Құдайберген Сұлтанбай 1947 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Ол актер, қоғам қайраткері және Қазақстанның халық әртісі.
Балалық шағы
Әкесі теміржолшы болған адам. Шешесі 11 құрсақ көтерген. Содан 4 қыз бен Құдайберген аман қалған. 1 май күні дүниеге келгенде әкесі Первомай қоямыз деген. ЗАГС-тегі жігіттер «Ақсақал, балаңыз есейгенде ұят болады» депті. Содан үлкен ағалардың айтуымен «Құдай берген бала ғой, Құдайберген болсын» депті. Өнерге келуіне әкесі қарсы болған. Тіпті сурет салдырмаған.
«Архитектуралық институтты бекер тастаттың, өнердің не керегі бар? Құрығанда үйге бір машина саз түсірер едің» дейді. «Тамашаға» рахаттанып келеді, бірақ балаларын актерлік оқуға жібермейді. Біздің буынның түсінігінде солай еді, қазір де сондай. Бұл — қазақты менталитеті. (Құдайберген Сұлтанбаевтың сұхбатынан)
Өнерге қалай келді?
«Аққасен деген жыршы, таңнан таңға талмай терме айтатын ағам болды. Соның қасында көп жүріп, құлағымда қалған. Сол домбыра, сол әуен мені өнерге алып келді. Алматы политехникалық институтының Сәулет факультетіне кандидат боп жүр едім. Шүкібаев деген завкафедра болды. Сол ізіме түсіп алды, «Воронежге, не Челябіге барсайшы» деп. Институтқа баласын тығайын деген ғой. Ол кезде конкурс қатты болатын. Бұл — 1965-67 жылдар. «Дос-Мұқасанның» шығатын кезі. Бәріміз бірге оқыдық. Қолымды сілтедім де, кетіп қалдым. Көрейінші деп театр институтына келдім. Олардың емтихан, конкурстарының бәрі қыркүйек, қазанда болатын еді ғой. «Құлап қалған» балалар тапсыратын. Ол кезде 23-темін. Бірақ, маған «кәрісің» деді. Оған 17-18 жасында бару керек екен. Әйтеуір бірдеме қылып өттік қой» (Құдайберген Сұлтанбаевтың сұхбатынан)
Еңбек жолы
1974 жылы Қазақ мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін, кейін Абай атындағы университеттің заң факультетін бітірген. Ол шығармашылық жолын 1968-1969 жылдары Арал аудандық мәдениет бөлімінде бастады. 1969-1970 жылдары «Гүлдер» ансамблі құрамында режиссердің ассистенті болды. 1974 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. Құдайберген Тәуекелұлы 1995-2000 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған Ол Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде осы саладағы көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысты. Осы кезеңде ел үшін өзекті Арал мәселесіне ерекше назар аудартып, сайлаушылардың аманатын орындады.
Отбасы
Жас кезінде Байзақов көшесінің бойындағы Мәдениет министрлігінің жатақханасында бірге тұрған. Әйелімен сонда танысқан. Жұбайының есімі — Дәкен Кәлімқызы. Мамандығы — суретші.