда тапқан.
Алмазбек Атамбаев 2015 жылы 1 миллион 298 мың сом табыс тауып, 34 миллион сом жұмсаған. Оның жақын туысы сол жылы жұмысынан 182 мың сом, салымының өсімінен 112 мың доллар пайда тапқан. Алмазбек Атамбаев бұдан бұрын «президент болғанға дейін доллар мультимиллионері болғанмын» деп мәлімдеген.
Дереккөз: centralasian