Тұңғышбай Жаманқұлов 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Жаңасаз ауылында дүниеге келді. Ол кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, театр режиссері.
Балалық шағы
«Үйде 11 баланың тұңғышы болдым. 4-сыныпта оқып жүргенде үнді киноларындағы әндерді айтатынмын. Сол кезде әртіс боламын деп ойламадым. Бірақ, сахнаға шыққым келетін. Көпшіліктің алдында жүргім келді. Содан Алматыдағы ауыл шаруашылық университетіне келдім. «Өнеркәсіпті жоспарлау» деген ең күшті мамандыққа оқуға тапсырдым. Алайда, конкурстан өтпей қалдым. Ауылға қайта келдім. Келесі жылы су шаруашылығы институтына түстім. Сол оқу орнында 3-курста оқып жүргенде Асқар Тоқпановпен жолықтым. Өзіне шәкірт іздеп жүр екен. Маған әдебиеттен сабақ берген Ерімбет Қонақбаев деген мұғалімімді Асқар Тоқпанов таниды екен. Сол мұғалімім Асқар Тоқпановқа мені ертіп келді. Ол мені көрді де: «Сен бала маған кел, адам қыламын» деді. Сөйтіп, келесі жылы оқуды тастап, актерлік факультетке тапсырдым» (Өзінің сыр-сұхбатынан)
Еңбек жолы
Тұңғышбай Жаманқұлов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. Ол драмалық театр актері, өнертану кандитаты. Актер 1970 жылдан бері – М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болып қызмет еткен. 1993 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік кеңестің төрағасы қызметіне тағайындалған. Сол жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры қызметін атқарушы болған. 2001 жылдан бері — М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері әрі режиссері.
Ойнаған рөлдері
Тұңғышбай Жаманқұлов «Қазақфильм», «Ленфильм», «Өзбекфильм» киностудияларының шамамен 30 фильмінде түскен. Олардың ішінде: «Отқа оранған Орал», «Қан мен тер», «Жаушы», «Ақырғы аманат», «Тарғыл қауын», «Қаралы сұлу», «Отырардың күйреуі», «Жас Абай». Оның қоюшы режиссерлік қызметіндегі елеулі орынға ие жұмыстарына К. Гоццидің «Турандот ханшайым», М. Ғапаровтың «Тұзды шөл», Қ. Шахимарданның «Томирис» пьесалары жатады.
Жарымен қалай танысқан?
«Өнер академиясында оқып жүргенімде ағай бізге 4 жыл сабақ берді. Содан кейін театрда бір-екі жыл әріптес болдық. Студент кезімде сабақты жақсы оқыдым, академияны қызыл дипломмен бітірдім. Кез келген ұстаз үлгілі оқушыны өзіне жақын тартады ғой. Мұны мен өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Шет тілдер университетін бітіргеннен кейін бір-екі жылдай мектепте, институтта сабақ бергем. Студент кезімде ағайдың маған деген жылы көзқарасын байқайтынмын. Негізінде, ағай топтағы барлық қызға сыйластықпен қарайтын. Біз де ағайды қатты құрметтейтінбіз. Бір-бірімізге деген сезіміміз бір-ақ күнде пайда бола салған жоқ. Бірте-бірте, уақыт өте бір-бірімізді тани, араласа келе үлкен сезімдерге ие болдық. Қиындықтар да болмай қалған жоқ. Ағайға тұрмысқа шығатынымды естігенде анам бірден жетіп келді. Туыстарым өте ауыр қабылдады. Ағай анаммен және әкемнің қарындасымен оңаша, ұзақ сөйлесті. Не айтқанын білмеймін, әйтеуір, ағай тілдерін тапты. Академияны бітіргеннен кейін 2 жылдан соң отбасын құрдық. Жалпы, Тұңғышбайдай азаматқа жар болуым таңдаудан ғана емес, тағдырдан деп білемін. Әйтеуір, мұны сөзбен жеткізіп айта алмаймын…» (жары Дария Жүсіптің сұхбатынан)
Отбасы
Жұбайы Жүсіп Дария Әбдумәлікқызы — театр және кино әртісі, балет, музыка және вокалмен айналысады. Ұлдары: Жаманқұлов Рүстем , Жаманқұлов Дастан , Қадыр Ақсұлтан , Қадыр Ақсұңқар; қыздары: Жаманқұлова Ләйлім , Қадыр Аққу.
Жетістіктері
Актер 1980 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы лауреаты, 1982 жылы ҚазКСР еңбек сіңірген артисі атағын иеленген. Ол 1992 жылы ҚР халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2008 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, 2011 жылы «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, 2015 жылы “Достық” орденінің иегері және «Алтын адам» сыйлығының лауреаты атанады. 2007 жылғы «Жыл адамы» мен ҚР халық әртісі атағына ие. Тұңғышбай Жаманқұлов «Наз» көркем-публицистикалық кітабы (2001), екі томдық «Сөз» атты ғылыми-зерттеу мақалалары мен естеліктер жинағының (2008) авторы.