Астанада Қанат Исламның 9 қыркүйекте өтетін жекпе-жегіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті, — деп baq.kz-ке сілтеме жасап juldyz.kz порталы хабарлайды

Жекпе-жек ЭКСПО көрмесі аясында өтеді. Осыған орай, бүгін Қанат Исламның бапкері Нельсон Лопес пен «Қазақстан» ТРК төрағасы Ерлан Қариннің қатысуымен болған баспасөз мәслиxатында Қанат өзінің алдағы сайысы жайлы айтып берді.

«Құрметті Қазақ елі, мен өте қуаныштымын. Әрбір жекпе-жекте қолдау білдіресіздер. Сол үшін шексіз алғысымды білдіремін. «Елім дейтін, ерім дейтін» ел ағаларының барына ризамын. Елім дейтін ерлердің болатыны заңдылық. Ол — атам заманнан қазақ тариxында бар нәрсе. Сондықтан осындай тәуелсіз еліміз бар кезде, көтеретін Туымыз бар кезде шаршы алаңда елімізді бүкіл әлемге таныту, ұлтымыздың мықтылығын көрсету — біздің, ер азаматтардың міндетіміз. Алдағы жекпе-жекте Қазақ елінің абыройын барша әлемге көрсетіп, азаматтық борышымызды тағы да өтейміз деп ойлаймын», — дейді Қанат Ислам.

Боксшының айтуына қарағанда, жекпе-жектің уақыты белгілі болғанымен америкалық боксшы Джеймс Кирклендпен әлі нақты келісім жасалмаған.

Айта кетейік, әлемдік доданың билет бағасы әзірге нақты емес.

 

 

Пікір қосу