Қанат Айтбаев, әнші:
— Жарыңыз Светамен қалай таныстыңыз?
— Институтта оқып жүрген кезім еді. Бірде өнерге жақын бір топ жігіттерді қалада өтетін «Қыз сыны» байқауына әділ қазылыққа шақырды. Араларында мен де бармын. Сахнада — құйқылжыта ән шырқап, би билеп, қолөнер шеберліктерін көрсетіп, ақындық қырларын көрсетіп сайысып жатқан түрлі оқу орындарынан келген көркем қыздар… Солардың ішінде менің көзіме бір қыз бала жылы ұшырай берді. Ол Света болатын. Байқау қорытындысы бойынша оған екінші орын бердік. Бір қызығы, жиырма күннен кейін өткізілген осы доданың облыстық байқауын теле арнадан тамашалап отырғанбыз. Біздің екінші орынға бағалаған қызымыз Светлана бас жүлдені жеңіп алып жатыр. Әрі қуанып, әрі төменірек бағалағанымызға ыңғайсызданып қалдық (күлді). Кейін жақынырақ танысып, достасып кеттік… Достығымыз махаббатқа ұласып, отбасын құрдық.
— Әр әншінің өз бойтұмар әні болады. Сіз қай әніңізді ерекше айтар едіңіз?
— Репертуарымдағы әндерімнің қай-қайсысы да біз үшін қымбат. Орындап жүрген әндеріміздің бағасын берер біз ғана емес, тыңдармандарымыз. Тыңдарман қауым өздеріне ұнаған әндерді жандарына жақын етіп жатса –қуаныштымыз.
— Сіздің шығармашылық студияңыз бар екендігін білеміз. Сол жөнінде кеңірек білсек?
— Студиямыз “Димаш-Әли” деп аталады. 1998 жылы қазақ әндерін насихаттау, халыққа жеткізу мақсатында компакт-диск, аудиотаспалар шығарсақ деген оймен ашқанбыз. Еліміздегі бірқатар өнерпаздардың жиырмаға жуық компакт-дисктерін, Қазанғап бабамыздың күйлерінің екі жинағын, қазақтың кәсіби музыкасының негізін салушы, профессор А.Жұбановтың жүз жылдығына орай 1936-1966 жылдарды қамтитын мұрағат мәліметтерін тауып, жаңаша өң беріп, жарыққа шығардық. Берірек келе бейнеклиптер түсіру ісін жолға қойдық. Қазір осы салада еңбек етіп жүрміз. Қытайлық бауырымыз, әнші Әділ Сламханның “Ұмытпа”, әнші-сазгер Айгүл Бажанованың «Өзіңнің қолыңда…», жас әнші Мақпал Диханбаеваның “Ғашық болдық біз екеуміз» әндеріне және тағы да басқа шығармаларға бейнеклиптер түсірдік. Осы секілді бірқатар жұмыстар жүріп жатыр.
— Аға, Айгүл Бажанованың “Өзіңнің қолыңда” атты әніне түсірілген бейнеклипте қызыңыз Раушанды да байқап қалдық…
— Айгүлдің алып келген біраз әндерін тыңдап отырып « Өзіңнің қолыңда…» атты шығармасына тоқталдық. Кеңесе келе «бейнеклипте көрсетілетін оқиға әр отбасына ой салатын тағылымдық дүние болса екен» деген пікірге келдік. Айгүлдің (автордың) қалауымен басты рольге – Елтай Кемал (Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актеры) Елтайдың жары болып, ”Қазақстан-Ақтөбе” телеарнасының журналисі Жайнагүл Төлемісова таңдалды, ал олардың кішкентай қызының бейнесін қызым Раушан сомдады. Бейнеклипті көргендердің көпшілігі актерлердің ойынына жақсы баға берді.
Света Айтбаева, әнші:
— «Өнер жолы — ауыр жол» дейді ғой. Өнерді таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
— Өнер жолының ауыр екендігі рас. Ізденісті, жауапкершілікті, еңбекті талап етеді.Үнемі халықтың көз алдында жүру, тыңдарманның талғамына сай болу оңай емес. Бірақ осы жолды таңдағаныма өкінемін дей алмаймын. Өйткені маған үнемі қолдау көрсететін, рухани демеу болатын отбасым, бауырларым, ұжымым бар…
— Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз?
— Екі ұл, бір қызымыз бар. Дінмұхаммед 7-сыныпта оқиды, музыкамен айналысады, домбыра тартады, фортепианода ойнайды. Одан кейінгі қызым Раушан 6 жаста. Биыл 1-сыныпқа барды. Кішкентайымыз Әбілмансұр 1 жаста. Бізге үнемі ақыл кеңестерін беріп, тілеуімізді тілеп отырған ата-анамызбен бірге тұрамыз.
-Балаларыңыз өнер жолын таңдаса қарсы болмайсыздар ма?
— Бала қандай салаға бейім болса, сол бағытта тәрбиелеген дұрыс деп ойлаймын. Балаларымыз есейе келе өнер жолына құштарлық танытып жатса қуаныштымыз. Басқа бағытқа бейімділігін білдірсе, оған да қолдау көрсетуге даярмыз.
— Бала тәрбиесіне уақытыңыз бола ма?
— Әрине, бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлеміз, тәрбиені уақытпен шектеу деген ұғым болмауға тиіс. Қазақы тәрбиенің құдіреттілігі — оның тек сөзбен емес, іспен көрсетілетіндігінде.Бір шаңырақтың астында ата-әжесіне еркелеп, әке-шешесін тыңдап өскен бала жаман болмас деп үміттенеміз.
— Қанат ағайдың қай қасиетін ерекше бағалайсыз?
— Жақсы қасиеттері аз емес. Әйтсе де қарапайымдылығын ерекше атағым келеді.
— Сіздер барлық жерде: концертте де, тойда да бірге жүресіздер. Бұл жеке өмірлеріңізге әсер етпей ме?
— Біздің өмірлік көзқарастарымыз, аналысып жүрген істеріміз бірдей. Бір-бірімізді үнемі толықтырып жүреміз.Өзара сыйластығы бар ерлі-зайыпты адамдар бір-бірінен шаршауға тиіс емес деп ойлаймын.
— Қазақ эстрадасына қаншалықты үлес қосып жүрміз деп ойлайсыз?
— Бәріне уақыт — таразы, қанша тыңдарман болса, сонша ой-пікір болады. Өнер ортақ болғанымен, әркімнің өз жолы бар, халық өз бағасын берер. Біз тыңдармандарымызға әдемі ән сыйлаудан, сахна төріне шығудан жалықпасақ екен дейміз.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№18 желтоқсан 2008 жылғы санында)