«Жұлдыздар отбасы» журналының сәуір айындағы санында «Көшірме ән қазақ өнеріне қаншалықты керек?» деген тақырыпта Қалдыбек Құрманәлі, Рамазан Стамғазиев, Алтынай Жорабаева және Майра Ильясовалардың пікірлері жарияланған болатын. Juldyz.kz сайты назарларыңызға композитор Қалдыбек Құрманәлінің пікірін ұсынады.
Сауалнама мәтіні төмендегідей:
Қазақ эстрадасында өзге ұлттың әндерін орындау белең алып кетті. Бұл қаншалықты дұрыс? Кейде ән мәтінінің мағынасы басқалай жазылып, музыкасы да өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы не айтасыз?
Қалдыбек Құрманәлі, композитор:
Қазір қазақтың ән қорын өзге елдің мәнсіз-мағынасыз музыкалары жаулап алды. Соның кесірінен өзіміздің жауһар әндеріміз жарыққа шықпай, тасада қалды. Шынын айтқанда, халық үшін жұмыс істеп жүрген әнші көрмейсіз. Оларда бір ғана мақсат бар: «Тойға барып, билейтін әндер айтып, қалтамды ақшаға толтырсам болды» деп ойлайды. «Қазақ өнері үшін» деп кейбір үлкен жастағы өнер адамдарының өзі аузында айтқанымен, тойдың әнін жаздырып, тойханаларда секектеп билеп жүр. Тіпті, қазір әншілер: «Мен шетелдің әнін айтамын» деп мақтанатын болған. Көбісі шетелдің әнін алып, оған өздеріне ұнайтын мәтін жаздырта салады. Ол ән түпнұсқада ана туралы болса, біздің әншілер махаббат әні деп айта береді. Енді біреулері ТҮПНҰСҚАның нәзік иірімдері мен шынайылығын сақтамайды. Мысалы, енді шығып келе жатқан жас әншілер Қ.Рахым мен А.Шардарова орындап жүрген «Болайық бірге» әнінің өзбекшесі керемет. Түпұсқадағы ән мәтінінде «азизім менің» деп әдемі айтылады. Ал қазақшасында «жаным менің, күнім менің» деп аудара салған. Яғни мұнда түпнұсқадағы мәтіннің образдылығы жойылған. Бұған түбегейлі қарсымын. Осындай талғамсыздықты азайту үшін бұрынғы көркемдік кеңесті қайтадан құру керек. Мәдениет министрлігі осыған құлақ асса деймін.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№1 (242) қаңтар 2017 жылғы санында)