Продюсер Нұртас Адамбай Геннадий Головкиннің өкілдеріне боксшы туралы биографиялық фильм түсіру ұсынысын айтты, — деп хабарлайды juldyz.kz порталы.
Режиссер өзінің идеясын және аталған ұсыныс жөнінде Facebook парақшасында бөлісті.
«3 ай бұрын Головкиннің PR менеджеріне «Гена туралы фильм түсірсек жақсы болар еді» деп жазған едім. Өйткені, ол қазіргі таңда әлем бойынша ең танымал қазақстандықтардың бірі. Біздің даламыздың нағыз батыры! Бойжеткен мұндай ұсыныстардың көптеп түсіп жатқанын және менің де ұсынысымды боксшыға жеткізетінін айтты. Бірақ әзірге хабар жоқ. Олар әйтеуір Гена туралы кино түсіруге келісімдерін беретін шығар. Оның бүгінгі таңда 4 белбеулі чемпион екенін пайдаланып қалу керек. Головкин туралы киноның өзекті тақырып екенін мойындауымыз қажет», — деп жазды продюсер.
Нұртас Адамбайдың пікірінше, картина мемлекет үшін беделді жобалардың бірі болар еді.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өткен жылы министрліктің Тимур Бекмамбетовпен бірігіп, Геннадий Головкин туралы деректі фильм түсіруді жоспарлап жүргенін айтқан болатын.