М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында  көрнекті актер, режиссер, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толуына орай салтанатты кеш өтті. Бұл туралы  juldyz.kz хабарлайды.

Кешті көруге келген халықта есеп болмады.  «Халқыма ұнаған образдарым арқылы баймын» дейтін А. Әшімовтың кешіне келген  көрермендер 1-2 сағат бұрын келген көрінеді. Зал  бір демде лық толды. Қаншама адамдардың сыртқы есікте қалып кіре алмай қалғандарын көзіміз көрді.

Сонымен, кешті Азамат Сатыбалды, Зарина Кармен, Ақберген Жұмабай мен Жанель Мақажан тізгіндеді. Кеш шымылдығын «Салтанат» би ансамблі ашып, дирижері Арман Жидебай Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Асанәлі сомдаған фильмдердің композицияларын (саундректері) орындауымен жалғасты.

А.Әшімов ретро стильдегі көлікпен сахнаға шығып, Қасым Аманжоловтың

«Ей, Тәкаппар дүние, Маған ба бір қарашы,

Танимысың сен мені, Мен – қазақтың баласы» деген бір шумақ өлеңін оқыды. Сол сәтте сахнаға Кеңес Одағының халық артисі Бибігүл Төлегенова шығып, екеуі  «Еңлік-Кебек» қойылымынан үзінді келтірді.

 

 

 

Кеште ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Парламент депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын, драматург Нұрлан Оразалин,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман,  т.б. ел тізгінін ұстаған қайраткерлер, қаламгерлер мен өнер иелері қатысып, жылы лебіздерін жеткізді.

Сондай-ақ, Асанәлі Әшімовтың жас кезінде сомдаған образдарды еске түсіртті. Мәселен, Асан Мәжит, Әзімбек Байлин, Салтанат Бақаевалар «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің, Төлегеннің, Шегенің әндерін айтса,  Нүркен Өтеулов, Қуандық Қыстықбаев сияқты актерлер «Дон Жуан» қойылымынан үзінді келтірді.  Бала Асанәлі әкесіне арнап «Менің әкем ең жақсы адам» деп ән де шырқады.

Кеште өз құттықтау сөзінде Нұрлан Оразалин былай деді:

Асеке, өнеріңізді, жүріс-тұрысыңызды көріп, өнердің баламасы – халық екеніне тағы бір көзіміз жетеді. Халық – біздің тамырымыз, халық – біздің тағдырымыз, халық – біздің Тәңіріміз. Мына үш сөз сіздің бойыңыздан табылады.  Алаштың үлкен өнерін, Мәңгілік дейтін еліміздің тізгіні болған өнерді, өзіңізге қарап бағалаймыз. Өйткені, Сіз – 32-жылғы аштықта кеткен 3,5 миллион қазақтың аманаты сияқтысыз…

Сәбит Оразбаев:

Бүгінгі кеште біраз адам сөз сөйледі. Барлығына, әрине, қосыламын. Дегенмен айтылмай кеткен бір нәрсе бар. Асекең бірінші курста оқып жүргенінде-ақ қыздардың көзіне бірден ілігетін. Өзі сондай сұлу, аяғы да түзу еді. Ол мықты еркек болып шықты. 1968 жылы Мәскеуге «Дон Жуанның думаны» деген спектакльді көрсетуге баратын болдық. Ол Дон Жуанды, мен оның әкесін ойнаймын. Сондағы режиссерлер Асанәліні «Настоящий Дон Жуан, талантливый актер» деп баға берген болатын.  Ол міне 80-ге келіп отырса да, аттан түсетін түрі жоқ. Сондықтан Құдайдан зор денсаулық берсін деп тілейміз.

Кеш Асанәлі Әшімовтың өз монологімен аяқталды.

Бәрі-бәрін сағынамын. Өнердегі достарымды да сағынамын,

Қол созғандай көктегі алтын айға,

Сен байқашы, Райымбек жарқырай ма?..

… Күн де болған, аялап ай да болған,

Махаббатымды оятқан Майра болған,

Мәртебемді көтерген Мәди де арман,

Сағым болған кешегі Сағи да арман.

Қайта айналып келмейді Дүние-жалған.

Juldyz.kz

Суреттер М.Әуезов атындағы академиялық

драма  театрының ресми сайтынан алынған.

 

 

 

Пікір қосу