Алматыға келгенде шетелдің жат қаласына түскендей әсерде болдым

– Әдеке, отбасында бала алғаш рет қоршаған ортамен танысады. Мұны қалыптасу жолындағы бастапқы мектеп десе де болар. Сіз тәрбиеленген отбасыдан, өскен ортадан әңгімемізді бастасақ.

– Мен Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында қарапайым шаруа отбасында өмірге келдім. Әкем мен туғанда өкіметтің бір отар қойын бағатын, дүниеден озғанынша сол қоймен ғұмырын өткізді. Көзімді ашып көргенім бұйрат-бұйрат дала, ақ сәлделі таулар. Төрт түлік мал. Адам қарасы өте сирек малшы қыстауы мен жайлауы.Әкем көп сөйлемейтін, бос уақытының денін шамның білтесін көтеріп қойып, кітап оқумен өткізетін. Ара-тұра ой саларлық ертегілер айтып беретін. Сүйікті кейіпкерлерім Қожанасыр, Алдаркөсе еді. Анам Күлбархан да зердесіне көп нәрсе тоқыған, ішті адам болатын. Әнді жақсы салатын.Бір ұяда тоғыз бала өсіп-өндік. Тоғызының тоқсан түрлі тілегі болды. Кейін қарап отырсам, әдеби нормадағы шұрайлы тілмен сөйлейтін көнекөз адамдардың ортасында өсіппін. Малшылар арасынан ондай жандар көптеп ұшырасады. Бір жылдары әкеммен замандас Әйімхан деген  дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, сәл жымиып қойып сырбаз сөйлейтін аға көмекші жұмыс істеді. Ол кісіні ел арасында жұрт «молда» дейтін. Өйткені, атеистік қоғамда құран оқитын, кітап аударатын. Әйімхан ақсақал түпнұсқадан құран оқитын сауатты, зердесі ашық адам болатын. Сонымен қатар, сарайы саңғыраған алтын сандық еді. Маған бүкіл батырлар жырын, қиссаларды айтып беретін. Сақал-мұртына қырау қатып, мал жайғап келген соң, «ата, әңгіме айтыңыз» деп тізесінде отыратын едім. Содан, небір бояуға қанық жырлар ақтарылатын. 1-ші сыныпқа Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Ертарғын мен Мұңлық-Зарлық сияқты көптеген қаһармандарды біліп бардым.Осындай ғибратқа толы жыр-дастандардан елді сүюді, қорғауды түсіндім.Міне, мен өскен орта, тәрбиеленген отбасым қысқаша осылай.

Ә. Ыбрайымұлы анасымен

– Көбіне, ата-анада баласына деген эгоистік сезім болады. «Балам өскенде үлкен белестерді бағындырады» деген үміттерін сыртқа көрсетіп те жатады. Ата-анаңыз сіздің кім болғаныңызды қалады?  Бала күнгі армандар қандай еді?

– Әке-шешем ұлды аңсап жүргенде төрт қыздан кейін туғанмын. Сондықтан, олар менің тек тірі жүріп, өрендерін жалғастырғанымды қалады. «Ана биікті бағындырады», «мына қамалды алады» деген ой күпіршілік сияқты көрінді. Ес тоқтатқанымда әкемнің айтқаны: «Малға жуыма, қой менімен кетсін. Ең құрығанда тракторшы бол, жұмасына бір күн демаласың. Бала-шағаңның қасында боласың», – деді.Ал мен өзім көкті тіліп, ары-бері самғаған ұшақтарды көріп, ұшқыш болсам деп армандадым. Есейе келе арман басқа арнаға ауыса берді.

Қаламгердің жас кезі

– Малды ауылда өскен Әділбекті Алматы қалай қарсы алды? Ол кезде әдебиеттегі классиктеріміздің көзі тірі еді. Мәдениетіміз бен әдебиетіміздің небір інжу-маржандары дүниеге келген шаһардағы алғашқы әсерлермен бөлісе отырсаңыз.

– 1985 жылы алғаш Алматыға келгенде шетелдің жат қаласына түскендей әсерде болдым. Сұлу шаһар әсемдігімен тәнті еткенімен, мейірімімен баурай алмады. Күле сөйлегенімен суық қабылдады. Әу бастағы әсерім осылай болды.Иә, ол кезде Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ж.Молдағалиев, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Тәжібаев тәрізді тұлғалардың көзі тірі болатын. Олармен жолығып, сәлемдесу өте қиын. Бюрократтық жүйенің табиғатына бейімделіп кеткендіктен бе, қолжетімді болмайтын. Жазушылар одағына бүгінгідей жыбырлағанның бәрі кіре беретін үрдіс жоқ, оның ғимараты Орталық Комитеттің бір филиалы сықылды әсер қалдыратын. Тым сұсты, ресми көрінетін. Қаламгерлердің бәрі шікірейіп, шенеунік сияқты жүретін. Сыртымен-ақ сені жат санап тұрған соң жұғыса алмайсың. Содан шығар, шығармашыл қауымның ортасында болған емеспін. Осы бейтарап бағыт алшақтамаса, жақындаған жоқ.Әрине, бірлі-жарым ағалармен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бүгінде ол кісілердің біразы өмірден озды, тірілерімен сол сыйластық жалғасып келеді. Жалпы, Алматы, маған безбүйректеу көрінді.

«Желтоқсанда» көргенім мен болған оқиғаның барлығын «Ұяластар» романында баяндадым

– «Ұяластар» атты романыңыздағы бас кейіпкер  «Желтоқсан оқиғасына» куә болады. Сіз студент болған жылдары  қазақ жастары орталықтың саясатына қарсы шыққан еді. Сол кезде қайда болдыңыз? Жалпы, қоғамдағы атмосфера қандай болған еді?

– «Желтоқсан оқиғасында» мен Алматыда болдым, екінші курстың студентімін. Әл-Фараби мен Розыбакиев көшесінің тұсында пәтер жалдап тұратын едік. Ертеңгілік сабаққа келсем, аудиторияда ешкім жоқ. Бақыт Әсембаева деген курстасымыз бар еді, бірер жыл бұрын қайтыс болып кетті. Марқұм: «Қонаевты алып тастағанға наразылық білдіріп, бәрі алаңға кетті», – деді. Мен де тізе бүкпестен қайта шығып, троллейбусқа отырып, алаңға қарай тарттым. Бірақ, көлік Марков көшесіне жетпей тоқтап қалды. Одан әрі қарай жаяу аяңдадым. Сондағы көргенім мен болған оқиғаның барлығын «Ұяластар» романында мейлінше анық баяндауға тырыстым. Қоғамдағы атмосфера біржақты реңк алды. Қазақтарға сенімсіздік, жеккөрушілік, кемсітушілік өрши түсті. Славян тілділердің бүйрегі де бүлк еткен жоқ.

– Ал жеңгеймен қалай таныстыңыздар? Әдетте ақындар өлең сүйетін бойжеткенді жар етеді. Алғашқы хат өлеңмен жазылған шығар.

– Жеңгелеріңмен университетте оқып жүргенде таныстым. Дәл айттың, өлеңді жақсы көреді екен. Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановтың және тағы сол сияқты бірқатар ақындардың өлеңдерін жатқа оқиды. Аққұба, нәзіктеу келген, көзі тостағандай. Әсіресе, кекілінің ағы назарымды аударды. Бозбала кезімде кекілі ақ торы атым бар еді, жануар басын жоғары ұстап жүретін. Жүйрік еді.Осындай ерекшеліктері мен ұқсастықтары баурай берді. Кейін «Нысана» деген өлең жаздым. Онда:

«…Сол бір кез керім сән екен,

Маңдайын сипап екі інім.

«Нысана» дейтін жан әкем,

Күмістей аппақ кекілін.

 

Балалық қалды жырақта,

Көңілде тұр тек сыры айқын.

Ақкекіл ат жоқ бірақ та,

Бәйгеде бақты сынайтын.

 

Қолыма қонды көгершін,

Пәктігі сынды арымның.

Тәңірім неткен шеберсің,

Кекілі аппақ жарымның…», – деген шумақтар бар.

Шамасы, хат жазбай, бірден тілдесіп кеттік. Арасында жекелеген ойларымды, өлеңдерімді көрсеткен болармын.

Қаламгер отбасымен

– Сіздің алғашқы жыр жинағыңыз – «Пір мен пырақ». Кейін «Ақкекіл» прозалық кітабыңыз жарық көрді.  Байқағаным, өлеңде де, қара сөзде де жылқы жайлы аз жазбайсыз. Бұл қазақ баласына тән жылқыға деген құмарлық па?

– Жылқының жалында қазақтың тарихы, әлеуметтік болмыс-бітімі мен мінез-құлқы, жігер-намысы жатыр. Сондықтан, менің ой-санамда ақ сақалды абыз бен жүйріктің орны ерекше. Оның үстіне, мен туып-өскен ортада күліктерге айрықша мән берілетін. Біздің ауыл  «Қызылағаш жылқы зауыты» деген атпен тікелей Мәскеу ипподромына қарайтын. Бұл жерде жылқымен кәсіби тұрғыда, халықаралық стандартқа сай айналысты. Әрбір аттың паспорты, биографиялық, генафондық тарихы мұқият қатталып жазылатын. Онда арнайы зоотехник пен малдәрігері, кәсіби жаттықтырушылар, білікті жокейлер (атшабарлар) еңбек етті. Жылқыларды қатаң режим, рационмен жем-шөбін беріп, үнемі жаттықтырып отыратын. Тай-құнан кезінде үлкен ипподромға әкетеді. Бір-екі жарысқа қатысып, жүлдегер болғаннан кейін сатып жіберетін. Сол кездің өзінде біреуінің құны 21-25 мың рубльге бағаланатын. Жалақы 100 сомның төңірегінде болғанын ескерсеңіз, қандай қаржы екенін ойлана беріңіз. Бірақ, ол ақша ауыл есепшотына түспей, Мәскеудің ипподромы алып отырды. Ал қариялар бой-тұрқы келіскен, сымбатты сәйгүліктерге назар аудара қоймады. Қазақи немесе будан тұқымдарды бәйгеге қосып жүрді. Бұлардың ат ұстау мәнері мүлде бөлек. Аттың терін алу, суыту, таңасыру амалдары ежелгі үрдіске бағынды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында ипподромның жаттықтырушылары ағылшын жылқыларын аламанға қосып көрді. Жарыс жолының жартысынан шығып қалатын. Бақайлары ұзын болған соң көбіне сіңірлері созылып, аяқтары ақсайды. Дәстүрлі бапкерлер жаратқан ат талмай шауып өтетін. Бәйгеден соң тойдан қайтқан жұрт мінген бортты мәшинелермен белгілі бір кезеңге дейін жарысатын еді. Дала жолында мәшинеге ілестірмейді, жануарлар. Ол кезде ат құлап өлді деген оқиғалар болмайды. Қазір ғой қара тұяғынан хал кетіп, мұрттай ұшатыны. Өйткені, бәрі допингпен шабады. Допингке қарсы агенттік тек халықаралық стандартқа сай жарыстарға қатысушыларды тексереді. Олардың ұзақтығы үш-төрт шақырымнан аспайды. Аламан жарыс агенттіктің бақылауында емес. Әлемде ондай қашықтыққа ат шаптырмайды. Сондықтан, обал-сауапты білмейтін, көзіне дүние тұнған «бүгінгі бапкерлер» бәріне барады.Бұл шынайы жарыстың, әділ бәсекенің жолын қиды. Негізінде, ат жарыстыру деген – жылқының төзімділігін сынау. Жаугершілік жағдайында ол қанша мініс бере алады, соны байқау. Ал он шақырымнан кейін тоқтап немесе аяқтан қалатын, сәндік үшін мінетін сұлу аттарды Қарасай батырлар місе тұтпары хақ. Әбден сыннан өткен қазақтың қолтумасына аяқ артады.Сондықтан, өзіміздің төлтумамызды мейлінше ашып көрсету – қаламгер парызы деп ойлаймын. Біздің жылқылар айрықша есті, ақылды, алдағыны болжағыш. Тек иесі оның әр қимылынан сыр аңдай алғаны абзал. Кенеттен жол жүретінін, жаңбыр жауатынын, боран болатынын әрекетімен аңдатып тұрады.

Ұлттық құндылықтардың аяқ асты қалғанын көргенде қынжыламын

– Сіз поэзия мен прозаны қатар алып келе жатырсыз. Жаныңызға қайсысы жақын? Өз шығармашылығыңызға қаншалықты сын көзбен қарайсыз?

– Белгілі бір уақыттарда проза, сосын поэзиямен шұғылданамын. Қайсысын індете қуып жүремін, сол жанр маған жақын сияқты болып көрінеді.Жазып біткен соң, шығармама көңілім олқы соғып тұрады. Әр туындыны баспаға ұсынған сайын «әй, олқы дүние ұсынып отырмын-ау» деген ой көлбеңдейді.Қара өлеңнен қара сөз жазу қиын. Түкке тұрмайтын нәрсені тізгеніңе қарның ашады.

Солдан оңға қарай: Ә. Асқаров, Т. Әбдік және Ә. Ыбрайымұлы

– Ән жазатын әуестігіңіз барын білеміз. Қашан да қазақ ақындары әншілік пен композиторлыққа жақын болған. Бүгінгі қазақ ән өнерінде дағдарыс болып жатқандай көрінеді. Күннен-күнге көбейіп жатқан әншілердің дені бұқара алдында мәдениет өкілдеріндей болып көрінеді. Әндердің де ғұмыры келтелеу. Осыған қатысты пікіріңізді білсем деп едім.

– Менің байқауымша, бұл күндері әнді жүректен тебіреніп жазбайтын сияқты. Оқыған, білікті сазгерлер нотаны қағидасына сай шахмат тақтасына тізгендей тізіп алады да, сосын оған иірімдер берумен айналысады. Аранжировка жасайтындар үн қуалап, саз жүлгесін құрады. Содан кейін олар ырғағы мол «медляк» әндерден қашады. Иірімдері біреуге ұқсап кетуі мүмкін. Тыңқылдаған, таңқылдаған, барабаны мол – тыңдаған құлақты желіктіретін дыбыстарға үйір.Сазгерлердің көбі ән жазғанда көз алдына тойдағы қауымды елестетіп, солардың делебесін қоздыруға арнап, нысана етіп алады. Тұтас халық, ұлттық дәстүр, әуезді бояу олардың жадынан шыққан. Композиторлар одағы, көркемдік кеңес жұмысты қойған. Осы күнге дейін әндерге шолу жасаған, сынаған БАҚ-тарды көрген жоқпын. Тек әлем-жәлем суреттерін беріп,  мақтаумен келе жатыр. Телевизияда да сол «әу дегендер» дәуірі жүріп тұр. Бәрі – жұлдыз, «жарқырамайтыны» жоқ. Қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов кезінде «Өз көзіммен» кітабында:

«…Жұлдыз көп қой,

Жұлдыз көп қой аспанда,

Одан да көп біздің жердің жұлдызы»;

«…Жарығы бар, жылуы жоқ, о, жұлдыздың шуағы» – деген екен. Бұл өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасындағы ахуалды ақынның қабылдауы. Ал бүгінгі күйді көретін болса, онда білмедім, қандай хал кешетінін.Байқауымша, ұлттық өнерге жаны ашымайтын айыптың басы – ТВ-лар мен радиода жатқан сықылды. Осының салдарынан жалпы көрермендердің талғамы өзгеріп кетті.Керісінше, елдің ішінен шығатын сазгерлердің әні әуезді, үнді болып келеді. Себебі, олар озық технологияларды пайдалану мен нотаны ойнату сырын білмейді. Тек, көңілімен, жүрегімен жырлайды. Бізге осындай болмысында бояуы бар сазгерлер керек.Не нәрсенің де дәстүрлі үлгісі ғұмырлы. Ең қажеті – дәстүрлі мәдениет. «Уықты ұстап тұрар – басқұр, ұлтты ұстап тұрар – дәстүр» деп халқымыз текке айтпаған.

– Азат ел атанғанымызға ширек ғасырдан асты. Мемлекетіміз әлі жас. БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жетістігімізбен бірге кем-кетігіміз жайлы да айтылады. Сізді қаламгер ретінде, осы елдің азаматы ретінде не толғандырады?

– Экономикалық кем-кетіктің айтылуы орынды деп ойлаймын. Ол орнына келер. Ұлттық құндылықтардың аяқ асты қалғанын көргенде қынжыласың. Біртектілік пен бірегейліктің аздығы толғандырады.

                                             Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан

Пікір қосу