– Көпшілік сізді «Қорқыт-қобыз» әнімен таниды. Бұл ән репертуарыңызға қалай енген?

– Рас айтасыз, «Қорқыт-қобыз» – менің жұлдызды әнім. Әнші үшін жұлдызды ән табу қиын. Бұл жағынан мен өзімді жолы болған әншілердің қатарына қосамын. 1999 жылы Қызылордада «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына арналған халықаралық деңгейде үлкен конференция өтті. Ғалымдар, тарихшылар бас қосты. Сол жиналыста мен Бекболат Тілеуханның қасында отырдым. Сол кезде ішімнен: «О, Алла, маған да осы кісінікі секілді бақ бере гөр! Бекболат аға секілді өнер жұлдызы болсам екен!» – деп тілеу тіледім. 1999 жыл Қорқыт ата жылы болып жарияланды. Жергілікті композиторлар тарихи тұлға туралы ән жазуды жоспарлап жүр екен. Мен ол кезде облыстық халық шығармашылығы орталығында жұмыс істейтінмін. Бір күні мені Рамазан Тайманов шақырып алды да, өзі фортепианода ойнап, әнді тыңдатты. Мәтіні жоқ. Әннің қайырмасына келген кезде Рамазан аға: «Гүлнұр, осы тұста қобыздың даусын қосып жіберсек қалай болады? Әлде сен қобыздың зарлы үнін сала аласың ба?» – деді. Мен қобыздың үніне салып, көмекеймен дауыс шығара бастадым. Барлығына бірден ұнады. Сол сәтте-ақ Оңталап Нұрмаханов ағамыз сөзін жазып тастады. Сол кезде «Жас қанат» ән фестиваліне қатысуға ниеттеніп жүрген едім. Байқауға осы әнмен қатысуды жөн санап, сол кездегі продюсерім Сәрсен апай екеуміз Алматыға келдік. Осындағы Болат Жүргенов деген жерлес музыкантқа өңдеттік. «Қорқыт-қобыз» әні осылай жарыққа шықты. Өз басым әнді әбден пісіріп, жетілдіріп барып халыққа ұсынамын. Қазір бүгін жазып, ертең халықтың алдына айтып шығатын әндер көбейіп кетті. Бірақ, олардың өмірінің ұзақ болмайтыны белгілі.

3

– Республикалық «Жас қанат» фестиваліне қалай қатыстыңыз?

– Алғаш 1999 жылы барып едім, шыны керек, ол кезде кәсібилігім жетіспеді де, қазылар алқасы «келесі жылы келіңіз» деп, менімен жылы қоштасты. Сол дұрыс болған сияқты, себебі, 2000 жылы «Қорқыт-қобызбен» қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Бұл байқауға жан-жақтан бірінен бірі өткен мықтылар келді: Бейбіт Қорған, Айша Байбосынова, Нұргүл Нұғманова… Бойымды қорқыныш сезімі де биледі. Жеребе бойынша мен ең соңында айтуым керек болды. Бірінші күні шымкенттік композитор Қалжан Анарұлының «Оралған сезім» әнімен үшінші орында тұрдым. Екінші күні мені продюсерім Республика сарайының жоғарғы қабаттарының біріндегі бір бөлмеге қамап қойды. Басқа тақырыпта әңгіме айтып, шай ішіп отырдық. Менің алдымдағы орындаушы әнін аяқтап қалғанда, сахнаға қарай жылжыдым. Осылайша, ешкімнің әнін тыңдамадым. Киген киімім де ерекше болды. Кеуде жағында күмістен жасалған қобыздың мүсіні бар болатын. Ауыр көйлек. Оны кигенде өз-өзіңнен салмақты болып шыға келесің. Сенім пайда болады. Бір Аллаға, Қорқыт бабамыздың әруағына сыйынып сахнаға шықтым. Көрермен өте керемет қабылдады. Әнді аяқтағаным сол еді, жұртшылық түгелдей орнынан тұрып кетті. Бәлкім, сол кезде халыққа дәл осындай ән керек болған шығар. Түкке түсінбей мен тұрмын. Толқығаным соншалық, ешкімді көрмеймін, ештеңе естімеймін. Қазылардың ең жоғарғы бағасы 20 болатын. Маған барлығы 20 ұпайдан қойды. Сөйтіп, бірден бірінші орынға көтеріліп кеттім де, лезде жұлдыз болып шыға келдім. Сахнадан түспей жатып, журналистер сұхбат алып, тыңдармандар қолтаңба сұрап дегендей… Жалпы, шырт ұйқыдан оянғандай болдым. Ол кезде бұл байқауға қатысушылар керемет насихатталатын. Телеарналар мен газет-журналдардың бетінен үміткерлердің суреті түспейтін. Қазір әншілерді іріктеп алатын осындай байқаулар жоқтың қасы. «Жас қанаттың» да құны төмендеп барады. Мұның себебі, бұл байқауды Алматыдан Астанаға ауыс­тырып жібергендіктен деп түсінемін. Қайнаған өнердің қақ ортасында жүргенде оның көлеңке тұстарын көп байқай бермейді екенбіз. Ал, қазір үйде отырып, әріптестерімнің еңбегіне қарапайым көрермен көзқарасымен қараймын. Әрине, біреуге баға беруден аулақпын. Дегенмен, көріп отырып қарным ашатыны рас. Қайталаушылық көп. Еліктеушілік басым. Әркімнің өзіндік «мені» болуы керек қой…

…«Жас қанаттан» кейін екі айдан соң «Азия дауысына» қатыстым. Бұл байқауда Б.Оралұлының «Домбыра туралы толғау», С.Жолбарыстың «Сағыныш» әндерін және үшінші күні «Қорқыт-қобызды» айттым. Тағы да «Қорқыт-қобыз» бірінші орын алды. Осы фестивальде «Ең үздік ән» және «Ең үздік композитор» деген номинацияларды жеңіп алдық. 2001 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен халықаралық «Дискавери» фестивалінде тағы да «Қорқыт-қобыз» әнін орындап, 3-орынды иелендім.

foto-004

– Жолдасыңызбен қалай танысып едіңіз?

– Бізді таныстырған – өнер. Ең алдымен ол кісі менің өнерімді бағалады, сыйлады, жақсы көрді. Сол өнерімнің арқасында маған ғашық болды деп ойлаймын. Әйтпесе, небір ақылына көркі сай қыздар көп қой. Солардың арасынан ол кісінің өзіне жар болуға, балаларына ана болуға лайық деп мені танығаны – үлкен бақыт. Құдайға шүкір, екі баламыз бар. Үлкен ұлымыз Сырым 8 жаста. Екінші сыныпта оқиды. Үздік оқушы. Екінші ұлымыз жақында 1 жасқа толды. Секеңмен бас қосқанымды көп адам әлі білмейді. Секеңнің бірінші некесінен туған балалары бүгінде ержеткен. Қазір немерелері бар. Олар біздің ара-қатынасымызға түсіністікпен қарайды. Секең екеуміз қол ұстасып халықтың алдына әлі шыға қойған жоқпыз. Оған біршама уақыт керек. Барлығының өз ретімен болғаны дұрыс қой. Халық Секеңе ел басқарған азамат ретінде қараса, маған әнші деп қарайды. Секеңнің қызмет бабына байланыс­ты Астанадан Талдықорғанға көшіп келгенбіз. Жалпы, аптасына 4-5 күн Талдықорғанда болсақ, 3-4 күн Алматыда жүреміз.

– Серікбай Өрікбайұлының атын тура атамайсыз-ау деймін?

– Иә. «Секе» деймін.

– Жас айырмашылықтарыңыз қанша?

– 21 жас. Шынымды айтсам, мен өз қатарластарыммен дұрыс тіл табыса алмаймын. Себебі, олардың түсінігі бөлек. Ал, Секеңнің өмірден алғысы келетіні де басқа, алға қадам басқан қарқыны да өзгеше. Мен де сол кісінің екпінімен өмір сүремін. Құрдастарыма мұндай деңгейге жету үшін біршама уақыт керек. Осы себептерге байланысты араласпай қалған дос­тарым бар.

79f367c6120a912e6f497d8762d43629

– Сіз шынайы махаббаттың бар екеніне сенесіз бе?

– Әрине. Махаббатсыз өмір сүрудің өзі мәнсіз. Мектепте белсенді оқушылардың бірі болдым. Мақтанғаным емес, бірге оқитын 20 ұлдың барлығы маған сезімдерін білдіріп, хат жазған. Жоғарғы оқу орнында оқып жүрген кезімде де сөз салғандар көп болды. Олардың барлығын мен өнеріме ғашық болғандар деп есептедім. Ал, менің шынайы нақ сүйгенім де, алғашқы да соңғы махаббатым – Секең. Алғаш кездескен күннен бастап-ақ мен бар өмірімді де, өнерімді де Секеңе арнағанмын. Репертуарымдағы махаббат тақырыбында жазылған әндерімнің бас­ты кейіпкері де – Секең.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№1 (67) Қаңтар 2010 жылғы
 санында)

Сұхбаттасқан Анар ӘЛДИБЕКОВА

 

2 пікір

  1. Алла өздеріңізге жар болсын. Сіздің өнеріңізге жалғыз Секең емес барша қазақ ғашық десем артық болмас. Біз демейін бірақ өз басым мен сізді естіп тындағасын сізді танимын. Алла қаласа сіздерден өзіңіз ге ұқсайтын қызды көремін деп сенем. Өнеріңіз теңіздей болсын.

  2. Гулнұр сіздің аНдеріңізді ерекше ұнатып тыңдаймыз отбасымызбен! ОТБАСЫҢЫЗҒА БАҚЫТ ПЕН КУАНЫШ, ӨНЕРІҢІЗГЕ ТАБЫС ТІЛЕЙМІН! ЖАУҺАР ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ.

Пікір қосу