Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Сайын Мұратбеков. Бұл қаламгерді бақытты жазушылар санатына жатқызуға болады. Өйткені жазғандары уақыт сынынан өтті. Оның жанашырлары үшін «Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» жырлаған Қасымдық уайым жоқ. Жазушыны шығармашылығы арқылы ғана таныған кейінгі жастар үшін оның адамдық болмысы, өмірдегі бейнесі белгісіз. Сондықтан ол жайлы замандастарының, көзкөргендердің әрбір естелігі ыстық һәм бағалы. Осы орайда С. Мұратбеков жайлы жазушы Әкім Таразидың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Әкім ағаның досы жайлы сағынышқа толы естелігін уақыт патша мұрсат берсе оқи отырыңыздар.

Бұл сұхбат  «Жұлдыздар отбасы» журналының № 12 нөмірінде «Аңыз адам» айдары аясында жарық көрген. Жазушының ұлы, көзі тірісінде берген әйелінің, өзінің сұхбаттарын және қаламгер жайлы басқа да материалдарды «Жұлдыздар отбасы» журналының аталған нөмірінен оқи аласыздар.

– Әкім аға, қазақтың көрнекті жазушысы, қаламдас досыңыз С.Мұратбековпен таныстығыңыз қалай басталып еді?

– Мен өзім әдебиетке кеш келдім, елде мұғалім болып жүргенде, одан кейін Мәскеуде киноның оқуын оқып жүргенде республикалық газет-журнал беттерін жаулап ала бастаған жас жазушылардың аты-жөнін көргенде қызыға да, тамсана да қарайтын едім. Сыртта, алыста жүріп жазғандары ұнаған үш-төрт жігітті өзімше іш тартып, өзіме жақын тұтып «иемденіп» алған болатынмын. Кейін Алматыға келген соң сол жігіттермен бірден қоян-қолтық араласып кеттім. Солардың бірі осы Сайын еді. Біздің арақатынасымызда танысу, білісу деген кезең болмаған сияқты. Бір ауылда туып, бір ауылда өскен бір жылдың төліндей бірден шұрқырасып жүре берген тәріздіміз. Оның себебін кейін келе ұқтым: біз бәріміз сұрапыл соғыс алдында дүниеге келіппіз, біз бәріміз балалық бал шағымызды сұрапыл соғысқа жұтқызыппыз, балалық бал дәуреннің қызығынан жұрдай қалыппыз.

Қ. Ысқақ, С. Мұратбеков, Ә. Тарази

1960-жылдардың бас кезінде Қазақстанның әр түкпірінен астанаға жиналып, бір-бірімізден жөн сұрасқанда бәріміздің көргеніміз бір жағдай, ойнағанымыз бір ойын, оқу-білім дәрежеміз де бір деңгейде болып шықты. Аралары шалғай жатқан қазақ ауылдарының өмір деңгейі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, «жүгірмектердің» ермегіне дейін айна-қатесіз ұқсас екен! Сондықтан, Сайын әңгімелерін оқып отырып мен өзім жазған дүниелерді оқығандай ешбір таңырқаусыз-таңдаусыз қабылдаппын. Ол кезде «мынауың шеберлік», «мынауың тапқырлық», «мына тұста ұтып кетіпсің», «мына образың шығыпты, мына образың әлі шикі екен» деген тәрізді әдебиетшілер арасында айтылатын кәсіби сөздерді бір-бірімізге айтпаппыз, айтуды білмеппіз де. Құрдасың, досың жазған әңгіме-повесті оқыдық, оқыдық та ұнаттық, ұнаттық да жан-зердемізге сіңіріп алдық.

 – «Басында Үшқараның» повесін сізге арнапты. Мұның тарихы қалай болды?

– Басыңа бұлт үйірмесе де көңілің құлазып, жалғызсырайтын кезің болады. Сондайда дос-жаран сені ұмытып кеткендей, ағайын-туыс сенімен әдейі қатыспай қойғандай, жан баласына қажетің болмай қалғандай сезінесің. Сондай бір торығып жүрген кезім еді. Ешбір ескерусіз, тым болмаса алдын ала телефон да шалмай біздің үйге Сайын жетіп келді. Жетіп келді де әй жоқ, шәй жоқ «киін ағасы, кеттік» деді. (Әдебиетке қатар келген құрбы-құрдас болсақ та бір-бірімізге «аға» деп сөйлесуді әдет еткенбіз). «Қайда? Неге?» деп сұрауға да, үй ішіне ескертуге де мұрша берген жоқ, зорлағандай, желкелегендей дедектетіп ала жөнелді. Есік алдында машина күтіп тұр, машинада қысыла күліп Жұмекен отыр. Амандасып қасына жайғасқан соң қайда бет алғанымызды содан сұрадым. Бірақ ол да сапар жөнінен хабарсыз екен. «Қайдам, үйде отыр едім, мынау ағамыз кіріп келіп «киін, кеттік» деді, еріп жүре бердім!» – деп күлді.Көлігіміз орнынан қозғала бере Жұмекен екеуміз Сайынға жалындық:

– Айналайын ағасы-ау, айтсаңшы, қайда апара жатырсың?

– Жеткен соң бір-ақ білесіңдер! Мен сендерді адастырмайтыныма ғана кепілдік бере аламын, – деп жүргізуші жігітке қарап жымиып, көз қысып қойды «ағамыз». – Алыс емес, осы жер…Не керек, сол жосылғаннан жосылып отырып, «қырдан астық, белді бастық» асқар-асқар таудың жасыл жазық баурайларын тіліп өтіп (ағамыздың алыс емес дегені үш-ақ жүз шақырым екен!) атақты Ешкіөлмес тауының етегінде жайғасқан жазушының өз ауылынан бір-ақ шықтық.Сол жолы біз Сайынның ауылында бір аптадай «сайран салдық», елімен, жерімен таныстық, небір естен кетпес жайларды бастан өткердік. Әлгі «жорықтан» оралған соң жазушы ауылы мен жазушының көркем санасында туындаған елес ауылының адамдары сырласа жымдасып, менің жан дүниеме араласып кетті. Ер мінезді өр жігіттер мен ғажайып қылықты нәзік қыздардың қайсысын өмірдің өзінен көргенімді, қайсысын досымның шығармасынан тапқанымды ажырата алмай қалдым.Ақын Сарадан қалған дәстүр ме, кім білсін, әйтеуір ол ауылдың жастары өздерін еркін ұстайтындай көрінді. Ойын-сауыққа құмар, ашық-жарқын мінездері таңғалдырды. Біздің де әдебиет әлеміне жаңа араласа бастаған кезіміз, бірлі-жарымды ғана кітаптарымыз шығып үлгерген, соның өзінде «ауылға жазушылар келіпті» деп құлақтанған өспірім оңаша бір үйге жиналып, орталарына бізді шақырып, таң атқанша сайран құрды. Неткен өнерлі жандар! Дастархан басында отырып-ақ «Қыз Жібек» операсын түгелдей орындап шыққан сиқырлы қыз-жігітке қалай таңғалмайсың?Содан көп кешікпей мен Сайынды өз ауылыма апардым. Қайтып оралған соң ол «Басында Үшқараның» деген мұңға толы мағыналы әңгімесін жазды. Сенің ауылыңда көрген-білгенімнің әсерінен туған еді деп әңгімесін маған арнады. Бірақ мен ары оқып, бері оқып, шығармадан өз ауылымның бейнесін таба алмадым. Керісінше, оқыған сайын Ешкіөлместің баурайына қалай барып қалғанымды аңғармай таңырқаумен болдым. Бәрібір сол «қалпақтай ғана қоңыр тау» адамдары да біздің Көкөзектің тұрғындарына ұқсамайды. Сайынның өзінің «бәсіре» кейіпкерлері! Оларды ешкімнің, еш жазушының «меншігімен» шатастырып алу мүмкін емес.

– С. Мұратбеков өзі өмір сүрген қоғамдағы адамдардың бейнесін, мінез-құлқын жазды. Бірақ суреткердің қаламынан туған көркем образдарды бүгінгі оқырман да құныға оқиды. Мұның сыры неде?

– Осы жақында ғана Сайынның «таңдамалысын» қолға алдым. Қолға алдым да таңғалдым! Оқып шыққанда танымай қалдым. Көкем-ау, мынау әлгі сол әңгіме-повестер ме? Әлгі, өзім жазғандай болып көрінетін қарапайым дүниелер ме? Балалық, жігіттік дәуірімізді, дәуір емес, дәуренімізді ала кеткен кешегі ауылдың тіршілік-болмысы қандай бай еді, сол ауылды мекендеген адамдар қандай тұлғалы еді. Олардың қарапайым өмірі қандай мән-мағыналы еді. Көкем-ау, мыналарың нағыз ірі, кесек жандар екен ғой.Мына Кәменді қара («Кәментоғай» әңгімесінің кейіпкері – автор), ауыл шетіндегі батпақты сайға шыбық отырғызды, бірін емес, мыңын өсірді. Біз көрген кезде, біз қоштасқан кезде оның үлкен қызы, тұңғышы, әлгі әкесінің арқасына атша мініп алатын соқталдай қыз көрші колхоздағы бұғалтырға бір түнде күйеуге қашып кетіп, әке-шешесін опындырған жоқ па еді. Еңбекқор, момын Кәмен бір түнде күйреп, белі бүгіліп қалған жоқ па еді. Сол Кәменнің шыбықтарының бүгінде қалың тоғай, тоғай емес-ау, қалың орман болғанына кім күмән келтіре алады. Сол Кәменнің ұл-қызының бүгінде білдей-білдей азамат болып кеткеніне кім күмән келтіре алады? Осы арада мен бір сыр айта кетейін. Сайынның «Кәментоғай» деген әңгімесін ұнатқаным, ұнатып қызыққаным сонша, «ағасы-ау, мына әңгіменің жалғасын жазшы, Кәменнің үрім-бұтағы бүгінде есейіп, байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінде іскер азамат болып жүрген жоқ па?» деп талай қолқа салып жүрдім де, ақыры «ағамыздан» қайыр болмаған соң, жазушының сол бір ұмыт қалған идеясын «ұрлап» алып, Кәмен тақылеттес бір пақырдың тағдырын арқау етіп «Кен» деген роман жаздым. Бұл – достың досқа тигізген себі, шипалы себі ғой деп білемін.Немесе анау Күсенді қара. Жұртқа жақсылық жасаудан жалықпайтын жарықтықтың тіршілігі, бір қарағанда күлкілі, өзін мазақтап, кекетіп, оның алдында кісімсіне қалғың келеді. Бірақ өйтсең ақылсыздығыңды, өресіздігіңді мойындағаның болар еді. Күсен – Күсеке тазалықтың, адалдықтың кепілі, оның алдында титтей арамдығың білініп қалады, оның алдында өз жаныңды кіршіксіз пәк сақтауға міндеттісің. Әйтпесе, Сайынның анау Қамар жеңешесіне қара. Соғыс аяқталғалы қай заман. Хабарсыз, із-тозсыз кеткендердің өздерінің де тағдыры бір жола анықталып қалған жоқ па? Ал Қамар жеңгей болса әлі де үміт құшағында, күйеуінің тозығы жеткен суретіне ауық-ауық қарап қойып, шер-мұңын шертіп, сырласып жүреді. Қамар жеңгейге қырындаушылар бар, айттырып келушілер де бар, бірақ Қамар жеңгей дінге берік. Жұрт құсап оның ойнап-күлгісі келмейді деймісің, жан қызығы мен тән қызығының сиқырлы арбауына түсіп, өзімен-өзі арпалысатын сәттері де болып тұрады, ол да ет пен сүйектен жаралған пенде. Сонда да анау қабырғада ілулі тұрған өрімдей жас жігіттің бейнесі соның аруағының алдындағы жұбайлық парыз, биік парыз, екінің бірінің қолынан келе бермейтін беріктік Қамар жеңгейді адамгершіліктің биігінен төмен құлатпайды. Қарапайым ғана еңбекқор, түнгі қарауыл Қамар жеңгей сондай асыл адам.Сайынның шеберлік сырын мен әлгі сол қарапайым жандардың қарапайым тіршілігіне терең үңіле білгендігінде деп білемін. Сондықтан да оның дүниелері өміршең, сондықтан да оның дүниелері жыл өткен сайын жаңа қырымен, жаңа сырымен ашыла, құлпыра түседі. Шеберлік сыры өмірдің өзімен біте қайнасып жатқандығында. Сайын бойын кернеген махаббат та өзінің қарапайым ауылдастарына деген махаббат. Адамды сүйе білу, кейіпкерін сүйе білу, түсіне білу – нағыз жазушыға ғана тән қасиет, қасиетті белгі.

                                             «АҢЫЗ АДАМ» айдарын дайындаған Жақсылық ЫРЫСБАЙ

                                                          «Жұлдыздар отбасы» журналы № 12 маусым 2017

Пікір қосу