– Рысбек аға, сіз Ж. Мамайды қорғау комитетінің мүшесісіз. Әңгімемізді Жанболаттың қазіргі жағдайынан бастасақ. Оның өміріне қауіп төнгені туралы ақпараттар бұған дейін шыққаны мәлім. Абақтыдағы ахуалын біліп тұрасыздар ма?

– Жанболат Мамайдың түрмеде соққыға жығылуы қалың қауымды қатты алаңдатты. Оның арнайы тапсырмамен жасалғанына біз күмәнданбаймыз. Комитет дабыл қағып, мәселені тиісті орындарға ресми түрде қойғаннан кейін жағдай біршама қалыпқа келді деп ойлаймыз. Дегенмен, оның өміріне қауіп төндірген сәттер әлі ұмытыла қойған жоқ.  Түрмедегі саяси тұтқынның, біз Жанболатты солай деп санаймыз, әр күнін қадағалаудамыз.  Үстіміздегі жылдың 10-ақпанында Алматыдағы «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясында, газет басшысы Ж.Мамайдың, журналист И. Иманбайдың, газет құрылтайшысының үйлерінде және саясаткер Т.Жүкеевтің пәтерінде тергеу әрекеттері шеңберінде тінту жасалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы кінәсіздік презумпциясы ұстанымына, соттың іс қарауына, үкімнің шығуына қарамастан Жанболатты М.Әблязовтың «көмекшісі» деп атады. БТА банкінен шетел асырылған ақша қаражатының бір бөлігінің ізін жасырды деген айып тақты. Ол енді қаншалықты негізді? Оны алдағы сот процестері көрсетер. Бірақ, мынандай сұрақ туындайды: М.Әблязов қайда, Ж.Мамай қайда? Бас банкир БТА қаражатын жымқырды делінетін жылдары Жанболат мектеп партасында отырды. М.Әблязовтың банкісінің қай жерде екенін біліп пе, онда қызмет істеп пе? Әрине, жоқ. Президенттің бірінші қарсыласына айналған адам шетелде бас сауғалаған жылдарда, Ж.Мамай Алматыда өмір сүрді, оқу оқыды, журналистік кәсіппен шұғылданды. Бизнес жасап, қаражат саласының қызығын қумады. Саясат алаңына шығып таныла бастады. Әблязовтың «Алға» партиясына кірмеді, оппозициялық «Азат» партиясында болды. Сонда ол қалайша «көмекші» болмақ? Бүгінде Алматыда М.Әблязовке қатысты сот процесі өтіп жатыр. Мұхтар Қабылұлын өзінің қатысуынсыз сырттай соттауда.  Бұл іске Ж. Мамайдың қатысы бар болса, «қылмыстық әрекеттері» бойынша тергеуге алып, айыптау қорытындысын шығарып, мына процеске Жанболатты шақыртулары керек қой. Әзірше ондай қимыл  жоқ. Бұның өзі көп нәрседен хабар береді.  Біздің ойымызша, Ж.Мамай Әблязовтің ешқандай да көмекшісі болмаған. Оның сыбайласы да, «ұйымдасқан қылмыстық тобының» мүшесі де емес. Нақтылы дәлелденген қылмыстық әрекеті көрінбейді. Жанболаттың барлық тірлігі біздің көз алдымызда. Оны ақшаның соңына түскен бизнесмен, шаруасы жүрген кәсіпкер санау қисынсыз.Ол – бар-жоғы тәуелсіз басылымның редакторы. Оның газеті бүгінгі қоғамдағы  жемқорлықты, түрлі заңсыздықтарды  әшкерелеп жатқан санаулы тәуелсіз басылымның бірі ғана болатын.

Мен Жанболат Мамайды басқа адамдар сияқты тек қана сырттай білетін адам емеспін. Жақын араластым. Студент кезде сайттарда жарияланып тұрған мақалаларымен танысып, алғырлығына, турашылдығына сүйсініп, «Жас Алаш» газетіне жұмысқа шақырдым. Журналист ретінде ол «Жас Алаш» басылымында қалыптасты, шыңдалды. Сол газетте жұмыс істегенде өзінің көзқарасының айқындығымен, ұлттық, мемлекеттік мүддеге берілгендігімен, шыншылдығымен көпшіліктің көзіне түсті. Кеңінен танылды. Тіпті өткір жазған, қатты кеткен тұстарында жанашыр оқырмандарымыз оның амандығын тіледі. «Қастандықтан, қауіп қатерден сақтасыншы, бір Құдай!» дейтін жалбарынып. Оның мақалаларын оқырман газеттен тағатсыздана күтетін. Бұндай жас азаматтың  елге, тілге, жерге жанашырлығы және биліктің жүргізіп отырған әрбір теріс әрекеттерін тайсалмай сынауы, сараптап, дәлелдер арқылы оны әшкерелеуі жоғарыға ұнаған жоқ. Сол кезде оны алдарқатып, қолдарына түсіргілері келді. Шетелге оқуға жіберейік деген  ұсыныс та жасалды. Қызықтырып та, қорқытып та көрді. Бағытын өзгертіп, билікке икемдеуге қарекет етті. Жанболатқа бірнеше ұсыныстар жасалды. Биліктің «қамқоршылдығының» мәнісін түсінген ол бірден бас тартты. Егер мәнсапқұмар, пайдакүнем, жеке  мүддесін күйттеген адам болса, Жанболат сол кезде олармен тіл табысар  еді. Бірақ, ол өзінің тазалығын, ар-ұятын сақтады. Сондықтан да, оны қылмыскерлерге еріп, заң бұзушылыққа барды дегенге мен сенбеймін. Жанболат студент кезінде-ақ «Тіл мен рух» жастар клубын ашып, біраз шаруаларды атқарды. Бізден кейін өз алдына газет шығарды. «Азат» партиясының төралқа мүшесі болып, саясаткер ретінде қоғамдық жұмысқа араласты. Маңғыстау мұнайшылары ереуілге шыққанда белгілі режиссер Болат Атабаев екеуі мұнайшылардың талап-тілегін қолдап, олардың арасына барды. Қарапайым жұмысшылар құқығының қорғалуын солармен бірге талап етті. Сөйтіп жүріп Б.Атабаев екеуі арандатушы атанып, қамауға алынды. Бірақ, соттауға дәлел таба алмай, ақыры босатты. Кейбір адамдар түрмеден кейін райынан қайтады емес пе? Ал Ж.Мамай алған бетінен қайтпады. Керісінше, өзінің істеп жүрген жұмысының дұрыс екеніне көзі жете түсіп, саяси күрес жолына шындап кірісті. Алдағанға көнбейтін, сатып алуға болмайтын мұндай адамға не істеу керек? Қоғамнан оқшаулап, түрмеге қамау – қазіргі биліктің ең оңтайлы және үйреншікті тәсілі.         Әділетсіздікке төзбеген халықтың арасынан міндетті түрде осындай азаматтар шыға береді. Біреуін қамасаң, ондай ерлердің оны ел ішінен қайта  шығады. Оны тоқтату мүмкін емес! Макс Боқаев пен Талғат Аян да сондай —  қоғамдағы келеңсіз жағдайға наразы, әділетсіздікке қарсы халықтың бел ортасында жүріп, ел мүддесі үшін күрескен  азаматтар.  Халықты соңдарынан ерте алатын, өз бастарын құрбан етуге бар ержүректіктер билікті қатты шошытты. Оларды сонысы үшін соттады. Бір сөзбен айтқанда, Жанболатты да сондай жағдайға жеткізбек. Ж.Мамайды журналистік қызметі мен  саяси көзқарасы және қоғамдық белсенділігі үшін қудалауға түсіп отыр деп есептеймін.

– Жанболатқа экс-банкир М.Әблязов жымқырған, яғни заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру арқылы қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін жасады деген айып тағылып отыр. Сіз ұзақ жылдар бойы тәуелсіз басылымды басқарған адам ретінде айтыңызшы, газет арқылы қаржылық қандай да бір операция жасауға бола ма?

– Бұл жерде Жанболатқа БТА банк арқылы ұрланған «лас ақшаны тазартты» делінетін жалпыға түсінікті теңеуді қолданбақ көрінеді.Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның БАҚ арқылы таратқан мағлұматына қарағанда, Ж.Мамай «Саяси қалам.Трибуна» газеті арқылы заңды түрде қаржылық операция жүргізген болып, БТА банкінен ұрланған ақша қаражатының бір бөлігінің ізін жасырған көрінеді. Оны БТА банк төрағасының орынбасары болған Жарымбетов айтса керек. Оның көрсетуі бойынша шамамен 100 мың доллар көлеміндегі қаражатты Әблязов Алматыдағы біраз адамдарға бергізіпті-мыс. Және ол өзі емес, біреулер арқылы жіберген. Бұл – Түркиядан  келіп, қолға түсті делінген Жарымбетов сөзі дейді. Әлгі 100 мың доллардың қаншасы аталған басылымға бұйырғаны беймәлім. Тіпті соның бәрін тұтастай газет шығару мақсатында Ж.Мамайға берді дейік. Ал енді сол қылмыс болып табыла ма?  Ол ақшаның таза, таза емес екенін немен айырады? «Мынау шетелге асырылып ұрланған ақша» деп, ақшаның бетінде жазылып тұрған жоқ қой. Мүмкін, ол Әблязовтің өзінің адал еңбегімен табылған ақшасы шығар. Сонда оны қалай ажыратады? Бұл – бірінші мәселе. Екінші, ол ақшаны қашан берді? Кім берді? Нақты қандай сомма берді? Оған қандай дәлелдері бар?

Енді осы арада жерге қатысты митингі ұйымдастырғаны үшін сотталған жігіттердің ісін еске алайықшы. «Талғат Аянға Шымкенттегі сыра зауытының қожасы Төлешов ақша берді. Ол елде төңкеріс жасау мақсатын көздеді» деген мәлімет таратылды емес пе? Бірақ, Атыраудағы сотта онысы нақтылы дәлелденген жоқ қой. Сол сотта «Шымкенттен ақшаны Атырауға таксимен апарды» деген қисынсыз  әңгімелер айтылды. Соншама мол қаражатты апаратын адам жанын қинап, жол азабын тартып, әрқилы қатерге қарамастан таксимен жүре ме?! Ұшаққа, пойызға ақшасы құрып қалды ма? Митингіні ұйымдастыруға қаражат таппай жүрген Талғат ол ақшаны неге жұмсамаған, оны Алматыдағы жете таныс емес біреудің үйіне  қалдырып кеткені несі? Ең қызығы, тергеушілер Төлешов берген ақшаны Талғаттікі делінген футболкаға оралған жерінен тауып алады. Ал ол футболка Талғатқа шақ келмейді. Ол футболкада Талғаттың иісі бар ма, жоқ па деген сұрақтың басы да ашық қалды. Судья ол футболканы сараптамаға жібермек тұрмақ, дұрыстап көрсеттірген де жоқ. Егер футболка кімдікі екені анықталатын болса, Талғатқа қасақана жала жабылғаны белгілі болар еді. Сондықтан, сот бәріне көз жұма қарады. Мен бұны неге айтып отырмын. Жанболатқа да осындай әрекеттер жасалып жатыр деп есептеймін. Егер шын дәлелдері болса орны-орнына қойып беретін еді. Бұлтартпайтындай етіп жариялайтын еді.  Жанболаттың БАҚ арқылы ресми түрде айтуына қарағанда ондай нәрселер жоқ. Ол Әблязовтен ешқандай ақша алмаған.

Енді нақты сұрағыңа келетін болсақ. Газет деген пайда табатын, үлкен айналымда ақшаны сапырылыстыратын компания емес. «Саяси қалам.Трибуна» газетінің таралымы — 15 мың дана. Таратушылар мен сатушыларға 70 теңгеден беріледі. Бұл — редакциялық баға. Есептеңіз,15 мыңды 70-ке көбейтіп. Енді ол сомадан  баспаханаға, қағазға, экспедиция мен поштаның жеткізу қызмет ақысына, газет қызметкерлерінің айлығы мен қаламақысына, іс сапарға,  кеңсені жалдауға төленетін қаражатты шығарып тастаңыз. Сонда газеттен қанша пайда түседі? Өзін- өзі әзер ақтайды. Нақтылы жағдай осындай.Тергеушілердікі  ойға қонымсыз айып. Егер Ж.Мамайға қарсы сот өтетін болса, айыптаушылардың жер шұқып, қара терге түсеріне шүбаланбаймын. Судьялардың да шекесі қыза қоймас. Мұндайларды бұрын талай көргенбіз. Мәселен, М.Әблязовтың, Ғ.Жақияновтың екімыңыншы жылдардың басындағы соттарын, сасаткер, күрескер Б.Әбілевтің үстінен болған толып жатқан іс қарауды, Жаңаөзеннің ереуілші мұнайшыларының, В. Козловтың Ақтаудағы соттарын, М.Боқаев пен Т. Аянның Атыраудағы соттарын еске алыңыз. Тәуелсіз, еркін БАҚ-тардың үнін өшіруді көздеген сот процестерін де ұмытпайық. Егер Қазақстанда сот орындары шын мәнінде тәуелсіз, дербес болса, заңға ғана бағынып, әділетті шешім шығаратын болса, онда мұндай бассыздықтарға, асыра сілтеуге, судьяларды саяси тапсырыс орындаушы етуге жол берілмес еді!

– Бұрындары  саясаткерлердің қудаланғанын білеміз. Талай саяси партиялардың жабылғанынан да хабардармыз. Ал қазір Ж.Мамай сынды тәуелсіз журналистің қудалануына, жоғарыда өзіңіз айтқан саяси-қоғамдық өмірдегі толып жатқан келеңсіздіктерге,  М. Боқаев пен Т.Аянның сотталғанына куә болып отырмыз. Кеше ғана мұнайшылар кәсіподағының белсендісі Нұрбек Құшақбаев екі жарым жылға сотталды. Бұның барлығы ненің көрінісі?

– Бізде тәуелсіз кәсіподақтың, оппозициялық партиялардың жұмыс жасауына, тәуелсіз журналистердің еңбектенуіне билік  қарсы. Неге? Өйткені, авторитарлық билікті қалайда сақтап қалуды көздейді. Ал мынаның бәрі билік тармақтарындағыларға үрей, қорқыныш туғызады. Бұқараға саяси ұйымдар, тәуелсіз кәсіподақ пен журналистер ықпал ете алады. Қазір халықтың билікке деген наразылығы  өте күшті. Президенттің өзіне сенім азайды, атқарушы үкіметке, заң шығарушы сенат пен мәжіліске, сот, құқық қорғау орындарына, жергілікті билікке   жұрт жиренішпен қарайды. Айлықтарын көбейтіп, қарындарын сипап, ұйқыға кеткен Парламенттің не тындырғаны бар. Қабылдап жатқан заңдарына қараңыз. Айыппұлдардың түрлерін, мөлшерін көбейтіп, үстемелеп жатыр. Жер кодексі туралы заңдары қаншама дау туғызды. Үкіметтің әрекеттері мен әрекетсіздігіне қапаланасың. Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай болса солай жұмсап түбіне жетті. Банк жүйелері кезекті күйреудің алдында тұр. Экономикамыз құр сөз жүзінде дамып, миллиардтарды жалмаған бағдарламалар іске аспады, барлық азық-түлік, тұтынатын тауар түрлері қымбаттады. Еңбекақы мен зейнетақы, әлеуметтік қолдау мардымсыз. Халықтың едәуір бөлігі қайыршылықтың алдында, өлместің күнін көрген. Айта берсек, толып жатқан проблема, аяқ алып жүргісіз. Міне, осыған ашынып отырған бұқара көшеге шығатын болса, тек қана әлеуметтік мәселелерді күн тәртібіне қоймайды. Саяси талаптарын да айтады. Саяси реформа жасауды, биліктің ауысуын талап етеді. Шынтуайтына келгенде, бұл былық-шылықтың барлығы да биліктің ауыспауынан. Тырнақшаның ішіндегі «тұрақтылығынан». Сондықтан да оны сол қалпында сақтауды көздейтін билеп-төстеушілер наразылық акцияларының алдын алу, қарсылық ұшқынын шығармау мәселесін маңызды санайды. Сол үшін  қатыгездікке де, заңсыздыққа да барады. Және қашанда «қорыққан бұрын жұдырықтайды». Сықпыты кеткен биліктің әр тармағындағылар мұндайда бірін-бірі қолдап, бірлесе кетеді. Өз пікірлерін бүкпейтін, азат ойлы адамдарды, белсенді азаматтарды дереу қуғындауға, жазалауға, солай ету арқылы көпшілікті жасқандыруға жабыла ұмтылады.  Қазір, тіпті, блогерлердің өзімен арпалысуды бастады. Ауыздарын майлап немесе байлап дегендей. Биліктің қазіргі әрекеті – қайнап жатқан қазанның үстін бастырып тастап, оның үстіне өзіміз жатып алып, буын шығармаймыз деуі — күлкілі жанталас. Будың сыртқа шықпауы мүмкін емес.  Ертең ол қысым бәрін тас-талқан етіп тастайды. Сондықтан да демократиялық күштер мен  тәуелсіз басылымдардың айтқанымен санасу керек. Митингілерге рұхсат етіп, оған жиналған халықтың пікірлерін тыңдап, талаптарын орындау қажет. Сонда ғана ешқандай да төңкеріс болмайды. Қазіргі биліктің жасап жатқан әрекеті кері нәтиже береді: халықты төңкеріске өздері   дайындайды. Билік өзінің оппоненттерін, белсенді азаматтарды шетелге қуғындауды, соттауды, атуды, сонысымен адамдарды қорқытуды жақсы меңгерген. Осындай тәсілдерді  ғана біледі. Бұл өздеріне ор қазғанмен бір екенін ойлаудан аулақ. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға, пикеттерге шығуға мүмкіндік берсінші. Халық көшеге шықса,  ешкімді қырып, ешнәрсені жойып жібермейді. Қазақ халқы ондай  әрекеттерге бармайды. Демократиялық принциптермен мемлекетті дамытудың орнына авторитарлық, диктаторлық күшпен жаныштау – үлкен қателік.  Адамдардың барлығын Жанболат сияқты түрмеге тыққаннан халық үндемей тыныш отыра қалады деп ойлай ма?! Олай болмайды ғой. Мысалы, Мысыр елінде мен бұрын екі рет болдым. Онда полицей, әскер дегеніңіз қаруланып, бұрыш-бұрышта тұратын, халықты тырп еткізбейтіндей көрінетін. Ал сол елде не болды? Төңкеріс жасалды. Биліктің әскеріне де, жандармериясына да  қараған жоқ. Халық президенттерінің екі аяғын аспаннан келтірді. Ондай мысалдар өте көп.  Оның беті ары болсын. Біз ондайды қаламаймыз. Бірақ, бізге «Араб көктемінен» сабақ алу керек.

– Ж.Мамайдың ісіне қатысы бар делінген журналист  И.Иманбай мен саясаткер Т. Жүкеевтің қазіргі жағдайлары қандай?

– Бұл істе И.Иманбай газеттің журналисі болғасын куә ретінде сұраққа алынған. Оған ешбір кінә тағылмаған. Ал Төлеген Жүкеевті күдікті қатарына қосқылары келетін сияқты. Бұл жерде әзірге мәселенің басы толық ашылмаса керек. Негізі, Т.Жүкеевті күдікті ететіндей ешбір негіз жоқ. Қазақстанда екі таза, адал адам болса, соның  бірі – Төлеген Жүкеев. Өмірдегі, саясаттағы ол кісінің адалдығын жақсы білемін. Көзқарасы тұрақты, әр іске парасаттылығымен кірісетін азамат. Жалтақ, жағымпаз, сатқындармен жолын түйістірмейтін саясаткер. Ал енді сондай адам қылмыстық топқа кіруі мүмкін дегенге, өз басым сенбеймін. Биліктің осындай азаматқа қара күйе жаққысы келетіндіктері шектен шыққандық, көрсоқырлық және адасушылық. Төлеген Жүкеевтің кім екенін президент  Назарбаевтың өзі де жақсы біледі. Ертең айтуы мүмкін: «Жүкеевті неге қосып отырсыңдар? Ол – артына қару кезенсеңдер де лас жерді баспайтын, қылмысқа бармайтын арлы азамат. Ертең сотта ұятқа қаласыңдар. Мыналарыңды тоқтатыңдар!» деп. Билік халық артынан еріп кетуі мүмкін деген тұлғалардың барлығына осылай таңба салып қойғылары келеді. Бұның барлығы сол үшін жасалып отыр. Төлеген Тілекұлын М.Әблязовпен байланыстыру тіпті  қисынсыз нәрсе.

– Жуырда Жанболатты үйқамаққа жіберу туралы іс сотта қаралды. Осыған қатысты судья өз шешімін түннің бір уағында жариялады. Жалпы, адвокаттар жұмыстан тыс уақыттағы сот отырыстарын саяси тапсырысқа теңейді…

– Иә, саясаткерлерді түнде соттайтын дәстүр біздің елде, өкінішке қарай, қалыптасты. Ұрылар әдетте ұрлығын қандай кезде жасаушы еді? Әрине, түнде. Біздің сотта жымысқы істерін осылай түнде жасайды. Сот күндіз өтсе процеске көпшілік келеді емес пе? Бұл – көпшілікті, журналистерді, түрлі құқық қорғау ұйымдарының өкілдерін процеске қатыстырмаудың әрекеті. Түрлі сылтаулармен отырысты түнде өткізеді. Соттың қарап отырған мәселесі дұрыс болса және оны объективті түрде жүргізе алса, заң бойынша шешім шығарса, мұны халықтан жасырып, жабудың қандай қажеттілігі бар? Ешқандай да қажеттілігі жоқ. Өткенде Ж.Мамайды қамау мерзімін 10 мамырға дейін созды. Сол кезде түнгі сағат он- он бірдің кезінде судья өзінің  шешімін жария етті. Жанболатты қамауда ұстауға негіз жоқ еді.  Ол қауіпті қылмыскер емес. Қарт ата-анасы мен отбасын тастап, шетелге қашып кетпейді. Тергеу жұмыстарына кедергі келтірмейді. Миллиардтап ақша ұрлаған шенеуніктер сотқа дейін үйқамақта отырды емес пе? Прокурор: «Е.Нарымбай шетелге қашып кетті» деп сылтау айтады. Ермек өзін қудалау одан әрі жалғасып, сотталатын болғасын елден амалсыз кетті. Ондаған танымал тұлғалар кепілдік берді: «Жанболат ешқайда кетпейді. Егер кетіп қалған жағдайда заңға сәйкес жауапкершілік аламыз» деп.  Ж. Мамайды не үшін бостандыққа шығармай отырғаны бізге түсінікті. Оны түрмеде «сындырғылары» келеді. Ондай жағдайды басынан өткізді де. Қасындағы қылмыс жасап сотталғандар оны ұрып-соқты, ақша бопсалады. «Саясаттан кет» дегенге дейін барды. Бұл ақпарат өзімізге мәлім болысымен шу шығардық. Түрме басшыларымен кездесіп, талап қойдық. Егер Ж.Мамайдың бір тал шашы түсетін болса, тікелей өздерің жауапқа тартыласыңдар дегенді қатаң ескерттік. Қазір сол істі тергегендей болып жатыр. «Қарғаның көзін қарға шұқымайды» дегендей, ертең «ешнәрсе де болмады» деп айта салулары да мүмкін. Бұл  түрмедегі қысымшылықтың тапсырыспен жасалғанын олар мойындай қоймас. Демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекеттерде, заңды құрметтейтін елдерде мұндай сорақылықтарға төзімсіздікпен қарайды. Ал бізде оны үйреншікті, қалыпты жағдай санайды. Түрмелерде қаншама адамды өлтіріп жатыр. «Өз-өзіне қол жұмсады» деп артынша жаба салады. Біз осыдан қауіптенеміз. Біз Жанболаттың өз дегенінен қайтпайтынын білеміз.  Қазір біздің қоғамда 37-жылдың елесі бар. Сол кезеңдегі асыра сілтеушілер, «халық жауын» қолдан жасаушылар тіріліп келіп, енді «билік жауы» дегенді ойлап тауып, ойран салып жүргендей көрінеді. Бұл – ойланатын жағдай. Көпшілік болып қарсы тұрмасақ, кез келген адам өзінің азаматтық көзқарасы  үшін биліктің тұтқынына айналуы мүмкін.

– Әңгімемізді  Ж.Мамайды қорғау комитетінің жұмысымен аяқтасақ.

– Журналист және қоғам қайраткері Жанболат Мамайды қорғау комитеті Жанболат қамалғанда бірден құрылды. Беделді, танымал құқық қорғаушылар, саясаткерлер, журналистер кірген құрамның қатары өсе түсуде. Біз Жанболаттың қамалуының заңсыздығын зерттеп, талдау жасадық. Содан кейін халықаралық ұйымдар арқылы мәселе етіп көтердік. Саяси қуғынға түскен адам болғасын, оған халықаралық ұйымдар бей-жай қарамайды. Тергеуде заң бұзушылықтар орын алса,  дабыл қағамыз. Біздің ісімізге қолдау білдірушілер көп. Зиялылар, «желтоқсандықтар», Жанболатты бұрын көрмесе де жазғандарын, газетін оқыған қарапайым адамдар біздің қатарымызға қосылуда. Жақында әлеуметтік желіде Mamai fest деген шарамыз өтті. Мыңдаған адам Жанболатқа қолдау көрсетті.

 

Әңгімеңізге рақмет!

                                                                  Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан

«Жұлдыздар отбасы» журналы №9 2017

Пікір қосу