Бауыржан

«Аяулым» әні сіздің бағыңызды ашқан ән болғаны сөзсіз. Бұл ән репертуарыңызға қалай тап болды?

1997 жылы «Азия дауысы» байқауынан кейін Төлеген Мұхамеджанов ағамызбен танысқан болатынмын. Содан Төлеген ағамызға: «Аға, осы әндеріңізді айтсам бола ма?» – деп ұсыныс білдірдім.  Сол кезде ең бірінші көрсеткен осы «Аяулым» әні еді. Ағамның өзі де: «Бұл менің сары майдай сақтап жүрген әнім еді, сол саған жарасатын сияқты», – деп осы әнді ұсынған болатын. Сөйтіп, Алланың қалауымен «Аяулым» әні менің шығармашылығымдағы ең басты әндердің біріне айналды.

Сұхбаттарыңыздан оқып қалдым, біраз шәкірттеріңіз бар екен. Осы жайында тоқтала кетсеңіз.

Мен 2008 жылдан бері ұстаз болып жүрмін. Сонда ең алғашқы студенттерім «Меломен» тобының жігіттері болды. Атап айтсам, Жігер Ауыпбаев, Ролан Хазіретов, Қайрат Мырзаханов. Осы жігіттерге кішкене дәріс бердім. Олар баста өзге мұғалімдерде оқыса да, кейін өзімде оқып, дәріс алды. Одан бөлек Сұлтан Ахметов деген шәкіртім бар. «Қазақстан дауысы» жобасының финалистер қатарынан орын алған. Биыл Астана қаласында колледжді бітіріп жатыр. Он шақты конкурсқа қатысты. Қатысқан конкурстарының тоқсан пайызын жеңіп алған жігіт. Мен шәкірттерім үшін қуанамын. Оларға әр кез тілекшімін. Шәкірттерімнің жеңісі – менің де жеңісім.

Абай атамыз «Адам баласы өз-өзіне есеп беріп отыруы керек» деп айтады ғой, ал сіз өзіңізге қалай есеп бересіз?

Мен әр концерттен соң өз-өзіме есеп беремін. «Концерт қалай өтті? Мен сахнада қалай тұрдым? Әнді қалай орындадым?» деген сауалдарға жауап іздеймін. Егер сол сауалдардан кемшіліктер байқасам, соларды түзеуге тырысамын.

Бұрынғы Бауыржан Исаев пен бүгінгі Бауыржан Исаевтың қандай айырмашылығы бар?

Айырмашылық, әрине бар. Неге десеңіздер, мен дінге бет бұрдым. Жаратушыға құлшылық жасағаннан кейін, бүкіл өмірдің мәні де өзгереді екен. Сондықтан да өзімнің өте қатты өзгергендігімді айта аламын.

Құпия болмаса, жеке өміріңізде қандай жаңалықтар болып жатыр?

Отбасыма байланысты өзгерістер әзірге жоқ. Алла берген екі періште қызым бар. Кіші қызым Әмина бала бақшаға барады. Ал үлкен қызым Дәмелі биыл мақтау қағазын алып, екінші сыныпты бітірді. Жұбайым үйде, балаларды тәрбиелеумен айналысады.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 17 (227) қыркүйек 2016 санында)

Сұхбаттасқан Гүлжан СЕРІК

Пікір қосу