BN – 2016 жылдан бастап қазақ эстрадасына қанат қаққан жас талантты қыз-жігіттерден тұратын топ. Бүгінде кеңінен таралған «Топ-томпақ», «Жаным-ай», «Сенің жаныңда», «Жаңа жыл» әндері тыңдарман көңілінен шығып жүр. Juldyz.kz ұжымы BN тобымен аз-кем әңгімелескен-ді. Назарларыңызға ұсынамыз.
Топ құрамында Айдын Жұмахан, Әлішер Мұхтарұлы, Альбина Болатқызы бар. Продюсері – Еркебұлан Молдашов.
Альбина Болатқызы
Туған күні: 7 маусым, 2003 жыл
Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген.
Қаскелен қаласында, Абай атындағы 4-мектепте оқиды.
Әлішер Мұхтарұлы
Туған күні: 10 қаңтар, 2000 жыл
Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге кеген.
Алматыдағы заң колледжінің 2 курс студенті.
Айдын Жұмахан
Туған күні: 29 мамыр, 1998 жыл
Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге кеген.
Әуе академиясының (Авиацонная академия) 1 курс студенті.
BN – «Вest Nation»
– BN – біздің оқырмандарымыз үшін жаңа есім. Өздеріңіз туралы толық айтып беріңіздерші…
– Тобымыздың құрылғанына 1 жыл болды. Продюсеріміз – Еркебұлан Молдашов – өзіміздің ағамыз. «Достар pro» орталығын жүргізіп отыр. Бүгінде өзіміздің ғана емес, өзге эстрададағы ағаларымыздың бейнебаяндарын түсірген. Барлығымыз ауылды4 шаңына шашалып, топырағына аунап, асық ойнап, доп теуіп, мал бағып, қой-кезекте жүріп өскен балалармыз әрі үшеуміз – бауырлармыз. Бір-біріміздің ата-аналарымызды «мама, папа» деп атап кеттік. Себебі, оңтүстік астанамызда бірнеше жылдан бері бір нанды бөліп жеп жүргендіктен туысқан емес, туған бауырлардай болып кеттік.
– Сонда топтың атауы қандай мағына береді?
– Әуел баста «Вest Nation» болып шығамыз деп ойлағанбыз. Мағынасы «үздік ұлт» дегенге саяды. Алайда көпшіліктің есінде қалу үшін басқаша атау ойластыру керек болған. Сөйтіп әріге бармай-ақ осы атаудың қысқарған нұсқасын алдық. BN – «Вest Nation».
– Қоржындарыңызда қанша ән, қанша бейнебаян бар?
– Қоржынымызда 13 ән мен 5 бейнебаянымыз бар, әндеріміздің тек 8-9-ы ғана ғаламторда таралған. Студияда жаңа бірнеше әндеріміз дайын тұр.
– Аз ғана уақыттың ішінде инстаграмм желісінде сіздерге жазылушылар көбейді. Оның сырын немен түсіндіруге болады?
– Иә, біздің негізгі парақшамызға күніне 200-дей адам жазылады екен. Аудиториямыз – мектеп оқушылары мен студент жастар. Бір рет өнер көрсетіп кеткен жерімізде көрерменнің көңілінен шығып жатқанымыздан болар, нақтысын білмейміз, инстаграмм желісінде жазылушылар саны артып келеді. Түрлі жылы лебіздер жазылып та, айтылып та жатады. Біз ондай кездері жүрегіміз жарылып кетердей қуанамыз (күлді), бірақ үнемі өз-өзімізді қамшылап, ары қарай әдемі дүниелер шығаруға еңбек етеміз. Себебі, ауыз толтырып айтатындай үлкен дүние әлі жасамадық, тек қана бейнебаяндарымызды айта аламыз. Дегенмен бізде сұраныс болмаса, шақырту да болмас еді, тіпті сіз де сұхбат алайық деп хабарласпас едіңіз. Біз нәтиже үшін жұмыс істейміз.\
Нәтижемізбен жауап бергіміз бергіміз келеді
– Небәрі бір жылдың ішінде 5 бейнебаян түсіру екінің бірінің қолынан келмейді…
– Қаражат жағын сұрағыңыз келіп отырған шығар. Негізі бізде ақша жоқ (күліп). «Достар pro» орталығы өзіміздің Еркебұлан ағамыздікі. Қолда бар болғандықтан, неге пайдалы дүние шығармасқа?!. Режиссер, сценарист, оператор, локацияның барлығын өзі шешеді. «Wake up» деген студиода Эдик деген жігіт стилистикамызға, Андрей хареографиямызға, Лиза есімді апайымыз вокал жағынан көмектеседі. Байқап отырсаңыз біздің жұмыс істейтін тобымыздың барлығы бір-бірімен етене араласатын достар. Айналамызға сондай еңбекқор, адамгершілігі жоғары адамдар жиылыпты. Аллаға шексіз шүкіршілік етеміз.
– Эстрадамызда әншілер де, ән де көп. Немен ерекшеленеміз деп ойлайсыздар?
– Ерекшелену туралы ойламаппыз. Басы артық, қазаққа жат дүние жасағымыз келмейді. Біздің ерекшелігіміз болса – тұрақтылығымызда, туыстығымызда болар (жымиып). Туған ағайындылар болғаннан кейін біздің шашырап кетуіміз мүмкін емес. Бауырлардың бірігіп, ажырамай жүргенін көріп, барлығы үлгі алса дейміз… Не нәрсеге шамамыздың жететінін білеміз. Барлық концерттерде тек жанды дауыспен ән саламыз. Жаман нәтиже көрсетіп жатпаған сияқтымыз. Бірлі-жарым қателер кеткен шығар, онсыз тағы болмайды ғой. Тыңдармандар, көрермендер өзіне керегін алады емес пе?! Көштің алдында да емес, артында да емес, ортасында жүргізіміз келеді.
– Әдетте жаңа топты өзге топтармен салыстыру жүреді. Сіздерді кімдермен салыстырады?
– Көбісі «91»-мен, Рензомен салыстырып жатады. Рас, олардың әндірін тыңдаймыз, өздерін сыйлаймыз. Бірақ бізде ұқсастық жоқ. Әркім өз соқпағымен жүреді, біз өзімізді ешкіммен салыстырмаймыз. Құрылған кезімізде біздің тарапымызға көп әңгімелер айтылды… Өзгелердің пікіріне қатты қапаланбаймыз, керек нәрсені алып, керек емесін ысырып отырамыз. «Ит үреді, керуен көшеді» деген қазақта сөз бар ғой. Кім не десе де, нәтижемізбен жауап бергіміз келеді.
– Қайырымдылық кештеріне жиі барасыздар ма?
– Қайырымдылық кештерден қалмаймыз. Уақыт болса деп емес, қандай қарбалас шаруа болса да, уақыт тауып барамыз.
– Әнді кім таңдайды? Өздеріңіз бе, әлде…
– Әнімізді продюсеріміз таңдап, өзіне ұнағанын бізге жібереді. Оның ұсынғандары көңілімізден шығады. Сөзді үнемі Ринат Заитов пен Бағдаулет Арыстан деген ағаларымыз жазып береді. Ал ән жағынан әртүрлі композиторлармен жұмыс істейміз.
– Бос уақытта немен айналысасыздар?
– Біз бос уақытымыздың барлығын дайындық кестесімен толтырып тастағанбыз. Вокал, би, актерлік шеберлік сабақтарын аламыз.
– Қандай армандарыңыз бар?
– Арманымыз кө-ө-п. Джах Халибпен дуэт айтсақ дейміз… Сахнада тек ән салатын БН тобы деп емес, өмірдегі адамгершілігімізді, қарапайымдылығымызды, еңбекқор болмысымызды, жанашырлық танытып жүретін ақкөңіл қыз-жігіттер деп қабылдаса екен дейміз.
– Қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоспарларымыз дәл біз ойлағандай орындалып жатыр. Әу бастан аудиториямыз мектеп оқушылары мен студенттер болады деп жоспарланған. Біз өз тыңдармандарымызбен өсеміз. Тақырыптарымыз «мектеп – студент – өмір – махаббат», т.б. тізіммен жалғаса береді. Жақында мектеп бітіру кештеріне шақыртуларды көптеп алып жатырмыз. Тюрквижнға қатысу ойда бар. 19-ы Ақтауда, 20-ы Ақтөбеде жеке концерт береміз, 25-і Шымкентке барамыз.
– Алда BN тобынан не күтеміз?
– Бұйырса біздің топтан кино күтіңіздір. Басты рөлде – үшеуміз. Қыркүйек айында сьемка басталса, 2018 жылы көктемде шығып қалар. 16-ы күні «Бір сен» деген әнге бейнебаян түсіріп бастаймыз.
Еркебұлан Молдашов, BN тобының прдюсері:
«Біреулердің алдына барып, топты ұсынып, сұғанақтанып көрген емеспін. Ондай болмайды да. Ешкіммен ісі жоқ, шығармашылығын шыңдап қана жүретін аға-әпкелерін үлгі етіп отырамын. Альбина пианиноға, Әлішер Баскетболға, Айдын таэквондоға барып жүр. Бізде қазір толықтай киноға дайындық жүріп жатыр. Сабақтан қалдырмаймын: сьемкаларды, хореография мен вокалдың барлығын оқудан тыс уақытқа қоямын. Үлгерімдері жақсы. Болашақта «өзіміз жұмыс істейміз» дейтін уақыт келеді, сол кезде жүрген жерінде абыройлы болуы керек деп ойлаймын.
– Жылы сұхбаттарыңызға рақмет! Армандарыңыз орындалсын!
Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл