«Заңсыз ақшаны заңдастыру» ісі бойынша тергеу абақтысында отырған журналист Жанболат Мамайды туған күнімен жақтастары құттықтап барды. Ондаған белсенді мен адам құқығын қорғаушылар, сондай-ақ журналистің әйелі Инга Иманбай ЛА-155/18 (СИ-18) абақтысының алдына жиналып, құттықтауларын туған күн иесіне жеткізуге тырысты. Бұл туралы juldyz.kz сайты centralasian сілтеме жасап хабарлайды.
Құттықтаушылардың арасында Мамайдың ата-анасы да болды. Олар: «Жанболат, бостандық!», — деп ұрандатты. Қамаудағы журналисті туған күнімен құттықтау акциясын әлеуметтік желіде MAMAYparty деп атады.Оппозициялық «Трибуна» газетінің 28 жастағы бас редакторы Жанболат Мамай биыл 10 ақпанда Алматы қаласындағы тергеу абақтысына түсті. Оған бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың БТА Банктен шығарып әкеткен делінетін заңсыз қаражатын газет арқылы заңдастырды деген айып тағылып отыр. Мамай бұны жоққа шығарып, істің саяси астары барын мәлімдеді. Өткен айдың соңында Алматы соты оны қамауда ұстау мерзімін 10 шілдеге дейін дейін созды. Сәуір айында журналистің жақтастары Мамайды босатуды талап етіп, әлеуметтік желіде #MamayFest акциясын өткізді. Оған адам құқығын қорғаушылар, белсенділер, журналистер және қарапайым тұрғындар қатысты.