Актер Азамат Сатыбалдының продюсер ретіндегі дебютті жобасы — «Бір сен үшін» фильмінің 27 сәуірде тұсауы кесіледі. Продюсер туындысы жөнінде «Бродвей» кинопорталына айтып берді, — деп хабарлайды juldyz.kz порталы.
«Әлеуметтік мәселелерді зерттей келе, статистикаға сәйкес Қазақстан отбасылық ажырасу жағынан әлемдік рейтингте 17 орында тұрғанын білдім. Ажырасудың басты себептерінің бірі балалардың жоқтығы болып шықты. Көптеген жанұялар денсаулықтарына байланысты балалы бола алмай жатады. Соның салдарынан үміт пен сенім, махаббат пен төзім жоғалып, асығыс қадамға барады. Осы мәселе фильмнің негізгі арқауына айналды. «Бір сен үшін» — менің алғашқы продюсерлік жобам», — дейді Азамат Сатыбалды.
Дегенмен, актер продюсерлік етіп қана қоймай, кинода басты кейіпкер Асқарды сомдап шықты.
«Менің кейіпкерім – табысты кәсіпкер және отбасының тірегі. Бірақ, отбасы бақытын толық сезінуге ұрпағының жоқтығы кдергі келтіреді. Тағдырдың сынағы мен қиындықтарға қарамастан, отбасын сақтап қалу үшін бар күшін жұмсайды. Бастысы сенім мен үміт екенін түсінеді. Яғни, оның оқиғасы махаббат, сенім мен үмітке құрылады»,-дейді ол.
Айта кетейік, картинада өзге де негізгі кейіпкерлердің рөлдерін театр және кино актерлері Зарина Кәрмен, Еркебұлан Дайыров, Оразхан Кенебаев, Айжан Байзақова және т.б. ойнайды.