Украиналық адам құқығын қорғаушы және заңгер Роман Лихачев ел президенті Петр Порошенконы сотқа беріп, бірқатар ресейлік сайттар мен әлеуметтік желілерді бұғаттан босатуын талап етті. Бұл туралы juldyz.kz cайты centralasian сілтеме жасап хабарлайды.
Лихачев бұғаттау туралы жарлықты «заңсыз» деп атап, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері шектелгенін өзінің Фейсбук парақшасында жазды. Ол Порошенконың әрекетін Солтүстік Корея саясатымен салыстырды.
Бұның алдында Human Rights Watch ұйымы Украина президентінен ресейлік интернет-ресурстарды бұғаттан шығаруды талап етіп, Киевті елдегі сөз бостандығын сақтауға шақырды. Дәл осындай талапты Журналистерді қорғау комитеті қойды.
Петр Порошенко сейсенбі күні Ресейге қатысты санкциялар мерзімін созып, шектеу қойылған адамдар мен ұйымдар тізімін кеңейтті. Оған «ВКонтакте» және «Одноклассники» әлеуметтік желілері, «Яндекс» және Mail.Ru Group сервистері, сондай-ақ РБК сайты кірді. Украина президентінің пікірінше, олардың барлығы — ресейлік насихат құралдары.