– Ұшқын, сұхбатымызды туып-өскен жеріңізден бастасақ…

– Мен ҚХР-дың Іле-Қазақ автономиялық облысындағы қазақтар көп шоғырланған Күнес ауылында туып-өстім. Отбасында үш ағайындымыз. Мен үйдің тұңғышымын. Екі қарындасым бар. Анам – мұғалім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді. Әкем де мәдениет саласында жұмыс істейді.

2007 жылы орта мектепті тәмамдап, Алматыға ат басын бұрдым. Ата-бабамның кіндік қаны тамған жеріне келуге қаным тартты, дінім тартты, ділім тартты. Бала кезімнен Отанға оралуды армандайтынмын. Әкемнің әпкесінің менен үш-төрт жас үлкен баласы Алматыда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқитын. Ол ауылға келген сайын «шіркін-ай, мен де Алматыда Өнер академиясында оқысам ғой» деп қызығатынмын. Осындай балалық арманымның жетелеуімен Өнер академиясына келдім. Сәтін салып, оқуға түсіп, Тұңғышбай ағаның шеберлік сыныбын бітіріп шықтым.

– Қазақ мектебінде оқыдыңыз ба?

– Иә, қазақ мектебінде білім алдым. Сабақты жақсы оқыдым. Мені үйдегілер ғылым жолын таңдайтын шығар деп ойлаған. Бірақ мен ән жазуға, музыкаға құмар болдым. Мектепте домбыра үйірмесіне қатыстым. Қазір де ән әрлеумен айналысамын.

– Туған ауылыңызда тек қазақтар тұра ма, әлде өзге ұлт өкілдері де бар ма?

– Бұрын ауылда тек қазақтар тұратын. Ал қазір қытайлар да, басқа ұлттар да араласып кетті. Бірақ жергілікті қазақ халқының өзіндік дәстүрі, ұлттық құндылықтары сақталған.

– Атамекенге алғаш табан тіреген кезіңізде қандай сезімді бастан өткердіңіз?

– Қытайда жүргенде «Қазақстанда бәрі костюм-шалбар киеді» деген пікір қалыптасқан. Мен де шекарадан өткен кезде қара костюм-шалбарымды киіп алдым (күліп). Қытайдың биік-биік ғимараттарын көріп үйренгендіктен, Қазақстанға алғаш қадам басқанымда айдалаға, жапан далаға келгендей болдым. Созылып жатқан жазық кең дала, көз сүрінер ештеңе жоқ.

Алғашқы уақыттарда талай қызықты оқиғалар бастан өтті. Мәселен, біз жақта «жаурадым» дегенді «тоңдым» деп айтамыз ғой, бір күні туысымның баласы қасыма келіп «жаурап кеттім» деді. Жаздгүні болатын. Мен оны ыстықтап тұр екен деп түсіндім. Сөйтіп, мен де достарымның арасында отырып, өзім қалыңдау киініп алғанмын, содан ыстықтап, «жаурап кеттім» десем, балалар ду күлді. «Жаурап кеттім» деген «тоңдым» сөзімен мағыналас екенін сол кезде ұқтым (күліп).

– Кішкентай кезіңізде қандай әншілерді тыңдап өстіңіз?

– Мейрамбек Бесбаевты тыңдап өстім. Қазақстаннан әншілер келіп, біздің ауылға концерт қойып тұратын. Олар біз үшін қол жетпейтіндей көрінетін. Қастарына барып суретке түсудің өзі бақыт еді. Біз үшін әншілердің арасындағы ең сұлу қыз Динара Қырықбаева болатын. Сондықтан болар, біз жақта жаңа туған қыздарының есімдерін Динара деп қою жаппай етек алды.

 

– Қазір енді сол әншілермен бір сахнада жүрсіз ғой?

– Құдайға шүкір, бір сахнада, тіпті дастарқандас та болып жүрміз. Біз әндерін сүйіп тыңдап өскен Жұбаныш, Сәкен,  Мейрамбек ағаларымыз ақылдарын айтып, бағыт-бағдар сілтеп отырады.

 

– Қазір отбасыңыз Қытайда ма?

– Иә, әзірге Қытайда. Бірақ болашақта әке-шешемді көшіріп әкелмекпін. Кем дегенде жүз отбасын атамекенге көшіріп әкелуді армандаймын.

– Ақындық қабілетіңіз бар ма?

– Асқан ақын болмасам да, өлең жазатын қасиетім бар. Шабыт келгенде ауылды, ағайын-туысты сағынған кездерде өлең жазып тұрамын.

– Жеке өміріңіз туралы да біле отырсақ, отбасын құрғансыз ба?

– Иә, осыдан екі жыл бұрын отбасын құрғанмын. Жарымның есімі – Әйгерім. Қызылорда өңірінің қызы. Ол да – Өнер академиясының түлегі. Жақында ғана ұлды болдым.

Сұхбаттасқан Фариза ДӘУЛЕТ

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

 №4 (142) қаңтар 2013 жылғы
 санында)

 

Пікір қосу